Google+ әлеуметтік желісі жабылады
Алматы. 9 қазан. 7kun.kz - Google+ әлеуметтік желісі 2019 жылдың тамызында қатардағы пайдаланушылар үшін жабылады. Сервистің корпоративтік нұсқасы Suite бизнес-клиенттеріне арналған топтама құрамында жұмыс істеуді жалғастыра береді, делінген компанияның мәлімдемесінде.
Google-да 2011 жылы іске қосылған әлеуметтік желі қолданушылардың танымалдылығына ие бола алмағанын мойындады: сеанстардың 90%-ы бес секундтан аспайды.
Алдағы айларда Компания Google+ әлеуметтік желісінен өз деректерін қалай қайта жүктеп алуды айтып береді.
Сонымен қатар, компания Google есептік жазбалары иелерінің және Android құрылғысының жеке деректерін қорғау мәселелері туралы айтты.
Тексеріс барысында компания Google+ API-ден қатені тапты, соның салдарынан бөгде адамдар пайдаланушының профилінде мәліметтерге қол жеткізе алатын. Ақпарат пайдаланушы атын, электрондық пошта мекен жайын, жынысы, жасы, профильдердің фотосуреттерін қамтиды.Google бұл мәліметтер хат алмасуды немесе телефон нөмірлерінің тізімін қамтымайды деп сендірді.
Google компаниясы «2018 жылдың наурыз айында қатені тауып, жойдық» деп мәлімдеді.
Компанияның ақпараты бойынша, қателік әлеуметтік желінің 500 мың есептік жазбаларына әсер еткен болуы мүмкін, бірақ Google тексеру барысында әзірлеушілер дербес деректерді қолданғаны туралы мәлімет таба алмады.
Google компаниясының ресми мәлімдемесінен бұрын The Wall Street Journal басылымы компания бірнеше ай бойы беделге нұқсан келтіруден және реттеушілер тарапының аса назар аударуынан қорқып, табылған қате туралы ақпаратты ашпағанын жариялады.
Басылымның мәліметтері бойынша, бөгде әзірлеушілерде 2015 жылдан бастап 2018 жылдың наурыз айына дейін пайдаланушылардың жеке мәліметтеріне қолжетімділік болды.