НЬЮ-ЙОРК – Еуро жаңа дағдарыстың алдында тұрған тәрізді. Еуроаймақтың үшінші ірі экономикасы – Италия, жұмсартып айтсақ, Еуроскептик үкіметті таңдады. Бұл ешкімді таңқалдыра қоймас. Италияның реакциясы – валюталық реттеудегі олқылықтың көптен күткен (болжанған) салдары. Мұнда басты күш – Германия қажет реформаларға тұсау салып, бұрыннан бар проблемаларды одан сайын ушықтыратын саясат қолданып, отқа май құйып келе жатқан сияқты.
Еуро енгізілгелі Италияның жағдайы оңалмады. Оның 2016 жылғы шынайы ЖІӨ-сі (инфляцияны ескергендегі) 2001 жылғымен бірдей болды. Дегенмен, бүкіл еуроаймақтың жағдайы мәз болған жоқ. 2008 жылдан 2016 жылғы дейін ЖІӨ тек 3 пайызға өсті. Еуро айналымға енгізілген 2000 жылы АҚШ экономикасы еуроаймақтікінен тек 13 пайызға үлкен болса, 2016 жылы ол 26 пайызға ұлғайып кетті. 2017 жылы шамамен 2.4 пайызға өскен (бұл он жыл бойғы дімкәстіктің салдарын жоюға жекіліксіз) еуроаймақ қайта кібіртіктей бастады.
Егер бір елдің жағдайы нашар болса, ол басқаларды кінәлайды, ал бәрінікі нашар болса, онда жүйені кінәлайды. “Еуро: ортақ валюта Еуропаның болашағына қалай қатер төндіреді?” деген кітабымда айтқанымдай, еуро – құрдымға кететін жүйе. Ол басты реттеу механизмдерін (пайыздық мөлшерлеме мен айырбас бағамын) үкіметтердің қолынан алып қойды. Және елдердегі түрлі проблемаларды шешетін жаңа институттарды құрудың орнына олар дефицит, қарыз және тіпті құрылымдық саясат сияқты өзін-өзі ақтамаған экономикалық және саяси теорияларға негізделген жаңа құрылымдар енгізді.
Еуро барлық елді ортақ дамуға бастап, өзара ынтымақтастық пен Еуропалық интеграция мақсатына жетелеуі тиіс болған. Іс жүзінде ол дамуды тежеп, араздықты қоздырып, кері нәтиже берді.
Мәселе алға қалай жылжу керектігі бойынша идеяның жоқтығында емес. Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте Сорбоннада сөйлеген сөзінде және мамыр айында Еуропа бірлігіне қосқан үлесі үшін Ұлы Карл сыйлығын алып тұрғанда да Еуропаның болашағын нақты суреттеп берді. Алайда, Германия канцлері Ангела Меркель инвестицияны көп қажет ететін салаларға мардымсыз ақша бөліп, оның құлшынысын су сепкендей басып тастады.
Кітабымда мен әлсіз елдердің банк жүйелері күйремеуі үшін депозиттерге кепілдік берудің ортақ жүйесін тез арада қалыптастыру керектігін айттым. Германия ортақ валюта дұрыс жұмыс істеуі үшін банк одағының маңызды екенін түсінеді, бірақ Әулие Августин сияқты оның жауабы “О, Құдай, мені кедей қылшы, бірақ кейінірек” дегенге сайды. Банк одағы болашақта жүзеге асырылуы тиіс реформалардың бірі болып қалды, ал мұның қазіргі уақытта қанша қиындық туғызып жатқаны маңызды емес.
Ортақ валюта аймағындағы басты мәселе – айырбас курсындағы айырмашылықты реттеудің жайы. Қазір осы проблеманы Италия басынан кешіп жатыр. Германия “жұмыссыздықтың жоғары деңгейінен және өсімнің төмендігінен онсыз да зардап шегіп жатқан әлсіз елдерге бар салмақты арта салайық” деп жауап берді. Тіпті өсімге қайта қол жеткізгеннің өзінде ЖІӨ бұдан ақылды стратегия қабылдағандағы деңгейге дейін өсе алмасы белгілі. Жағдайды реттеу үшін үкіметтің инвестициялық бағдарламасы арқасында сұранысты күшейтіп отырған, жалақысы жоғары елдерге көбірек салмақ салу керек.
Біз бұл спектакльдің бірінші және екінші актілерін көп рет көргенбіз. Немістермен жұмыс орындары бойынша, үнемдеу саясаты және оңтайлы құрылымдық реформа бағдарламалары бойынша келіссөз жүргіземіз деп уәде берген жаңа үкімет билікке келеді. Тіпті Германия орнынан қозғалған күннің өзінде экономика бағытын өзгерту жеткіліксіз. Германияға қарсылық күшейіп, тиісті реформаларды жүзеге асырамыз деген оңшыл, орташыл, солшыл үкімет биліктен кетіп тынады. Истеблишментке қарсы партия жеңіске жетеді. Ел тығырыққа тіреледі.
Бүкіл еуроаймақта саяси басшылар дағдарып тұр: азаматтар Еуроодақта қала беруді қалайды, бірақ үнемдеуді доғарып, гүлденуді көздейді. Оларға “мұның екеуіне бір мезетте қол жеткізу мүмкін емес” деді. Бір кездері Солтүстік Еуропадағылардың ұстанымын өзгертемін деп жүрген үкіметтер бұрынғы бағытында қала береді, ал халықтың жағдайы нашарлай түседі.
Португалия премьер-министрі Антонио Костаның социалистер басқарған үкіметі бұл стандартқа сыймайды. Коста өз елін даму жолына қайта шығарып (2017 жылы 2,7 пайыз болды), халықтың ықыласына бөленді (2018 жылғы сәуірдегі зерттеу бойынша, португалдардың 44 пайызы үкімет халық күткендегіден де жақсы жұмыс істеп жатыр деген).
Ал Италия – мүлде басқа жағынан ерекшеленіп тұрған ел. Мұнда оңшылдар мен солшылдар тарапынан еуроға деген қарсылық бірден байқалып тұр. Әсіреоңшыл “Лига” партиясымен билікке келген тәжірибелі саясаткер Маттео Салвини басқа жердегі неофиттер орындай алмай жүрген қауіпті нәрселерді жүзеге асыруы мүмкін. Мықты да креативті экономистері бар үлкен ел ретінде Италия икемді қос валюта жүйесін енгізіп, дамуға жол ашуы ықтимал. Бұл еуро ережесін бұзып, оның барлық салдарын де-юре Брюссель мен Франкфуртқа қарай ығыстырып, Еуроодақтың тоқырауына үміт еткен Итвлия оны ыдырап кетуден құтқаруы мүмкін. Нәтиже қандай болса да, еуроаймақ тесік астауды ұстап қалары анық.
Жағдайды бұған жеткізбеуге болады. Германия мен Солтүстік Еуропадағы басқа елдер гуманизм мен икемділік танытып, еуроны сақтап қала алады. Бұл спектакльдің алғашқы екі актісін қаншама рет қайталап көргендіктен, олар сюжетті өзгертеді дегенге сенбей тұрмын.