Экономика
Выбор редактора
Канадалық компания КСРО кезіндегі шарт талаптары "сақталмағаны" үшін Қазақстанды сотқа берді
Табиғи ресурстармен айналысатын канадалық World Wide Minerals Ltd (WWM) компаниясы Канада мен КСРО арасында 1989 жылдың 20 қарашасында жасалған келісім-шарт талаптарын сақтамағаны үшін Қазақстанның үстінен Лондондағы Халықаралық арбитраждық сотына шағым түсірді. Бұл туралы канаданың CNW жаңалықтар қызметі хабарлады.
Жаңалықтар қызметінің хабарлауынша сот процессіне 2017 жылы нүкте қойылады. КСРО-ның мұрагері Ресей емес па, Қазақстанның қатысы қанша деген сұрақ бірден туады.
Байқасақ әңгіме арыда емес, беріде екен. КСРО кезіндегі шарт Қазақстанға ақшасын салып, алайда орта жолда қалтасын қағып кері қайтқан канадалық инвестордың қаражатын қайтаруға мүмкіндік беретін заңды тетік қана. Ал, аталған компания бұған дейін де бірнеше рет Қазақстанға қатысты даулы мәлімдеме жасап, сотқа берген.
Түсінікті болу үшін тарқатып айтайық. World Wide Minerals Ltd компанияның сайтындағы
The Kazakhstan story деген материалға сүйенсек, 1996 жылы маусым айында WWM компаниясы, оның филиалдары мен Nuclear Fuel Resources Corp компаниясы Степногорск қаласында орналасқан Целинный тау-кен комбинатын (TGK) ары қарай сатып алу құқығымен басқару үшін тендерге қатысуға шақырылады.
Тендерлік құжаттарға сәйкес WWM комибнат жұмысын қайта құрылымдап, Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитет арқылы Қазақстанға ссуда беруге тиіс болады. Бұл ақша комбинаттың айналым капиталын толықтыру мен оның жалақы мен зейнетақы бойынша борыштарына жұмсалатын болып шешіледі. Келісімге сәйкес канадалық компания 1998 жылға дейін комбинат акциясының 90 пайызына сатып алу құқығына ие болады. Қалған 10 пайыз комбинат қызметкерлеріне берілетін болып келісіледі.
Целинный тау-кен комбинаты ядролық жанармайды өндіру мен өңдеу бойынша бұрынғы КСРО аумағында екінші ірі кәсіпорын болатын. Алайда 1996 жылы WWM басқаруға келген тұста уран өндірісі экономикалық қиындықтарға байланысты өндірілмейтін. WWM президенті және бас директоры Пол Кэрроллдың канадалық басылымға айтуынша 1996-1998 жылдары оның компаниясы уранды барлау, өңдеумен айналысу үшін Қазақстанға миллиондаған доллар (нақты саны айтылмайды) инвестиция салған. Мұның бәрі Қазақстан үкіметінің кепілдігімен жүзеге асқан. Кепілдікке сүйенген WWM ядролық жанармай сату үшін америкалық Consumers Energy және тайваньдық Taiwan Power компанияларымен шартқа отырады. Алайда кейін Қазақстан тарапы шарттағы міндеттемелерді бұзады. Оның нәтижесінде бірлескен компания банкротқа ұшырап, мүлкі тәркіленіп, сатылады. Канадалық компания шығынға белшесінен батып, кері қайтады.
Канадалық компания неге сол кезде шағымданбады?
Кэрролдың айтуынша компания заңгерлеріне Қазақстанды WWM компаниясының шығындарын қайтаруға мәжбүрлеу үшін сотқа беріп, Халықаралық Арбитраждық сотты бұл істі қарауына алуға көндіру үшін 18 жыл қажет болған. Яғни 18 жыл бойы Қазақстан тарапының әрекеті заңсыз деу үшін заңды тетіктерді іздеген.
1989 жыл мен КСРО-ның бұл іске қаншалықты қатысы бар?
18 жыл бойы заңды тетіктерді қарастырған WWM компаниясы сотқа шағымына Канада мен КСРО үкіметтері арасында 1989 жылдың 20 қарашасында жасалған инвестицияны бірлесіп қорғау туралы Canada /USSR BIT келісім-шартын негіз етіп алыпты. Бұл шартқа Канада тарапынан премьер-министр Брайан Малруни, КСРО тарапынан министрлер кеңесінің төрағасы Николай Рыжков қол қойған. Бұл шағым қаншалықты жемісті болады, белгісіз. Белгілісі канадалық компания бұған дейін де Қазақстанға қарсы арыз түсіріп, соттасып, жеңіліс тапқан. Мысалы: 2003 жылы WWM мен оның еншілес компаниясы Nuclear Fuel Resources Corporation АҚШ-тың Жоғарғы сотына Қазақстан мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰК АҚ-на (WWM-нің басқаруына берген компаниялар уранға қатысты болған) қарсы 1 млрд долларлық шағым түсіріп, 2003 жылдың 25 ақпанында сот WWM талабы негізсіз деген болатын. Сол кезде қазақстан тарапы World Wide Minerals Ltd қазақстан заңдарын өрескел бұзды және Қазақстан Республикасы алдындағы міндеттемелерін орындамады, нәтижесінде компания банкрот болды деп уәж айтқан еді.
Жаңа шағым бойынша Лондонның Арбитраждық соты екі тарапты тыңдаған соң соңғы шешімді 2017 жылға қалдырыпты. WWM адвокаты Бэйдж Васани канадалық басылымдарға берген сұхбатында бұл істің халықаралық құқықтағы ең айтулы оқиға болады деген пікір айтады. «Бұл Ресейден басқа посткеңестік елдің КСРО-ның халықаралық инвестициялық келісім-шарттары бойынша мұргері ретінде жауапкершілікке бірінші рет тартылуы. 18 жылдан кейін біз өзіміздің істеріміздің заңды екендігін дәлелдеуге мүмкіндік туып тұр. Сонымен қатар бұл процесс Қазақстанға инвестиция салып, зардап шеккен басқа да инвесторлар үшін маңызды болғалы тұр»,-дейді адвокат. Шешім қалай боларын уақыт көрсетер, әзірге белгілісі КСРО кезінде жасалған шарттар аясында Қазақстанды КСРО мұрагері ретінде сотқа бере алу мүмкіндігі бар екен.