Америкалық DreamMaker компаниясының негізін қалаушы Грегори Патрик әлемдегі ең қымбат әуе саяхатын ұйымдастырды. Бағасы – 13, 8 млн доллар.
Осы қаражат сомасына миллионер-саяхаттанушыға арналған жеке Boeing 767 ұшағы жалданады. Қалауына қарай өзімен бірге 50 адамды алып кету мүмкіндігіне ие. Дегенмен, олар басқа рейспен ұшады. Саяхатқа шығушылар 20 күн ішінде 20 қаланы аралайды. Жеке ұшақ бортында покердің қайырымдылық турнирі, сән көрсетілімі, йога сабақтары және т.б. өтеді.
Ұйымдастырушылар қаражаттың ақталуы үшін барлығын егжей-тегжейлі ойластыруды уәде етті. Тіпті, коктейль түтікшелері көк және ақ гауһары бар 18-караттық алтыннан жасалады деп болжануда. 50 түтікшенің жиынтығы 1 млн долларға бағаланып отыр.
Сондай-ақ, саяхатқа АҚШ әуе күштерінің бұрынғы басшысы, америкалық бейсболдың аты аңызына айналған тұлғасы және покердің үздік ойыншысы шақырылады. Олардың есімдері алдағы күндері жолаушыларға арналған кітапшада көрсетіледі. Компанияның батлер қызметкері ұйымдастыру мәселелерімен айналысып, бүкіл саяхат барысында жолаушыларға көмегін көрсетеді.
Саяхат Таиландтағы Самуй аралынан басталып, Филиппин астанасы Манилада аяқталады. 20 күн ішінде саяхатшылар, шамамен, 50 мың километр жолды артқа тастайды. Жоспарға Камбоджа, Непал, Үндістан, Франция, Ұлыбритания, Испания, т.б. жерлерді аралау бағдарламасы кіреді. Ал Лас-Вегас қаласында жолаушылар покердің қайырымдылық турниріне қатысады. Турнирдің жүлде қоры – 500 мың доллар. Саяхаттан түскен қаражаттың кем дегенде миллион доллары қайырымдылық шараларына жұмсалатындығы да белгілі болды.
Нұрила Әбдіманап «7»