Ақтөбе. 18 сәуір. 7kun.kz - Атбасар қаласындағы су тасқынына қарсы тұрғызылған бөгеттің бұзылуына су жинау алаңын дұрыс есептемеу себеп болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш айтты, деп хабарлайды inform.kz.
«Бөгетті сапасыз салды деп айтуға болмайды. Мүмкін бөгеттің су жиналатын аумағы дұрыс есептелінбеген болар. Мәселен, су жиналатын алаң 1 мың гектар болса, онда оған 10 млн текше метр су жиналады. Ал мұнша көлемдегі су 10 күннің ішінде немесе бір-ақ күннің ішінде жиналуы мүмкін», - деп атап өтті Ислам Әбіш.
Оның айтуынша, бөгетті салу барысында судың 2-3 күннің ішінде су жинау алаңына толықтай жайылып кету мүмкіндігі ескерілмеген. Олардың жіберген қателіктері осы болуы мүмкін.
Сонымен қатар, ол бұлай болғанда да бөгеттер жыл сайын су тасқынына дейін және одан кейін тексеріліп отыруы тиістігін баса айтты.
Айта кетейік, Атбасардың тасқын суға қарсы салынған жаңа бөгетіне 200 млн теңге жұмсалған. Алайда, су оны бұзып кетіп, салдарынан қаладағы 269 үй су астында қалса, тағы 130-дан астам үйді су басу қаупі бар.