ХАССП стандартына сай емес қазақстандық тауарлар Кедендік одақ нарығына кіргізілмейді
Қазақстандық азық-түлік өндірушілерге азық өнімдерінің қауіпсіздік менеджменті болып табылатын ХАССП стандартын белсенді түрде енгізуді ұсынылды. Себебі ХАССП стандартына сай емес қазақстандық тауарлар Кедендік одақ немесе басқа да шетел нарығына кіргізілмейді. Қазіргі уақытта аталған стандартты қазақстандық азық-түлік өндірушілердің 5%-ы ғана енгізген. Бұл туралы «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі: бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлгі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Әлиакпар Мәтішев мәлімдеді.
"Қазіргі кезде біздің нарықта айтарлықтай жетіспеушіліктер бар. Қазақстандық азық-түліктің 30%-ы техникалық регламентке сай келмейді. Сондықтан біз азық-түлік өндірісінде бизнеспен айналысып жүргендерге "ХАССП-ны енгізіңдер" дегіміз келеді. Бұл стандартсыз қазақстандық өнімдер шетелге шыға алмайды. Сол үшінде бизнес саласындағылар тұтынушы үшін күресіп, қауіпсіз азық-түлік ұсыну арқылы бәсекеге қабілетті болу керек", - деді Әлиакпар Мәтішев.
Спикердің сөзінше, алдағы уақытта Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтында ХАССП стандартын енгізген компаниялар туралы ақпарат тақтасы болады. Бұл арқылы тұтынушылар компания ұсынған тауарлардың қауіпсіз екеніне көз жеткізе алады.
ХАССП (Hazard Analysis and Critical Control Points - қауіпті факторларды талдау және бақылаудың сындарлы нүктелерінің жүйесі) - Кедендік одақтың 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентті талап ететін жүйесі. Бұл стандарт бойынша өнімнің сапасы емес, оның қауіпсіздігі бірінші орынға қойылады.