Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Кәсіпкерлер шағымдарының үштен бірі тендерге қатысты болады

Кәсіпкерлер шағымдарының үштен бірі тендерге қатысты болады

Алматы. 2 ақпан. 7kun.kz - Қазақстандағы бизнестің дамуына кедергі келтіретін басты проблемалардың бірі - экономикадағы мемлекет рөлінің басымдығы. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді. 

Кәсіпкерлер палатасы Yelloy pages халықаралық бағдарламасымен бірігіп мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың нарыққа ықпал етуіне қатысты зерттеу жүргізілген. Нәтиже риза боларлықтай емес.

"Мемлекеттің экономикаға араласу үлесі - 62%. Осыған байланысты мемлекет басшысы 2018 жылға қарай бұл көрсеткішті 15%-ға төмендету деген тапсырма берді", - деп мәлімдеді Абылай Мырзахметов.

ҰКП басқарма төрағасының сөзінше, жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін басты проблемалардың бірі - кредиттік ресурстардың жетіспеуі және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниядағы сатып алу жүйесінің кемшіліктері. Оның айтуынша, кәсіпкерлерден түскен шағымдардың үштен бірі тендер нәтижелерінің әділетсіз өтетіндігіне байланысты. "Біз анықтағандай әкімшіліктер жүргізетін сатып алулардың 60%-ы "бір орыннан ғана алу" әдісімен жүргізіледі. Оның механизмі қарапайым ғана. Алдымен тендер өткізіледі, кейінірек әлдебір себептерге байланысты нәтиже жарамсыз деп танылады. Сонда әкімдіктің жеткізуші компанияны өздері таңдауға мүмкіндіктері болады. Айта кету керек, тендер айналымы триллион теңгеге дейін жетеді", - дейді Абылай Мырзахметов.

Квазимемлекеттік компанияларға да осындай шағым түседі. Кәсіпкерлердің тендерге қатысты шағымдарының 40 пайызға жуығы "Самұрық-Қазына Контракт" компаниясына қатысты. "Біз "Самұрық-Қазынаның" басшылығына еншілес компаниясының әрекетіне қатысты қаншама хат жаздық. Бірақ олардың айтатыны, заңды түрде ешкімді жазалау мүмкін емес, себебі барлық шешімді директорлар кеңесі ерекше ереже бойынша қабылдайды. Квазимемлекеттік сектордың сатып алуға қатысты жеке ережесі болуын  дұрыс емес деп есептеймін", - деді Абылай Мырзахметов. Осыған байланысты "Атамекен" тендер өткізудегі қателіктер үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынады.

"Самұрық-Қазына Контракт" мәліметтер базасында 40 мыңнан астам қатысушы бар. Олардың тек 1300-і ғана - отандық тауар өндірушілер. Осы жерден-ақ қорытынды шығаруға болады. Не біз сатып алумен айналыса жүріп, жемқорлық әрекеттеріне көнуге тура келеді, не кәсіпкерлерге шын мәнінде қолдау көрсету қажет", - деді Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы.

Похожие материалы