Познавательный
Еуро-4 стандартына сәйкес келмейтін ЕАЭО-дан әкелінетін көліктер тіркеуге тұрғызылмайды
2015 жылдың 26 мамырынан бастап Қазақстанда "Еуро-4" стандартына сәйкес келмейтін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін автокөліктер есепке тұрғызылмайтын болады делінген Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығында.
Министрлік сайтында "Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойымен қозғалуға арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілетін өлшемдерін бекіту туралы" бұйрықты түсіндіретін материал жарияланған.
"Басқа параметрлермен қоса бұйрыққа автокөлік құралдарының шығарындылар нормативінің төртінші экологиялық сыныпқа сәйкестігі, сондай-ақ қауіпсіздіктің қосымша жүйелерінің, атап айтқанда жүргізушілердің қауіпсіздік жастықтарының, балалар отырғыштарының бекітілу құрылғыларының, күндізгі қозғалыстағы жарықтың және тежегіштердің антиблокировкалық жүйесінің болуы жөніндегі талаптар енгізілген", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері автомобильдердің жоғарыдағы талаптарға сәйкестігін автокөлік құралдары бастапқы тіркеуден өткен кезде тексеретін болады.
Аталмыш талаптар Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің аясында әрекет етеді. Алайда ол талаптар тек үшінші елдерден әкелінетін автокөлік құралдарына ғана қатысы бар болатын. Бұл бұйрық енгізілуіне байланысты олар Қазақстан аумағына Кеден одағына мүше-елдерден әкелінетін автокөлік құралдарына да тікелей қатысты болды.