Күн энергиясы әлемдегі негізгі балама көздерінің бірі болып табылады. Келешекте балама энергия көздерімен жабдықталған немесе салынып қойылған ғимараттарда «күн» энергиясына арналған құрылғыларды орнатудың маңызы зор. Ал сіз бұрын-соңды қарапайым тұрмыстық техниканы қолдану үшін энергияның қалай және қайдан келгенін ойланып көрдіңіз бе?! Электр энергиясы розеткаға жетуі үшін ең алдымен көмір немесе мұнай өндіру қажет, оларды электр станциясына жеткізіп оны оттекті ауада жағу қажет, одан бу алғаннан кейін ол бу трубалары арқылы электр генераторларына барады, сосын трансформатор арқылы тұрмыстық ток қуатын 220 В, жиілігін 50 Гц түсіріп үйлерге кабельдер мен сымдар арқылы бағыттап, электр есептегіші арқылы өткізіп, содан кейін ғана розеткалар мен сөндіргіштерге енгізеді. Осы ұзақ жолда элекр станциясында өндірілген энергияның жартысы жойылып, өз кезегінде жанармайдың жартысы бекер жоғалады. Қорытындысында, тұтынушыға жанармайдың 20 – 25 % энергиясы жетіп, қалған 75 – 80 %-ы ауада жылып, ғаламдық жылынудың жылдамдай түсуіне әсер етеді.
Сол себепті соңғы онжылдықтардан бері әлем халқы балама энергия көздерін пайдалану турасында түрлі зерттеулер жүргізіп, біршама жаңалықтар ашты.
Ал Қазақстан күн энергетикасының негізгі бағыттары бойынша жұмыс жасап жатыр, бірақ әлі де әлемдік деңгейге жете қойған жоқ. Осы кезге дейін жартылай өткізгіштерді алу және тазалау, фотоэлементтер, аккумуляторлар өндіру, күн станцияларын салу, тұзды суларды тұщыландыру, гелий энергиясын тұрғын үйде қолдану туралы 300-дей ғана ғылыми жоба жинақталған. Германия ең нашар жағдайда (күн белсенділігінің ең төменгі деңгейі) болғанына қарамастан 2015 жылы күн энергиясын қолдану деңгейі 30%-ға жетпек. Ал Қазақстан аумағында күн радиациясының мүмкіндігі айтарлықтай жоғары және жылына 1300-1800 кВт.сағ/м2 құрайды. Қазақстан территориясы «күн белдеуінде» орналасқандықтан еліміздің күн энергиясын қолдану саласында үлкен жетістіктерге жету мүмкіндігі зор.
Елімізде қазіргі таңда «күн» өнімін сататын компания жұмыс істеп жатыр. 2012 жылғы желтоқсан айынан бері қызметін жалғастырып келе жатқан «Astana Solar» ЖШС фотоэлектрлі модульдердің зауыты күн энергиясын пайдалану құрылғыларын жасайтын бірден-бір монополиялық компания. Бүгінде компанияда фотоэлектрлі модульдер 5МВт-қа дейін өндіріледі, ал жыл соңына дейін ол мөлшерді екі еселендіру жоспарлануда. Нарықтық қажеттіліктерді маркетингтік зерттеудің нәтижесінде бұл сатыда модульдердің екі түрін: қуаттылығы 220-дан 240 Вт-қа дейін KZPV 230 M60 және қуаттылығы 250-ден 280 Вт-қа дейін KZPV 270 M72 өндіру туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта өндірілетін өнім түрлері тапсырыс берушілердің ықыласына байланысты болады.
Фотоэлектрлі модульдерді қолдану салалары алуан түрлі. Алайда 1 МВт және одан да жоғары болып келетін ірі күн электр станциялары басымдыққа ие болып қала береді. Ал 3 кВт – бұл бір пәтердегі электр энергиясын тұтыну (мұздатқыш, теледидар, компьютер, 5-6 лампочка). Егер, сорғыны және суды жылытуды қажет ететін қала сыртындағы үйді алсақ, 20 кВт-қай дейін қуаттылық қажет. Сондықтан, күн энергетикасы ірі және орта бизнеске қызғылықты емес, өйткені оларға елеулі үлкен қуат керек. Қуаттылығы 10 кВт дейінгі жабдық шағын қалалар мен ауылдық жерлерде көбіне жеке меншік үй иелерімен, сондай-ақ, ең шағын бизнесі бар жеке кәсіпкерлермен пайдаланылуы мүмкін.
Күн батареясының жиынтық қуаты ондаған тіпті жүздеген кВт-қа жетеді. Күн батареясы ғарыш кемелері мен аппараттарында энергиямен жабдықтау жүйесіндегі негізгі электр энергиясының көзі ретінде қолданылады. Күн батареясы сондай-ақ, тұрмыс пен техникада қолданылатын көптеген бұйымдарды (калькулятор, қол сағаты, т.б.) токпен қоректендіру көзі болып табылады.
Ал күн электр стансасы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы, оның үстіне өз құнын 100 пайыз ақтайтын тиімді қондырғы. Жұмыс істеу мерзімі шамамен 30 жыл. Осы 30 жыл ішінде жасалуына небәрі 1 кг күн кремнийі жұмсалған элемент Жылу электр стансасында мұнайдың 100 тоннасынан немесе Атом электр стансасында 1 кг байытылған ураннан өндірілетін соншалықты электр қуатын бере алады.
Жалпы Қазақстанның барлық облыстарында күн инсоляциясының деңгейі өте жоғары, бұл аталмыш технологияларды барлық аймақтарда бірдей енгізуді қолайлы етеді. Электр желілерінен сыртқары орналасқан шалғайдағы өндірістік бірліктер, электр энергиясы жиі сөндірілетін өндірістік нысандар, елді-мекендер, фермерлік шаруашылықтар, ауыл шаруашылық жерлері, жеке меншік және мемлекеттік сектор, қалалар мен аймақтар ТКШ-лары – бұлардың барлығы да «күн» энергиясына арналған өнімнің ықтимал тұтынушылары. «Astana Solar» ЖШС мәліметінше, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақмола, Жамбыл облыстары және Астана қаласы компанияның тұрақты қолданушылары болып табылады.
«Astana Solar» ЖШС бас директоры Вячеслав Советскийдің айтуынша, тұтынушылар ондай құрал-жабдықты бір рет сатып алса, ол үзіліссіз энергиямен қамсыздандыру көзін табады. Аз қуатты қажет ететін тұтынушылар, яғни селолар мен фермалардың тұрғындарын энергиямен қамтамасыз ету үшін күн энергиясын пайдалану – бұл электр энергиясын алудың ең арзан әрі көпке шыдайтын жолы, себебі күн батареяларының өндіретін қуатына берілетін кепілдік 25 жылды құрайды.
Біздің еліміз мемлекеттің «жасыл экономиканы» дамыту және «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы» іске асыру саясатында көрсетілген инновациялық, экологиялық таза жобаларға бағдар алғаны туралы мәлімдеді.
Осы жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Министрі Әсет Исекешев: «Биылғы жылдың екінші жартысында қазақстандық кремнийден жасалған күн энергетикасы өнімдерін шетелге жүз пайыз шығаратын боламыз. Біздің бұл үшін барлық мүмкіншіліктеріміз бар. Заманауи техника да, жер қойнауындағы байлығымыз да»-деген болатын.
Сол себепті болашақта Қазақстан азаматтары күннің кереметтілігін пайдаланып, балама энергия көздерін толықтай тұтыну деңгейіне жету мүмкіндігі бар.
Әзірлеген Арайлым Әкім "7"