Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Инфрақұрылымды қаржыландырудағы жаңа тәсіл

Инфрақұрылымды қаржыландырудағы жаңа тәсіл

БЕЙЖІҢ – Америка Құрама Штаттарында Шетелдік жеке меншік инвестициялар корпорациясының (ОПИК) орнына даму мақсаттарындағы қаржыландырумен айналысатын жаңа мекемені (ДҚМ) құруды көздейтін заң жобасы енгізілді. Жаңа мекеменің өз ізашарынан айырмашылығы – ол инвестицияны заңды тұлғалардың капиталына сала алатын болады, бұл реформа дүние жүзінде меншікке қатысудың тұрақты даму мақсаттарындағы қаржыландырудың маңызды құрам бөлігі болып табылатыны барған сайын кеңірек мойындалып отырғандығының көрінісі болмақ.

Алайда, маңыздылығына қарамастан, АҚШ пен басқа елдерде жүзеге асырылып отырған осынау даму мақсаттарындағы қаржыландыру реформасы Оңтүстік елдерінің ең ірі проблемаларының бірі – инфрақұрылымды дамытуға инвестицияның тапшылығы проблемасын шеше алмайды. Оны шешу үшін мүлдем жаңа тәсілдеме қажет сияқты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму саласындағы мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру үшін дүние жүзіндегі көпжақты дамуды қаржыландыру банктері (КДБ), олардың жеке меншік сектордағы бөлімшелері мен ДҚМ алдағы үш жылда жеке меншік сектордағы қаржыландыру көлемдерін 35% дейін өсіруге міндеттенді. Инфрақұрылымға инвестиция салуды қолдау мақсаттарында КДБ басқа да маңызды шаралармен қатар олар жеке меншік инвесторларға ұсынатын тәуекелді азайту инструменттерінің ауқымын кеңейтіп отыр. Дегенмен, қазірге дейін олар басты назарын тек дамушы елдердегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне аудара отырып, инфрақұрылым саласындағы меншік үлестеріне шектеулі көлемде ғана инвестиция жасап үлгерген.

Инфрақұрылымдық меншікке қатысуды неліктен жеке меншік секторға қалдырмаған жөн? Инфрақұрылым активтері тұрақты әрі ұзақ мерзімді кіріс көзі болып табылатындығына қарамастан, жоба неғұрлым ірі болса, бастапқы кезеңдеріндегі тәуекел соғұрлым жоғары болады. Жоба шығындары бюджетке сыймай қалса, жобаны орындау мерзімдері кешіктірілсе немесе ол жоспарланғандай табыс әкелмесе, соған байланысты шығынды көтеретін инвесторлар. Нәтижесінде жеке меншік инвесторлар өз ақшаларын жаңа жобаларға қарағанда тұрақты табыс әкеліп тұрған дайын инфрақұрылымға салуды артық көреді.

Инвесторлардың бұл тәуекелден қашып отырғаны соңғы жылдары инфрақұрылымдық жобаларға деген қызығушылықтың күрт өсіп, активтердің қымбаттағанына қарамастан, дүние жүзіндегі дайын жобалардың жалпы саны бір деңгейден түспей тұрғанынан айқын байқалады. Оған қоса, McKinsey консалтинг компаниясының мәліметі бойынша, соңғы онжылдықтарда инфрақұрылымға салынған жеке меншік инвестициялардың 70 пайызынан астамы дамыған елдерге бағытталған екен.

Бұл әрекеттердің ұзақ мерзімді ықпалын күшейту үшін КДБ мен ДҚМ-ге жеке меншік сектордың инвестициялары азайған кезде инфрақұрылымдық жобаларға дайындық жасау және құрылыс салу кезеңдерінде әлдеқайда көбірек капитал жұмсауға тура келеді. Ол үшін несиелендіру мен тәуекелді азайту инструменттері қажет, алайда олар әдетте жобаның құжаттамасы толығымен әзірленіп, табыстылығына көз жеткеннен кейін ғана берілетіндіктен ондай инструменттер жеткіліксіз болса керек.

Капиталға қатысушы инвесторлар, керісінше, көбінесе жобалардың басында – олардың техникалық және қаржылық құрылымын жасау кезеңдерінде негізгі рөл ойнайды. Әлеуетті табыс беретін жобалар үлестік инвестициясыз қарызды қаржыландыру мен тәуекелді азайту расталатын «табыстылық» кезеңіне мүлдем жете алмауы мүмкін. Сөйте тұра, жоба сәтсіз аяқталған жағдайда қайтарылатын ақшаларын ең соңғы болып алатын және сол себепті тәуекелдің басым бөлігін көтеретін – осы инвесторлар.

Экономикасы өтпелі елдердегі инфрақұрылымдық инвестициялардың үлесін ұлғайту үшін осындай бастапқы кезең тәуекелдерін көтеруге және өз инвестицияларының жемісін ұзағырақ күтуге дайын инвесторлардың «сабырлы капиталы» көбірек қажет. Оны жеке меншік сектор бермесе, бар салмақ осы мақсатта құрылған КДБ мен ДҚМ-дардың мойнына түспек.

Қытайдың «Жібек жолы» қорын, Дүниежүзілік Банк пен Халықаралық қаржы корпорациясын қоса алғанда, кейбір КДБ мен ДҚМ ұсынатын қаржыландырудың бар болуына қарамастан, оның көлемі сұраныспен салыстырғанда мардымсыз болып отыр. КДБ мен ДҚМ капиталдың бір бөлігін инвестицияның осы түрімен айналысып отырған мемлекеттік қаржы мекемелері арқылы салу жолымен өз үлестерін тез арада ұлғайта алады.

Бұл мәселенің шешімі стратегиялық инвестициялық қорларда жатуы мүмкін. Толығымен немесе ішінара мемлекеттік меншіктегі бұл қорлар қаржылық табыстылық пен әлеуметтік-экологиялық тиімділікпен өлшенетін «қосарланған практикалық нәтижеге» бағытталған инвестиция жасайды. Соңғы он жылда дүние жүзінде Үндістаннан бастап Ирландия, Филиппин және Сенегалға дейінгі экономикасы әртүрлі елдерде отыздан астам стратегиялық инвестициялық қор құрылды.

Аталмыш инвестициялық қорлар жеке меншік сектор мен мемлекеттік сектордың арасындағы делдал ретінде көбінесе тәуелсіз негізде, алайда мемлекет белгілеген талаптарға сай әрекет ететін капиталға қатысушы инвесторлар болып табылады. Негізінен жеке меншік сектордан шыққан мамандар жұмыс істейтін бұл қорлардың көбі жоғары деңгейде жеке меншік сектордың ортақ қаржыландыруына қол жеткізе отырып, солайша инфрақұрылымдық инвестицияларға арналған капитал қорын кеңейтіп алған. Мәселен, 2017 жылдың қазан айында Үндістанның Ұлттық инвестициялық және инфрақұрылымдық қоры әлемдегі ең ірі егемен инвестициялық қорлардың бірі болып табылатын Абу-Даби Инвестициялық агенттігінің бөлімшесімен жасасқан 1 млрд. доллар көлеміндегі мәміле туралы жариялады. Бұл келісім Үндістанға өте қажетті инфрақұрылымды жаңартуда елеулі жәрдем болмақ.

Мемлекеттік капиталдың иегерлері ретінде КДБ мен ДҚМ капиталды жұмыс нәтижелері жоғары стратегиялық инвестициялық қорлар арқылы іске қосу жолымен активтерді «сабырлы капиталға» айналдыра алады. Олар үкіметтерге өздерінің стратегиялық инвестициялық қорларын капиталдандыруға көмектесу үшін несиелер бере алады, қаражатты тікелей пайда табу үшін қолдана алады немесе жобалық деңгейде ортақ қаржыландыруды қамтамасыз ете алады. Капиталды ең мықтыларға жұмыс істету жолымен әрбір ұйым тұтастықты нығайтып, басқаларды бәсекелестікке ынталандырады. Арасында Азия даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банк бар бірқатар ДҚМ стратегиялық инвестициялық қорлармен бірге жұмыс істеуді бастап кеткеніне қарамастан, келешекте атқарылатын жұмыс та біршама.

КДБ мен ДҚМ-ның жеке меншік капиталды жұмылдыру бойынша өз іс-әрекеттерін күшейткені жөн-ақ. Инфрақұрылымға инвестиция салуда негізгі назарды жобаның бастапқы кезеңдеріне аудару мен стратегиялық инвестициялық қорлармен жұмыс істеу олардың осы саладағы әлеуеттерін елеулі жақсартып, әлемнің ТДМ-ға жету ықтималдығын жоғарылата алады.

Авторлар туралы: Дүниежүзілік Банктің бұрынғы бас экономисі Джастин Ифу Линь – Бейжің университеті Жаңа құрылымдық экономика орталығының директоры, Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық және даму институтының деканы және Ұлттық даму факультетінің құрметті деканы. Ховард Халланд – Стэнфорд университетінің жанындағы Ғаламдық жобалар орталығының шақырылған сарапшысы.

 

Ян Ванг – Бейжің университеті Жаңа құрылымдық экономика орталығының аға ғылыми қызметкері.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2018. www.project-syndicate.org

Похожие материалы