Иран мұнай бағасының жағдайын Сауд Арабиясымен талқылауға дайын. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының мұнай министрі Биджан Зангане Press TV телеарнасына хабарлады.
«Біз ОПЕК елдерімен, соның ішінде Сауд Арабиясымен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық орнатуды қолдаймыз», - деді министр.
Б.Занганеның айтуынша, Парсы шығанағы елдерінің бірқатары мұнай бағасын саналы түрде төмендету арқылы экономикалық пайда көріп отыр. «Саяси ерік-жігер болса, мұнай бағасы бір апта ішінде теңдестірілер еді», - деп атап өтті ол.
3 ақпан күні Венесуэланың мұнай министрлігі қара алтын бағасының ахуалы туралы төтенше отырысқа ОПЕК-ке мүше бес елдермен қатар Иран, сондай-ақ, картельге кірмейтін Ресей және Оман қатысатынын хабарлады.
Сонымен қатар, 20 қаңтарда Иран Сауд Арабиясымен бәсекеге түсу үшін Еуропа тұтынушыларына мұнай бағасын төмендетті. Иранның Iran Heavy мұнай сұрыпының дисконты 6.55 доллар болды.
Айта кетейік, 17 қаңтарда АҚШ пен Еуропа Одағы Иранға қарсы санкцияларды алып тастағаның жариялады. Енді Ислам Республикасы шетелде тәулігіне 1 миллион баррель мұнай сатпақшы. Бұған дейін санкцияларға байланысты еуропалық нарық мемлекет үшін жабық болған.
Фото: kapital.kz