Познавательный
Honda нәсілдік кемсітушілік үшін 25 миллион доллар төлейді
Honda компаниясы АҚШ тұтынушыларын нәсілі бойынша кемсіткені үшін рекордты көлемде айыппұл төлейді. Американың қаржы министрлігі анықтағандай, концерннің қаржылық бөлімшесі Honda көліктеріне қойылған несие мөлшерлемесін клиенттің шығу тегіне байланысты белгілеген деп жазады The Wall Street Journal.
Тергеу деректеріне сүйенсек, автомобильді несиеге сатып алатын кезде Honda-ның қара нәсілді тұтынушылары ақ нәсілділерге қарағанда 250 доллар артық төлеп отырған. Латын америкалықтарға несие 200 доллар, азиялықтарға 150 доллар қымбат тұрған. Тіпті мұндай тәжірибе компанияда 2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан.
Нәтижесінде өндіруші 25 млн доллар көлемінде өтемақы төлейді. Қаржының негізгі бөлігі (24 млн) зардап шеккен тұтынушыларға беріліп, тағы 1 млн доллар несие мөлшерлемесін түсіндіретін ақпараттық кампанияны өткізу үшін жұмсалады.
АҚШ-тың қаржы министрлігі бұл автонесиелендіру саласында болған жалғыз оқиға емес екенін атап өтті. Билік Honda-ның жағдайы өзгелер үшін де үлгі болады деген сенімде.