Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Коммуналдық шаруашылықтың трансформациясы

Коммуналдық шаруашылықтың трансформациясы

«Нұрлы жол» бағдарламасы әдетте тек көлік жолдары құрылысымен аты шыққан. Бағдарлама шарпып өткен кез келген ауылда бұл атау әдетте жол құрылысымен ғана белгілі. Ал бағдарлама дәл сол уақытта — қалалардың қан-тамыры — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын да қамтиды.

2019 жылдың сәуір айындағы есеп бойынша, Қазақстан қалаларында 10 721 500 адам тұрады. Ал оның басым бөлігі — әлі де советтік коммуналдық жүйеден мұра болып қалған жылу-жарық, су құбырлары жүйелерін пайдаланады.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық Тәуелсіздік жылдарынан бергі басты мәселе. Бір кездері шетелдік операторларға басқаруға беріліп, немесе өз алдына агенттік болып құрылып, түрлі басқару формаларын көрген сала. Бұл салада жүйелік жоқтығы сол кездегі президент Назарбаев тарапынан жиі сынға ұшырайтын.

Коммуналдық шаруашылықтың ерекшелігі — монополияларға тәуелдігі. Саланы мердігерлік компанияларға жіктеу — ақырғы өнімнің қатты қымбаттауына әкеп соғады. Ал біртұтас жүйе түрінде қала берсе — басқару реформасына, өндірістік қайта жарақтануға ебедейсіз алпауыт компания шығады. Бұл дилеммада біршама шенеуніктердің тауы шағылғаны белгілі. Бір кездері кейбір моноқалалардағы жылу маусымының орындалмауы жаңалықтардың тұрақты сюжеті болатын.

2014 жылы қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасында тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық дербес бағыт ретінде аталып, нақты жұмыс алаңы айқындалғаннан кейін, бұл салада ілгерілеу ақыры басталды.

Сондай алуан қожалық

Бүгінгі күні коммуналдық шаруашылық — құрылымы әралуан орасан үлкен қожалық. «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданған тұста саланы басқаратын Ұлттық Экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 105 мың көппәтерлі үй; 27,3 мың шақырым газ құбыры; 60,9 мың шақырым су құбыры, 11,7 мың шақырым жылу құбыры; 199,5 мың шақырым электр желісі болған.

Тұрғын үйлердің 30% кезек күттірмес толық жөндеуді талап етіп, 4% жуығы — қалпына келтіруге болмайтын күйде болған. Сонымен бірге, жылу құбырларының 60% әбден тозып, ал электр желісінің 73% жөндеуге зәру болған. Бұл көрсеткіштер біразға дейін Қазақстанды дамыған елдердің қатарында кәдімгідей артта қалдырған. Айталық, еліміздің сумен және газбен жабдықталуы қалаларда 85%, ал елді мекендерде небәрі 47% болды.

Бағдарлама аясындағы қадамдар

«Нұрлы жолға» дейін тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық «Аймақтардың 2011-2020 жылдардағы дамуы» бағдарламасымен реттелген. Бірақ саланы тап осы «Нұрлы жол» бағдарламасы айқын формадағы нақты істерге бастады деуге болады.

ТКШ ерекшелігі — ол бізге белгілі электр желілері мен жылу, су құбырларымен қоса, оларды басқару кешендерінің модернизациясын да талап етеді. Мысалы,  полимер құбырларды ауыстыру — оны кесіп-пісетін дәнекерлейтін аппаратарудан бастап, есептегіш техникаларды жаңартуға әкеліп соғады. Сонымен бірге, тұрмыстық деңгейдегі приборларды ауыстыруға тура келеді. Бұрынғы «жаппай жауапкершілік» схемасынан «автоном жауапкершілік» формасына өтудің өзі ақыры - заңдағы өзгерістерді талап етіп шыға келді.

Мұндай шығындар тек ағымдағы ахуалды құтқару үшін ғана емес, салада пайда болған жаңа материалдар мен технологиялардың арқасында орасан қаржы үнемдеуге бағытталған. Мысалы, 2016 жылы салаға алғаш рет қомақты қаржы бөлінгенде (90 млрд теңге + әр келесі жылы — 100 млрд теңгеден), сол жылы-ақ 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болды;

150 шақырым инженерлік желілер қайта жарақтанып немесе жаңадан салынды; 14 қазандық пен 3 су айдау стансасы салына бастады. Айтпақшы, бұлардың отандық тауар өндірушілерге пайдасы болғанын атап өткен жөн. Бұл жаңарту-құрылыс жұмыстарына  қазақстандық бес құбыр зауыты, бір қазандық зауыты, төрт реттеуші арматура шығаратын зауыт және су тазарту технологиясын ұсынатын кәсіпорын тарылды.  Бұған қоса, жаңа материалдар мен тиімді жобалаудың арқасында жылына 250 мың гигакалоря, немесе 1,3 млрд теңге үнемделетіні есептеп шығарылды.

Инновациялық сала

Коммуналдық салада құбырлардан бөлек — приборлар бар. Суды адам басына текше метрмен шағу сияқты есептеудің ескі әдістері приборлар жасауды және жетілдіре түсіруді кенже қалдырған еді. Есептегіш арқылы төлеу жүйесі енген соңғ ғана бұл салада ілгерілеу басталды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жұмыстарда — арнайы приборларды сынақтан өткізу және  жылу құбырларының жарамдылық мерзімін арттыру да көзделген. Сайып келгенде, бұл транзиттік-транмсформациялық шығыны көп коммуналдық саласы үшін миллиардтаған қаржы үнемдеуге әлеуеті бар жобалар.

Нақты мысалдардың бірі — құбырдағы тот пен қақты түсіру әдістері. Мысалы, құбырға арнайы сақина кигізіліп, ол молекулярлық тербеліс құбылысының негізінде құбырдағы бактерияларды, тот пен қақты түсіреді. Түскен бөлшектер құбырдың ішінде шайылып кетеді. Мұндай технология жылу мен жөндек жұмыстарына шығынды кәдімгідей азайтады. Бұл прибор жасаушы неміс компанияларының тәжірибесімен дәлелденген.  Осылайша, құбырлардың басты проблемасы болып есептелетін коррозия мәселесінің шешімі табылды.

Сонымен бірге, тұтынушылардың орташа шығынын үнемі азаю бағытына жылжыту e-SHANYRAQ бірегей ақпараттық жүйесінің көмегімен жасалады. Халықты есептегіш техника-технологиямен жабдықтау арқылы үнем мәселесі ғана емес, сонымен бірге, соңғы кездері айтылып жүрген — тұтыну көлемін болжау және мониторинг проблематикасы да шешіледі. Шынымен, «адам басына 150 Квт немесе күніне 2 текшеметр» су деген сияқты ескі жалпылама есептеу әдісіне сүйенсек, үгінде күннен кнге қымбаттап әрі тапшы болып бара жатқан ауыз су шығыны адам санына байланысты тек өсе берер еді. Ал динамикалық мәліметтер нақты үйдің, нақты ауданның қажетін өтейтін ресурстарды болжауға мүмкіндік берер еді.

Сонымен бірге, тұрғын-үй - коммуналдық шаруашылық саласы трендтегі «ақылды қала» (msart city) концепциясына тікелей қатысы бар. IoT технологиясы («заттар интернеті») тұтынушыға кәдімгі коммуналдық төлемдерден бастап, үйдегі құбырлар мен желілердің жай-күйі туралы біліп отыруға септігін тигізуі мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылы өткен «Smart City 2018» көрмесінде ұсынылған технологиялар мұны әбден мүмкін екенін көрсетті. Осы шарада «коммуналдық көрсеткіштерді жан-тәнімен сезетін» (мысалы, смартфон арқылы су шығынын үнемі көріп отыру) адамдар міндетті түрде үнемшіл болады» деген ой айтылды.

Осылайша, «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасының тактикалық алаңдағы бірнеше нақты мысалын көрдік.

Похожие материалы