2022 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде пәтер иелерінің кооперативтері таратылып, көп пәтерлі үйлердің тұрғындары мен мүлік иелері өзін-өзі басқаруға көшеді. Дау-дамай жиі туындайтын, шуы мен шағымы көп кооперативтердің орнына Мүлік иелерінің бірлестіктері немесе Жай серіктестіктер құрылады. Бұл қаражатты ашық жұмсауға және сапалы қызмет көрсетуді талап етуге мүмкіндік береді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесі бюджеттің қаржыландыруынсыз жеке бастама бойынша жүзеге асады, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Е-Шаңырақ» жобасы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым мониторингі мен басқару процесін ақпараттық қолдауды қамтамасыз етуге, оның ішінде тұрғын үй қоры және ТКШ субъектілері қызметінің жеделдігін, тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, басқару органдарының, табиғи монополиялар субъектілерінің атқарушылық, Еңбек және қаржы тәртібін арттыруға, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттық өзара іс-қимылға қатысушылар арасындағы коммуникацияны жақсартуға бағытталған.
ҚР ИИД министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Е-Шаңырақ» жүйесі бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен, Ұлттық экономика министрлігінен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінен оң қорытындылар алынды. Сонымен қатар, жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беру 2022 жылғы 24 маусымда жүргізілді.
Қазіргі уақытта жергілікті атқару органдарымен бірлесіп «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесінде көп пәтерлі тұрғын үйлердің төлқұжаттарын толтыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жүйеге енгізілген төлқұжат саны 8 тамыздағы жағдай бойынша 2996 бірлік, - деп мәлімдеді ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
«Е-Шаңырақ» платформасы - саланың бытыраңқы ақпараттық жүйелерін біріктіретін және мемлекеттік органдар үшін өте тиімді талдамалық ахуалдық орталық болатын тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтың цифрлық жүйесі. Яғни, мүлік иелері тұрғын үйлердің жай-күйін өздері бақылап, сервистік компанияларды жалдап, мемлекеттік органдарға жүгініп, үйді ұстауға қажетті басқа да процестерді басқара алады. Осындай жұмыстарды барынша жеңілдету үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ базасында мобильдік қосымшасы бар интернет-портал түрінде «Е–Шаңырақ» цифрлық платформасы ұсынылады. Қарапайым тілмен айтқанда, портал бәріне таныс eGov электрондық үкіметінің сервисіне ұқсас. Бірақ тек тұрғын үй-коммуналдық қатынастар саласына бағытталады.
Бүгінгі таңда жобаның бірінші кезеңінде ақпараттық жүйе көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны, олардың техникалық жай-күйі, үйлерді басқару органдарынан алынатын есепке алу аспаптары бойынша талдамалық деректерді қалыптастыруға, сондай-ақ, табиғи монополия субъектілерімен және үйді басқарудың нарықтық IT-қосымшаларымен (е-ПИК, BI clients және т.б.) интеграция жасауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте жүйені одан әрі дамыту көзделген. Соның шеңберінде рейтингтер жасап, басқарушылар мен қызмет көрсететін компаниялардың тізімі де қалыптастырылады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша бюджеттік қаржыландырусыз іске асырылады.
«ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Ербол Төлеуовтің айтуынша, «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесі – республиканың барлық тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын цифрландыруға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Жүйеде жинақталған деректер саланың ашықтығын арттырып, бәсекелестік нарықты қалыптастырады. Жоба мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі бойынша бюджеттік қаржыландырусыз іске асырылады екен.
Сонымен қатар, ашық деректерде Қазақстанда 78 мың көппәтерлі тұрғын үй бар екені айтылады. Алайда жүйе іске қосылғанда бар болғаны үш мыңдай ғана тұрғын үй тіркелген. Бұл жағдай тұрғын үй реформасын табысты іске асыру бойынша алаңдаушылығын тудырады. Бүгінгі таңда өңірлерде ТКШ цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыратын 15-тен астам жеке әзірлеушілер бар. Оларды табысты іске асыруға бірқатар проблемалық мәселелер кедергі келтіруде, оларды тиісті мемлекеттік органдардың қатысуынсыз шешу мүмкін емес.
Бизнестің басты мәселесі – мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның болмауы. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 172 бұйрығымен электрондық нысанда ақпаратты қалыптастыру, өңдеу, сондай-ақ, орталықтандырылған жинау және сақтау, оның ішінде тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру объектілерінің жұмыс істеуі қағидалары бекітілген еді.
Көрсетілген қағидаларға сәйкес «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ ("ТКШ ҚазОрталығы"АҚ) ТКШ саласында ақпаратты жинауды қамтамасыз етеді және оны одан әрі өңдеу мен талдау үшін Е-Шаңырақ ақпараттық жүйесінде сақтауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ТКШ ақпараттандыру объектілеріне техникалық және функционалдық сипаттамаларды белгілейді.
Ақпараттық жүйе туралы ақпарат шыққанда тұрғын үйлерге қызмет көрсететін бизнес өкілдеріне қолайсыз, олардың дамуын шектейді деген пікірлер жиі айтылды. Сол себепті бәсекелестікті қорғау әгенттігінің мақұлдауы мен қорытындысы қажет болды. "ТКШ ҚазОрталығы"АҚ басшысы Ербол Төлеуов ол мәселелер шешімін тапты дейді.
«Е-Шаңырақ» қазіргі уақытта бизнес үшін көбірек мүмкіндіктер жасайды. Мысалы, қазір Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету саласында кәсіпкерлерге тиесілі 15-тен астам мобильдік қосымша жұмыс істейді. Бірақ, олардың мүмкіндіктері шектеулі. Өйткені жеке компаниялар ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес мемлекеттік органдардың деректер базасынан ақпаратқа тікелей қол жеткізе алмайды. Ал «Е-Шаңырақ» мемлекет құзіретінде болғандықтан және тұрғын үй коммуналдық сала бойынша барлық деректер бір порталда жиналатындықтан, бизнес платформаға қосылған кезде қажетті мүмкіндіктерге ие болады», - дейді Ербол Уәлиұлы.
Қазіргі уақытта «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-да осы ақпараттық
жүйені іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, ол бірыңғай цифрлық экожүйеде
ТКШ барлық субъектілерін біріктіру мақсатында ТКШ саласындағы бытыраңқы жүйелер
үшін бірыңғай интеграциялық орталық болады.
Жүйе табиғи монополиялар субъектілерінің, мүлік иелері бірлестіктерінің (оси),
мемлекеттік деректер қорының және т.б. дерекқорларынан ақпарат жинайтын болады,
"Е-Шаңырақта" коммуналдық қызметтерге арналған тарифтер туралы
ақпарат, тұрғын үй-коммуналдық ұйымдардың тізімі, сондай-ақ, кондоминиум
объектілерін басқару саласындағы компаниялардың рейтингі және т. б. мәліметтер
көрсетіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, заңнама талаптарына сәйкес жүйе тиісті
сертификаттаудан өтеді және осылайша жеке деректерді толық қорғау қамтамасыз
етіледі. Оған қоса, жүйе үнемі дамып, нарықтың қажеттіліктеріне жауап береді
деп жоспарланған.
Жүйенің жұмыс істеуі тұрғын үй қорын басқарудың, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді және сектордың кешенді көрінісі мен оқиғаларды болжау есебінен ТКШ саласының тұрақты мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, «Е-Шаңырақ» жүйесі тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қатысушылар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл процестеріндегі көптеген проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Жарас Ниязбек