Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның жұмысынан заңбұзушылықтар анықтады
Астана. 2 ақпан. 7kun.kz - Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның темір жол, Құрық порты бойынша паром кешені және «Қорғас – Шығыс қақпа» арнаулы экономикалық аумағындағы құрылыс жұмыстары барысында заң бұзушылықтарды анықтады.
«Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген республикалық бюджет қаражатының, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасының іске асырылуына пайдаланылған мемлекет активтерінің пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізілді. Жалпы 2014 жылмен 2016 жылдың 30 желтоқсан арасында Алматы – Шу мен Боржақты – Ерсай темір жол құрылысына, сондай-ақ, Құрық порты бойынша паром кешені мен «Қорғас – Шығыс қақпа» арнаулы экономикалық аумағындағы құрылыс жұмыстарына бөлінген 93 млрд теңгеден астам қаражат тексерілді», - деді есеп комитетінің өкілі Айгүл Мұхаметкәрім.
Оның айтуынша, анықталған қаржылық заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құраған. Алты жүйелік кемшіліктер мен көлемі 86,1 млрд теңгені құрайтын процедуралық қателіктер анықталған.
«Боржақты – Ерсай темір жолы мен Алматы – Шу аумағындағы екінші жолдардың құрылысы жобалық және сметалық құжаттамаларсыз, сондай-ақ құзырлы органды құрылыс-жөндеу жұмыстары басталғаны туралы ескертусіз басталып кеткен. 2015-2016 жылдары құрылы жұмыстары жауапты маманның техникалық бақылауынсыз жүргізілген. Боржақты – Ерсай темір жол құрылысында жарамдылық туралы сертификаттың мерзімі өткен материалдар пайдаланылған», - дейді есеп комитетінің өкілі.
Сондай-ақ, Құрық паромды кешенін салуда жұмыстың үштен екісі еңбекақысы орта шамадан 4 млрд теңгеге көп мердігер ұйымдарға берілген.
Ал «Қорғас – Шығыс қақпа» арнаулы экономикалық аймағын салу барысында тапсырыс берушілер жұмыс түрін бірнеше рет ауыстырған және олардың кейбірін төлем жасағаннан кейін жойған. Оның айтуынша, 2015-2016 жылдары тапсырыс беруші бұған дейін төленген жұмыс көлемін 1 млрд теңгеге дейін азайтқан.