Алматы. 12 шілде. 7kun.kz — "Теңіз-Новороссийск" мұнай құбырының өткізу қабілетін кеңейту жобасына Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 600 миллион долларға жуық инвестиция салады.
"КҚК" АҚ бас директоры Николай Горбань 2018 жылдың қорытындысы бойынша акционерлердің жылдық жиналысында компанияның өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін "КҚК мұнай құбыры жүйесін жаңғырту бағдарламасы" мақұлданғанын хабарлады.
Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап Қазақстаннан КҚК жүйесіне мұнай жеткізу көлемі құбырдың ағымдағы механикалық қуатынан асып түседі, қазіргі уақытта ол жылына 67 млн тонна мұнайды құрайды.
"Бағдарламаны жүзеге асырғаннан кейін жүйенің өткізу қабілеті Қазақстан Республикасының аумағынан жылына кем дегенде 72,5 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Николай Горбань.
Мұнай құбыры жүйесін жаңғыртуды 2023 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алайда, 2022 жылдың екінші жартысында КҚК Теңіз бен Қашағандағы өндірістің өсуін ескере отырып, Қазақстаннан мұнай жеткізу көлемінің артуына дайын болады.
Жобаны жүзеге асыруға шамамен 600 миллион доллар жұмсалатын болады. Оның ішінде "КҚК-Қазақстан" инвестициясы 156,4 млн АҚШ долларын, ал "КҚК-Ресей" – 443,5 млн АҚШ долларын құрайды.
Компанияның мәліметтері бойынша, өткен жылы құбыр арқылы 61 млн тоннадан астам мұнай жөнелтілді. Бұл 2017 жылға қарағанда 10%-ға артық.
"2018 жылы теңіз терминалына (Новороссийск) тиелген 61 млн тонна мұнайдың 54,3 млн тоннасын қазақстандық жүк жөнелтушілер жеткізді, тағы 6,8 млн тонна Ресей аумағынан келді", - деді Николай Горбань.
Бұл ретте жүйеге мұнайдың ең көп көлемі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарынан жіберілді – тиісінше 28,7 млн, 10,3 млн және 13,2 млн тонна.
2019 жылы жүк жөнелтушілерден 67,7 млн тоннаға өтінім қабылданды. Сонымен қатар, нақты жеткізілімді ескере отырып, ағымдағы жылы 65,1 млн тонна алынады, оның ішінде Қазақстаннан жеткізушілердің үлесі 57,7 млн тоннаны, ал Ресейден - 7,4 млн тоннаны құрайды.
Еске сала кетейік, КҚК өткізу қабілетін жылына 54 млн тоннадан 67 млн тоннаға дейін кеңейту 2011-2017 жылдары жүргізілді. Сол кезде консорциум акционерлері жобаға 5,1 млрд доллар инвестиция салды. Қайта құру барысында қолданыстағы мұнай жеткізу станциялары жаңғыртылып, салынды.