Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Халық Батырхан Шүкеновпен қоштасты

Халық Батырхан Шүкеновпен қоштасты

Алыстан Батырхан Шүкеновтің суреті мен мұндалап көрінеді. Отан-ананың ұлы кезекті концертіне шақырып жатқандай. Бірақ бұл жолы халық Батырын өзі іздеп келді. Шығарып салу үшін. Соңғы реті шапалақ арнауы үшін.

Жамбыл Жабаев атындағы филармонияның алдына жұрт күн шығар-шықпастан жиналды. Қолдарына гүлдерін алып, әншіге соңғы рахметтерін айту үшін келіп тұр. Адам көп. Өте көп. "А-Студионы" "Арай" арқылы танитындар, кейінгі Кэти Топурия арқылы біліп өскендер - барлығы бірге жиналған. Онжылдықтарды жалғастырған Батырхан Шүкеновты жоқтау үшін.

Филармонияның есігінен көшенің арғы бетіне дейін созылған кезек. Барлығы үнсіз әншінің жер бесігіне барып, "қош бол" деу үшін күтіп тұр. Өнер ғимаратының ішкі кең залындағы сахнаның қақ төріне Батырханның суреті ілінген. Сахнаның бір жақ бетінде әншінің отбасы мен жақындары егіледі. Көңіл айтқандардың біреуіне үнсіз бас изеп, екіншілерін ұзақ уақыт бауырларына қысып, өксиді. Өнер адамдарының барлығы да осы жерде. Аяулы достан айырылған көңілдің қайғысына бірге ортақтасып, бір-біріне жұбаныш болып тұр. Байғали Серкебаев, Владимир Миклошич әрқайсысына жеке көңіл бөледі. Салмақты қалыпта бас изейді.

Қоштасу рәсімі екі сағатқа созылғанымен келгендердің барлығы ішке кіре алмады. Ондарға таман жақындары мен достарынан басқалардан сыртқа шығу сұралды. Бұл уақытта даладағы ел тіпті де молая түскен-ді. Сахнаға жете алмағандар, ғимарат алдына қойылған биік мінберге тым болмаса гүлдерін жеткізуге тырысып жатыр. Гүлдер, гүлдер. Барлық жерде, барлығының қолында гүл. Көзі тірісінде айтылып үлгермен алғыс көздегі жас, қолдағы гүл арқылы ақтарылып жатыр.

Сағат онда қаралы шеру басталды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың орынбасары Рауан Кенжехан әкімнің көңіл айту хатын оқыды. Келесі сөз Батырхан Шүкеновпен бірге студенттік жылдарын өткізген мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына берілді.

Біз Батырханмен бірге консерваторияда оқыдық, өмірде де бірге жүрдік. Осында келген барлықтарыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Соңғы бірнеше күн бойы Қазақстан халқы Батырханның әнін айтып жүр. Бұл Батырханның сіздерге деген, сіздердің Батырханға деген ықыластарыңыз деп білемін

- деді ол.

Барынша қысқа сөйлегендердің бірі - "А-Студионың" негізгі мүшелерінің бірі Байғали Серкебаев. Бір ауыз сөзбен өзінің ғана емес алыстағы жақын достардың көңілін де білдірді.

Дәл осы ғимараттың қабырғасында "Алма-Ата" тобының шығармашылық жолы басталған еді. Бірақ бүгін осы жерде досымыз, бауырымыз Батырмен қоштасқалы отырмыз. Ол Қазақстанның алғашқы саксофонисті болды. Оның әндерін Қазақстан ғана емес шетел біледі. Біз өз елін әлемге танытқан нағыз батырды шығарып салып отырмыз. Қазір сіздермен бірге Қазақстаннан тыс жердегі достары да қайғырып отыр. Біз сені ешқашан ұмытпаймыз, Батыр.

Әншінің өнердегі, өмірдегі досы Еркеш Шәкеев

Батырмен бірге 1978 жылы  таныстым. 10 жылдан кейін де осы ғимараттың қабырғасында қайта кездестік. Біздің достығымызда қуаныш та, мұң да, түсінбеушілікте болды. Өткен аптада ғана біз Астанада бірге ән айттық. Жас та, кәрі де оны көруге ынтық болатын. Сол кезде-ақ аздап ауырып жүргеніне қарамастан барлығына бірдей көңіл бөлуге тырысты. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Батырхан, жан досым, жүрегімде әрқашан боласың. Жатқан жерің жайлы болсын.

- деді

Соңынан әншінің туған бауыры Бауыржан Шүкенов сөз алды.

Сіздер оның қандай іні болғанын  білсеңіздер ғой! Ол тамаша ұл, ең жақсы әке болатын. Нағыз үлкен әртіс дәл осылай өмірден өту керек шығар. Ол анамыздың жүрегін өмір бойы сақтап жүруге тырысты, бірақ өзінің жүрегін сақтай алмады.  Ол барлығымызды жақсы көрді, ешқашан жақсы мен жаманға бөлмейтін. Барлығын түсінуге тырысты. Осы ауыр күндері жанымызды болған барлық жандарға үлкен алғыс айтамын. Ол тыңдармандарын жақсы көрді. Сахнаға кең құшағын ашып, күлімдеп шығатын. Сол күлкісі біздің есімізде мәңгілікке қалсын.

- деп аяқтады ол дауысындағы дірілін тежеп.

Осы сөздерден кейін Батырханның шын мәнінде ақтық сапарға кеткендігі сезілгендей болды.

Автобус Кеңсайға беттеді. Филармония алдында "Отан-ана" шырқалып тұрды. Шапалақ та ұзақ уақыт аяқталған жоқ.

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

15

16

17

18

19

Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"

Похожие материалы