Алматы. 13 маусым. 7kun.kz - Ұлттық Банк халықтың бағалы қағаздарды сату және сатып алуы үшін мобильді қосымша әзірледі. Пилоттық жобада Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын пайдалану қарастырылды. Бұл туралы ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандықтар бағалы қағаздарды «блокчейн» базасында сата немесе сатып ала алады.
Бұл жоба ұлттық банктің ноттарын мобильді телефоннан онлайн режимде сатып алуға және сатуға мүмкіндік береді. Ол процес брокерлер мен дилерлер арқылы делдалдардың көмегінсіз жүзеге асады.
«Ешқандай салық пен комиссия қажет емес. Абсолютті өтімділік және иелену мерзімдері бойынша ешқандай шектеу жоқ. Бір ноттың номиналдық құны 100 теңге мөлшерінде айқындалады. Бұл жинақ ақшаның өзін инвестициялауға жағдай жасайды. Қазіргі уақытта аталған жүйе ішкі тестілеуден өтіп жатыр. Жоспар бойынша, өнім 2017 жылдың екінші жартысында іске қосылады», - деп жазылған хабарламада.
Болашақта бұл шешім өзге бағалы қағаздарды орналастыру үшін қолданылады. Мысалы, халық арасында IPO шеңберінде пайдаланылуы мүмкін.
Ұлттық банктің мәліметінше, «Блокчейн» технологиясы жасалатын мәмілелерді есепке алу және операциялар бойынша ақпараттың сақталуын, өзгермеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Бұл жүйені іске асыру кезінде Қазақстан Ұлттық Банкі абсолютті түрде жаңа екі функцияны жүзеге асырады: қысқа мерзімді ноттарды тікелей халыққа сатады және электрондық ақшаны шығарады.