Қаржыны ұқыпты, үнемді пайдалануды балаға кішкентай кезінен үйреткен жөн. Бұл үшін банктік қызметтерді қазірден қолданған дұрыс. Қаржылық сауатын ерте ашқан бала, келешекте ақшасын ұқыпты жұмсап үйренеді. 7kun.kz сайты назарларыңызға балаларға арналған банктік қызмет түрлерін ұсынады.
Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған балалар банктің толыққанды клиенті саналмайды. Демек бұл мекеме жасы 18-ге жетпеген тұлғаға қызмет көрсетуге міндетті емес. Дегенмен, кейбір банктерде 16 жастағы жасөспірімдерге арналған бағдарламалар жұмыс істейді. Мысалы, "Сбербанкте" балаларға арналған депозит ашу қиын емес. Осындай депозитті немесе шотты ашу үшін мынадай құжаттарды жинауыңыз қажет:
14-16 жасқа толмаған балаларға арнайы шотты (арнайы шот пен шоттың айырмашылығы барын ескеріңіз) ашу үшін мынадай құжаттар керек:
1.Баланың туу туралы куәлігі
- Ата-анасының немесе заңды өкілінің төлқұжаты мен ЖСН
14-16 жастағы балаларға шот ашу үшін:
- Баланың жеке сәйкестендіру нөмірі
- Оқушы екенін дәлелдейтін, нотариуспен расталған құжат
- Тіркелген мекен-жайы туралы құжат немесе оның нотариуспен расталған көшірмесі
Депозит ашқан жағдайда, Қазақстанның резиденті ақша жинауды өз еркімен қалаған валютасында жүргізе алады. “Сбербанкте” алғашқы жарнаның минималды сомасы 5000 теңге, 15 АҚШ доллары, 1000 рубль және 15 евро болса, “Халық банкте” минималды сомма 15 000 теңге немесе 100 АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ 14-18 жастағы балалар тапқан табысын, оның ішінде стипендия, байқаудан жеңіп алған ақшасын өз еркімен пайдалануға құқығы бар.
Бүгінгі күні балаларға арналған арнайы кредиттік карталар бар. Шетелде картаның осындай түрі көп қолданылса, Қазақстанда кең таралмаған.
Балалардың кредиттік картасын айналымға бірінші болып "Астана Банкі" енгізді. Банк карталары әлемге танымал Angry Birds ойынын шығарушы Rovio компаниясының қолдауымен жарық көрді. Картаның бір мақсаты балаға ақшаны дұрыс пайдалануды үйрету болса, екінші мақсаты оның қаржылық сауаттылығын ашу. Балалар картасының қарапайым картадан ешбір айырмашылығы жоқ. Карта 7 жастан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға арналған. Оны kidcards.kz сайтынан сатып алуға болады. Егер балаңыздың картасына оның оқудағы, спорттағы, өнердегі кішкентай жеңістеріне сый ретінде ақша аударып тұрсаңыз, ол сіздің көңіліңізді табу үшін үздік нәтижеге жетуге тырысатын болады. Әрине, алғашқы кезде бойыңызда “картадағы қаржыны бала болған соң ойыншықтар мен ойындарға жаратып тастайды” деген үрей болуы мүмкін. Балаңыз картаны пайдаланып үйренгенше, картаға апталық, айлық лимит орнатуыңызға болады. Сонымен қатар бала барлық онлайн өнімдерді сатып алмас үшін, сатып алуға болатын өнім санын шектеуге мүмкіндігіңіз бар.