Кореяда тұратын қазақстандық екі елге арналған қос бірдей сайтты іске қосты
Оңтүстік Кореяда тұратын қандасымыз Дастан Ақаш корей түбегі туралы qazkorea.com және Қазақстан туралы корей тіліндегі qazkorea.net сайттарын іске қосты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Екі сайтты іске қосудың екі себебі бар. Ұлтарақтай корей елінің дамуы көп елді қызықтырады.... Айтар ой бар... Біз оның жілігін шағып, майын ішкелі қай заман?! Екінші, өз елім мен жерім, ұлы дала өркениеті туралы айту, таныту. 30 жыл болыпты корей тілінде Қазақстанды толық танытатын сайт не портал ашылмапты. Басқа шығыс және батыс тілдерін қосып айтпағанда... Осы бір олқылықты толтырайын деген ойым. Қазақты озық әлем мен тәкаппар дүние түрлі жолмен тануы тиіс. Интернет, кітап, қалам, музыка, ән, ғылым, бизнес, экономика, саясат және дипломатия сияқты кез-келген саламен. Бір жолмен таныту аздық етеді. Әр қазақ – өз отанын, жері мен елін танытушы. Әр қазақтың баласы өз ұлтының өкілі. Әр қазақ- Қазақстанның имиджі. Осыны есте мықтап ұстауы қажет деп санаймыз»,-деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол корейлер туралы ресурстың да алғаш рет қазақ тілінде іске қосылғанын айтады.
«Бұрын да корей елі туралы көп жазып, айтып едім шама жеткенше. Әр жерде шыққанды бір жерге жинақтап қойған дұрыс болар. Әрбір сайт ғаламтордағы қоғам мен руханиятқа қызмет ететін үлкен-кішілі кітапхана сияқты жалпы. Оның ішінде түрлі кітаптар болуы заңдылық. Шығыс дегенде шыр беріп тұрсын... Жалпы екі дүниенің жаңашылдығын көзіңіз шалар. Байқарсыздар. Қабыл алыңыздар», дейді жоба авторы.
Қазақ, корей тілдеріндегі сайттарда екі ел туралы ақпараттық, сараптамалық, танымдық материалдар жарияланып тұрмақ.
Айта кетейік, Дастан Ақаш шығыстанушы-ғалым, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы және халақыралық дипломатиялық қарым-қатынас магистрі, саясаттанушы, бизнес сарапшы, аудармашы.
Қазақ, орыс, корей және ағылшын тілдерін жетік меңгерген отандасымыз Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының түлегі. Ұзақ жылдар бойы Корей елінде білім алып, «Ханкук» Әлем тілдері университеті, Пэчже университеті, Седжон институты мен Мемлекеттік тіл институтында біліктіліктен өткен. Кореялық компанияларда аудармашы, бисқарушы менеджер қызметтерін атқарған. Қазақстан мен Корея туралы мақалалары екі елдің басылымдарында жиі жарық көріп тұрады.
Сондай-ақ қазақ әдебиетін корей тіліне, корей әдебиетін қазақ тіліне аударып жүр.
Оның қатарында М.Әуезовтың корей тіліне аударылған «Көксерек» шығармасы, қазақ тіліне аударылған «Сиқырлы таяқ», «Тасбақа мен Қоян» атты екі томдық корей ертегілері, «Қазақша-корейше, корейше-қазақша» сөздік, «Корей елінің халық ертегілері», орыс тіліндегі «Корейские народные сказки» кітабы бар. Қазақ тіліндегі корей ертегілері Түркия елінде түрік тіліне аударылып, кітап болып шықты. Автордың «Ұлы сыншы» жеке жыр жинағы бар.