Алматы. 19 қаңтар. 7kun.kz – Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов ҚР Үкіметі баспасөз конференциясында үстіміздегі жекешелендірудің Кешенді жоспарының орындалуы және 2017 жылдың қорытындысы туралы хабардар етті. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі хабарлады.
Қазіргі уақытта Үкіметтің қаулысымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары 904 объектіні қамтиды. Олардың 876 объектісі туралы толық ақпараттар gosreestr.kz веб-порталына шығарылды.
"Бұл тізімге қайта құрылатын және қайта тіркеуден өтетін 28 республикалық меншік объектісі енгізілген жоқ. Олар «Апаттар медицинасы теміржол госпитальдары» және «Қазақавтожол» акционерлік қоғамдарының құрамдарында филиалдар ретінде қызметтерін атқарған. Бірақ экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімдерімен аталған акционерлік қоғамдар қайта құрылуға жатады", – деді қаржы вице-министрі.
Қаржы министрлігі басшысының орынбасары айтқандай, қазіргі кезде 2 жыл ішінде Кешенді жоспардың 476 объектісі сауда-саттыққа шығарылып, 367-сі сатылды. Сату бағасы 164 млрд теңгені құрады.
"Бұдан басқа, 255 объекті қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. Жалпы, қайта ұйымдастырылатын және таратылатын объектілерді есепке ала отырып, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 71 пайыз деңгейінде қалыптасты",- деп атап өтті.
Қаржы вице-министрінің ақпараты бойынша, 2017 жылы сауда-саттыққа шығаруға 463 объекті жоспарланған. Жоспар 97 пайызға орындалды.
289 объекті сауда-саттыққа шығарылды, оның 190-ы сатылды. 162 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылуы тиіс. 12 объекті (3 пайыз) объективті себептерге байланысты 2018 жылға ауыстырылды.
Есепті жылы 108 млрд теңге сомасында 190 объекті сатылды. Қайта құрылатын және таратылатын объектілерді есепке алғанда объектілерді сату 76 процентті құрады.
"2017 жылы өткізілген сауда-саттық нәтижесі бойынша сатылмаған 99 объекті бойынша сауда-саттық рәсімдері 2018 жылы аяқталатын болады", - деп қосты Б.Шолпанкулов.
2017 жылға жоспарланған республикалық меншік объектілері 100 пайызы толығымен сауда-саттыққа шығарылып, олардың 80 пайызы сатылды.
Ірі объектілерді іске асыру туралы Б.Шолпанқұлов мәлімет бере отырып, атап өтті. Сатуға 23 ірі объекті жоспарланған, оның ішінде Ұлттық холдингтердің 20 объектісі мен республикалық меншіктегі 3 объекті.
Олардың ішінен қазіргі уақытта 11 объекті сатылды және 12 объекті сатып алушылармен келіссөздер жүргізу сатысында.
Ірі объектілердің жалпы сату бағасы 61 млрд теңгені құрады. Бұл олардың баланстық құнынан 20 пайызға және бағалау құнынан 8 пайызға көп. Мәселен, 2017 жылы сауда-саттыққа шығару алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға артты.
Сатылған объектілердің бағасы олардың баланстық құнынан 8 пайызға артық. Сонымен бірге, сатудың негізгі тәсілі 73 пайызды құрайтын аукцион мен тендер болып қала беретіндігін және жүргізіліп отырған жекешелендіруге қызығушылықтың айтарлықтай арта түскендігін атап өтті.
Сауда-саттыққа қатысушылардың саны 12 пайызға артты.
Одан басқа, сауда-саттықтағы бәсекелестік те жоғарылады – бір сауда-саттыққа қатысушылардың орташа сан 4-5 құрады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 3-тен аспаған болатын.
ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі