II техникалық санаттағы ақылы автожолдарда жеңіл көліктер тегін жүре алады. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
"I техникалық санаттағы автожолдар барлық транспорт түрлері үшін, ал II техникалық санаттағы автожолдар тек жүк көліктері үшін ақылы болады", -деп жазылған хабарламада.
Жекелей алғанда, құрылысы "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын "Астана-Алматы", "Астана–Өскемен", "Астана–Ақтөбе–Атырау–Ақтау", "Алматы–Өскемен" трассаларында жүргені үшін көлік иелері ақы төлейтін болады.
"Астана-Алматы" автожолы 4 және 6 жолақты І санаттағы трассаның қатарына жатқызылады. "Астана-Өскемен" жобасының 118 шақырымға созылған "Семей-Қалбатау " аумағы қайта жөндеуден өтті. Енді 443 шақырымға созылған "Астана-Павлодар", 53 шақырымға созылған "Павлодар-Семей" аумағында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
"Астана–Ақтөбе–Атырау–Ақтау" жолының 270 шақырымға созылған 6 аумағында құрылыс жүргізілуде. 2015 жылы 40 шақырымдық "Ақтау - Бейнеу" аумағы, қалған 230 шақырымы 2016 жылы пайдалануға берілуі қажет.
Айта кетейік, 2020 жылға дейін Қазақстандағы автожолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары үшін 2,4 трлн доллар бөлінуі қажет.