ЛОНДОН – Өткен айда Еуропа парламенті сайлауы біз күткендегіден әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті, ең басты себеп – үнсіз жүрген еуропашыл көпшілік үн қатты. Олар Еуропа одағын құруға негіз болған құндылықтарды сақтауды қалайтындарын, бірақ Еуроодақтың жұмысына түбегейлі реформа керектігін айтты. Олар алаңдайтын басты мәселе – климаттың өзгеруі.
Бұл еуропашыл партияларға, соның ішінде жасылдарға ерекше ұнайды. Конструктивті ештеңе жасай алмайды деп саналған антиеуропалық партиялар күткен нәтижеге жете алмады. Олар ықпалдырақ болуға мүмкіндік беретіндей біріккен майдан да құра алмайды.
Өзгерісті қажет ететін институттардың бірі – Spitzenkandidat жүйесі. Ол Еуроодақ басшылығын жанама түрде таңдауға мүмкіндік береді. Франклин Дехусс EU Observer басылымында шыққан керемет, бірақ пессимистік мақаласында түсіндіргеніндей, «бұл – демократиялық таңдаудан да нашар жүйе». Әр мүше мемлекеттің шынайы саяси партиялары бар, бірақ олардың транс-еуропалық комбинациялары жасанды іспен айналысады, олардың басты мақсаты – өз басшыларының жеке мүдделеріне қызмет ету.
Мұны Еурокомиссия президенті қызметін 2004 жылдан бері қолында ұстап келе жатқан Еуропа халық партиясынан (EPP) анық көруге болады. EPP-ның қазіргі басшысы, өз елінің үкіметінде ешқандай тәжірибесі жоқ саясаткер Манфред Вебер парламенттік көпшіліктің құрамында қалу үшін кез келген компромиске дайын екенін аңғартты. Ол тіпті Венгрияның автократ премьер-министрі Виктор Орбанмен де тіл табысуға әзір.
Орбан Веберге елеулі проблема туғызды, себебі ол Еуропаның нормаларын белден басып, мафия мемлекеті деп атауға келетін үкімет құрды. Еуропа халық партиясының құрамына кіретін партиялардың жартысы Орбанның Fidesz партиясын қатарынан шығарып тастағысы келген. Сол үшін күресудің орнына Вебер ЕРР-ны Fidesz-ке салыстырмалы түрде жеңіл талап қоюға, яғни Орталық Еуропа университетінің (CEU – мен құрған оқу орны) америкалық университет ретінде Венгрияда еркін жұмыс істеуіне рұқсат беруді талап етуге көндірді.
Fidesz мұны орындамады. Еуропа халық партиясы сонда да оны құрамынан шығарып тастамады, тек мүшелігін уақытша тоқтатты, бірақ Еурокомиссияның президентін таңдау кезінде ол ЕРР-ның бір бөлігі саналды. Орбан қазір Fidesz-ті ЕРР-ның адал мүшесі етіп қайта құруға тырысып жатыр. Вебер оған қарай бейімделе ме, жоқ па, оны болашақта байқау керек.
Spitzenkandidat жүйесі үкіметаралық келісімге негізделмеген, сондықтан оны өзгерту қиын емес. Еуропа комиссиясының президенті мұқият іріктелген білікті кандидаттардың арасынан тікелей таңдалғаны жақсы болар еді, бірақ бұл шартты өзгертуді қажет етеді. Еуропа кеңесінің президенті Лиссабон шарты негізінде бұрынғыдай мүше мемлекеттердің басым көпшілігінің дауысымен сайлана бергені дұрыс.
Еуропа парламент сайлауы берген демократиялық легитимділік шартқа өзгеріс енгізетін реформаларды қажет етеді. Соңғы сайлаудағы дауыс бергендер саны 2014 жылғы 42,6 пайыздан біршама көп болып, 50 пайыздан асты. Тұңғыш сайлау өткен 1979 жылдан бері алғаш рет сайлауға қатысқандар саны артып отыр. Алғашқы сайлауда сайлаушылар тізіміндегілердің 62 пайызы дауыс берген еді.
Бір қызығы, бұл жағдайда Spitzenkandidat жүйесі керемет команда қалыптастыра алады. Бұған Spitzenkandidatжүйесіне принцип негізінде қарсы болып жүрген Франция президенті Эммануэль Макрон себепкер болды. Еуропа парламенті сайлауының қарсаңында өткен жалпыұлттық сайлауда партиясы жеңіске жеткен Испания премьер-министрі Педро Санчеспен кешкі аста екі ел басшысы Еурокомиссия үшін де, Еуропа кеңесі үшін де идеал бола алатын екінші Spitzenkandidaten-ді қолдауға келісті.
Spitzenkandidat жүйесін басты қолдаушылардың бірі – Германия. Егер Вебер жеңілсе, онда Германия Бундесбанк президенті Йенс Вайдманнды Еуропа орталық банкінің президенті етуге күш салады. Оны идеал кандидат деу қиын. Ол Еуропа орталық банкінің тікелей қаржылай транзакцияларын заңсыз деп тану бойынша Германия Конституциялық сотында Еуропа орталық банкіне қарсы куәлік берген. Ал бұл саясат 2010 жылдардағы еуроаймақ дағдарысынан шығуда шешуші рөл атқарғаны белгілі. Бұл факті жалпақ жұртқа жария болады деп үміттенемін.
Еуропа орталық банкінің президенті қызметіне Вайдманнан өзге білікті кандидат болғаны дұрыс. Қазіргі жағдайда Франция жоғары қызметтердің ешқайсысын алмайды. Германия да лауазымды орындарды иеленбегені жақсы, бұл басқа елдерге көбірек мүмкіндік береді.
Еуропа одағында Spitzenkandidat жүйесінен басқа да радикал реформаны қажет ететін институттар көп. Бірақ парламент сайлауының нәтижесі бойынша берілген уәделерді қалай, қай деңгейде орындайтынымызды анықтап алмайынша, ол мәселелерді ысыра тұруға болады. Әзірге жеңдік деп масаттанып, арқаны кеңге салатын, тойлайтын уақыт келген жоқ. Еуроодақты өз әлеуетін толық жүзеге асыру үшін жақсы жұмыс істейтін ұйымға айналдыру үшін әлі көп жұмыс істеу керек.
Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org