Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алтынорда. Күйбең тіршіліктің көрінісі...

Алтынорда. Күйбең тіршіліктің көрінісі...
Арманға айналған жолайрық Алтын Орда - Алматы қаласындағы танымал әмбебап сауда кешені. Басты ерекшелігі – заттардың өте төмен бағада сатылуы. Сондай-ақ Республикалық маңызға ие тас жол осы базардың бойында орналасқан. Шет елдер мен оңтүстік аймақтардан келетін көліктер үшін  қалаға кіретін жалғыз жол да осы. Жергілікті қала тұрғындары мен Ұзынағаш, Қаскелең, Шамалған, Үшқоңыр  сияқты жақын елді мекендерден де  адамдардың күнделікті қалаға қатынауы үлкен көлік кептелісін туғызады.  Үкімет жол кеңейту жұмыстарын 2017 жылдың шілде айына жоспарлаған болатын. Арада бір жыл өтсе де «арманға айналған жолайрық» әлі салынбаған. Базарда шамамен 10 мың саудагер жұмыс жасайды. Күніне 100 мыңға жуық келушілері бар. Қарапайым халықтың табыс көзіне айналған базардың, тұрмыс-тіршілігін өз көзімізбен көргіміз келді. Сондықтан Алтын Орда базарына 3 сағаттық бақылау жүргіздік. Суыққа тоңған саудагер: «Бала-шаға қамы үшін...» Базарға кіре салысымен көзіміз жеміс-жидек сатып тұрған апайларға  түсті. Соңғы күндері ауа райының тым суып кетуі саудагерлерге қиын соққаны анық.  - Күн өте суық... Мына аяздың кесірінен әбден шығынға баттық. Қаншама жеміс-көкөніс үсіп қалды. Бұларды салатын арнайы «склад» жоқ. Осы жерге одеялоға орап-тұмшалап кетеміз. Күзет бар, қарайды, – деді Гүлайым. - Күнделікті нанымыз үшін суыққа да, ыстыққа да төземіз. Не істейміз енді? Бала-шағы қамы...-деп қостады жанындағы құрбысы Шынар. Жасы 57-ге келген Гүлайымның Шынармен бірлесіп сауда жасағанына биыл 20 жыл толыпты: - Сауда бізді құрбы да етті, бауыр да етті. Шынар - менің сіңілім. Ол да қазір 48-ге жетті. Бала-шағасын тек өзі асырайды, - дейді Гүлайым апа. Әңгіме барысында жеміс-жидектерді қайдан әкелетіндерін сұрағанымызда дәл қарама-қарсы тұрған жүк көлігінен көтерме бағамен сатып алатындарын айтты. Әңгіменің қызуымен ол жерде ұзақ тұрып қалғанымызды аңғармаппыз.  Гүлайым апай: - Енді ары қарай жүрсеңіздер...Онда да әңгімешіл сатушыларды табасыздар, – деп әңгімені аяқтағысы келгенін меңзеді. Біз де сәтті сауда тілеп, әрі қарай жүре бердік. Бір кезде құлағымызға: - Распродажа! 500 теңгеден! 1000 теңгеден! Әйелдер киімі! – деген айқай естілді. Дауыс шыққан жаққа қарай беттегенімізде жас қыздың қызу сауда жасап тұрғанын көрдік. Тауарларын жақындап қарап, ішінен жарасымды дегенін таңдап, бар-жоғы 1500 теңгеге бір жиде сатып алдық. Киім қарауға келген барлық сатып алушыларға жылы шырай танытып түрған Жадырамен біз де емін-жарқын әңгімелестік. - Тұрмыс құрғанмын. Жасым 25-те. Қызым бар. Анаммен бірге тұрамын. Мен бұл жердің иесі емеспін. Жай сатушы болып жұмыс жасаймын. Күнделікті таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін сауда жасағаным үшін 2500 теңге аламын, - дейді. Жадырамен болған жақсы сұхбаттан соң, әрі қарай жол тарттық. Базар тіршілігінен бізді қызықтырған келесі көрініс кілт жасайтын ағай болды. Жасы 33-те.  Есімі Дәурен. Көлемі 1,5 шаршы метр орынға 20 мың теңге аренда төлейді. Бір кілтті 200 теңгеге жасайды екен. Біз жанында тұрған 10 минутта 5 адам келіп кілт жасатты. Кілт жасау кәсібімен айналысқанына 7 жылдай уақыт болған. Бір кілтті бір минутқа жетпейтін уақытта жасайды. Жанында ауылдан келген інісі бар. Гриль сатып тұр екен. - Әдемілеп фотоға түсіріп ал! Клиенттер көп келсін бізге. Жамандап жазып жүрмеңіздер бізді - дейді інісі күліп. Кішкене ғана кілт жасап, жеке кәсіппен айналысып отырған ағайындылар бізді таңғалдырды. Келесі кезекте жеміс-жидектер мен киім-кешекті былай қойып, базардағы халыққа қызмет көрсететін арнайы орындарды қарадық. Соның бірі – шаштараз. Базардың әрбір қатарынан міндетті түрде шаштаразды көресіз. Соның біреуіне біз де кіріп көрдік.  Іші өте тар. Жылу жоқ. Бұл шаштараздардың бір ерекшелігі - бағасының төмендігі. Кішкентай балалардың шашын 500 теңгеге, ересектердікін 600-1000 теңге аралығында қиып береді. Бір күнгі табысы 2000-нан 15000-ға дейін барады. Бірі жас қыз, бірі орта жастағы әйел кісі – екеуі де өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, осы кәсіппен айналысуды жөн көрген. Себебін педагогтердің төмен жалақысы қанағаттандырмайтындығымен түсіндірді. - Негізігі мамандығым – педагог. Өз салам бойынша жұмыс жасамадым. Осы жерде жұмыс жасаған ұнайды. Шаш қиюмен қатар тырнақ әрлейміз және арнайы кештерге бояндырамыз. Арнайы курстар оқып алдым, - дейді Нұрай. Жаураған дененің емі – ыстық шай... Базарда жүргенімізге де біраз уақыт болыпты. Жаурап кеттік. Шай ішіп жылынып алуды ойлап, жан-жағымызға қарағанымыз сол еді, арбасын сүйреп, шай сататын апай да келіп қалды. - Сәлеметсіз бе, үлкен стакандағы шай қаншадан? - Кел қызым, шай ыстық, 90 теңге болады. Шаймен бірге бірнәрсе жемейсің бе? - Жоқ, тек шай бере беріңіз. Апай, сізді суретке түсіріп, интервью алсақ болады ма? Базар өміріне шолу жасап жүр едік. - Жоқ, кешіріңдер, қыздар. Маған интервью беруге болмайды, штраф салады әйтпесе. Администрацияға барып, рұқсат алуларыңыз керек. Ыстық шайды ішіп, шай сататын апаймен болған қысқа ғана сұхбатты талқылап келе жатқанымызда орта жастағы әйел адамның қазан тазалап тұрғанын көрдік. Жанына адамдар жиналып қалыпты. Қолындағы қазан жууға арналған сұйық сабынын жарнамалап жатыр екен.  Бұл көрініс бізді де қызықтырды. - Апай, бұл не өнім? - дедік. - Келіңдер, қыздар, қараңыздар! Бұл - отандық өнім. Қазан, шәйнек, труба, газ, кез келген қатты кірленген затты лезде, оңай тазалайды. Сенбесеңіздер, міне, көрсетейін. - Жақсы екен. Мұндай кірленген қазанды күнде қайдан аласыз? - Көршілерімнің қазандарын алып кетемін, есесіне кешкісін тап-таза күйінде қайтарамын, - деген сөзіне еріксіз күліп жібердік. Базардың күнделікті тіршілігімен тереңірек танысқан сайын, бізге қызықты болып көрінді. Содан соң, алдымызда кездескен «Мерей» кафесіне кірдік. Шет жақтағы үстелге барып жайғасып, тапсырыс беруге ыңғайландық. Кафенің іші жөндеуді қажет етеді екен. Дегенмен келушілері көп сияқты. Тағамдары да ұнады. Келушілеріне көрсеткен құрмет шығар колонкамен музыка қосып қойған. Дауысы өте қатты шығып тұрды. Кафенің алдында үйрек, қой, тауық етінен кәуәп пісіріп жатыр. Кафе маңынан өтіп жатқан адамдарға қош келдің айтады. Кафе ішіне кірген кезде бізді таңғалдырған көрініс. Бір бұрышта орта жастағы апай көмір жарып, пешке салып жатыр екен. Жанына барып сұрағанымызда. Кафе ішін тек көмірмен жылытатынын айтты. Асқанымызға «ел қондырып», кафеден енді шығып келе жатқанымызда алдымыздан егде жастағы ер адам кезікті. Сөйлемейді екен. Ең алдымен қолындағы бір жапырақ карточкасын көрсетті. Одан соң заттарын алдымызға жайды. Ол жерде ұсақ-түйек заттар екен. Басымызды изеп, рахмет айттық. Суретке түсіруге бола ма деп ишара білдіріп едік, күліп қана басын изеді. Бұл азаматтың қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, ел қатарлы еңбек етуі бізді тамсандырды. Шын көңілден риза болдық. Халық көп келетін Алтын Орда базарының біз көрген тіршілігі осындай.

Дайындаған: Наргиза Ерес

Ажар Аблаева

Похожие материалы