
Алматы. 5 шілде. 7kun.kz – Көлсай көлдерінен Қазақстанда өте сирек кездесетін тұщы су медузасы табылған. Бұл туралы Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» мамандары соңғы үш жылда ортаңғы Көлсай және төменгі Көлсай көлдеріндегі фаунаның жай-күйіне зерттеу жүргізген.
Оның нәтижесінде, 2017 жылы ортаңғы Көлсайдан тұщы су медузасы табылған.
Қазақстанда су медузасы өте сирек кездеседі. Тек Каспий теңізінің суларында бар. Алайда, соңғы онжылдықта тұщы су және жылу сүйгіш медузалар туралы мәліметтер баспасөзде пайда бола бастады. Олар Тоғыз көлінде (Шымкент қаласы маңында, 2010 жылы), Рыбинск су қоймасының ауданындағы Волга өзенінде және т.б табылған.
Limnocnida tanganyicae және Craspedacusta sowerbii сияқты тұщы су медузаларының дамуы мен көбеюін тікелей анықтайтын факторлардың бірі - су температурасы.
Ортаңғы Көлсай көлінде жаз кезінде судың температурасы 15-16 С аспайды, бұл медузаның тіршілік етуінің төменгі температуралық шегі болып саналады.
Көлсай көлінде медузалардың қайдан пайда болғаны белгісіз. Сәкен Ділдахметтің жазуынша, медузаны Көлсай көліне туристер немесе қандай да бір құс әкелген. Төмен температура жағдайында медузаның көбеюі екіталай, сондықтан енді табылмауы мүмкін.
Әйтседе, бұл факт бөтен түрлердің пайда болуын бақылау және арнайы қорғалатын аумақтардың бірегейлігін сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жануарлар әлемінің жай-күйін қадағалау қажеттілігін көрсетеді.