Кәсіптік-техникалық білім беру саласына, яғни колледждерге айрықша маңыз берілу себебі, кәсіпорындардың сұранысына ие жұмысшы мамандықтары бойынша білікті кадрлар арнайы дайындалады. Олардың арасында құрылыс, тау-кен технологиясы, темір жол, байланыс, көлік және коммуникация мамандарын әзірлейтіндер бар. Бұл – өмір жолын жаңа бастаған жастардың белгілі бір мамандық иесі атануы үшін игілікті іс атқарылып жатқанының дәлелі. Бір құптарлығы, кәсіптік білім беру мекемелерінде білім беру ісі бизнес пен жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жүргізілуде. Осындай оқу орнының бірі – Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі. "Колледж түлектері сұранысқа ие, өйткені бүгінгі заман талабына сай маман дайындалуда", - дейді директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ерғазина.
– Колледж бұрын кәсіптік лицей болды. Қазір колледжге – 41 жыл. Мұнда 1 мыңға жуық студент біліп алуда. Елбасының тегін кәсіптік білім беру бағдарламасына сәйкес, бәрі тегін. Әсіресе, жұмысшы кадрлар дайындауға баса көңіл бөлеміз. Егемен елдің ертеңі болар жастарды біздің колледж білім нәрімен сусындатып, ел қажетіне жарайтын, бүгінгі күндегі жоғары сұранысқа ие мамандарды дайындайды. Нақты айтатын болсам, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша аспаз, кондитер, даяшы біліктіліктері мен жұмысшы кадрларын дайындасақ, орта буынды маман қызмет көрсету менеджері бойынша әзірленеді. Сондай-ақ, қонақүй шаруашылығы, маркетинг, туризм мамандықтары үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мұнымен қоса колледж іс жүргізу және мұрағаттану мамандығы бойынша оқу-әдістемелік бірлестік ретінде оқу-жоспарлау құжаттарын дайындап ұстаздарға көмек көрсетуде. Колледж инженерлік-педагогикалық ұжымының мақсаты – білімді, құзыретті, өз мамандығын жақсы меңгерген және әрқашан кәсіби дамуға дайын, жоғары білікті мамандар тәрбиелеу. Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі – талай шәкірт бойына сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі. Колледж әр жастың заманға сай білім алуына, кәсіби маман ретінде шыңдалуына, біліктілігін жетілдіруіне толық мүмкіндік береді.
– Колледжді бітірген түлектерге жұмыс табу қиын емес пе?
– 2017-2021 жылдар аралығында жұмыспен қамтуды және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде кәсіптік оқыту жүйесі іске асырыла бастады. Сондықтан техникалық және білікті кәсіби жұмысшылар даярлауға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Егер бұрын студенттер колледждерде 2 жыл 10 ай оқып, бір ғана мамандық алып шығатын болса, енді осы мерзімде үш мамандық бойынша кәсіби жұмысшы дәрежесін меңгеріп шығады. Енді еліміздің еңбек нарығы бірнеше мамандықты игере алатын кәсіби жұмысшылармен толығатын болады. Бұл кәсіби техникалық білім беру саласында модульдік оқыту бағдарламасын енгізудің арқасында мүмкін болып отыр. Елімізде кеңінен қолға алынған тегін кәсіптік-техникалық білім бағдарламасының да басты ұстанымы білімді де білікті жұмысшы мамандарын даярлау болып табылады. Қазір оқу орнын тәмамдаған жастар жұмысқа тез орналасады. Себебі сұраныс бар. Теорияда алған білімін қонақүй шаруашылығында жұмыс істеп, тәжірибемен ұштастырады. Кейбір дуалды оқыту кезінде олар жұмысқа тұрса да, сырттай білімін толықтырады. Еңбек нарығында үлкен сұраныстағы мамандарды даярлауда колледж көш басында тұр. Бұған дәлел – оқу орнын бітірген мамандарға сұраныс көп.
– Орта буын мамандығының артықшылығы неде?
- Жұмысшы мамандығын алып шыққан түлек мүмкіндігі болса, тағы 10 ай ақылы оқиды. Яғни, үш жыл оқып жұмысшы мамандығының дипломына ие болса, төртінші жыл орта буын мамандығын алып шығады.
– Колледжде білім беретін ұжымның әлеуеті қандай?
– Біздің колледжде жоғары білікті инженерлік-педагогикалық ұжым жұмыс істейді. Сондай-ақ, тәжірибесі мол, білікті оқытушылармен қатар, тың ойлы, білімді жас мамандар да бар. Оқу орны оқу зертханалары мен интерактивті құралдармен жабдықталған. Білім алушылар колледждің кітапханалық қорын, интернет желісін пайдалана алады.
– Өзіңіз білесіз, қазір кәсіптік-техникалық мамандықтарға грант көп бөлінуде. Оған жылына қанша бала ие болады?
– Былтыр оқу гранты бойынша 325 бала қабылданды. Әңгімелесу арқылы және аттестат бағасына қараймыз. Мүгедек отбасынан шыққан балаға квота тағайындалады. Бір мәрте ыстық тамақ беріледі. Одан бөлек шәкіртақы алады. Студенттердің 30 пайызы – ауылдан келгендер. Қазіргі қоғамымыздың ең ірі әлеуметтік тобы болып саналатын ел жастарына жан-жақты көмек көрсетілуі – Елбасы ұстанымдарының бірі. Еліміз тәуелсіздік алғалы жастардың мәселесі назардан тыс қалмай, оларға қосымша жаңа міндеттер артылып келеді. Елбасының қазақстандықтарға арналған жыл сайынғы Жолдауларында жастарға үлкен көңіл бөлініп отыр. Соған орай, колледж тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттерге әлеуметтік көмек көрсетеді. Сабақтан тыс уақытта жастардың өнерлі болып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін де түрлі үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді. Бүгінгі талапкер – ертеңгі білікті маман! Колледжге қадам басқаныңыз – ғылым, білімге бойлағаныңыз, шығармашылық әлем мен өнерге қадам басқаныңыз!
– Әңгімеңізге рахмет!