Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Либерал-демократияның жеңіс туралы қиялы

Либерал-демократияның жеңіс туралы қиялы

ВАШИНГТОН – Британдықтардың Еуроодақтан шығуды қолдап дауыс беретінін, америкалықтардың Дональд Трампты келесі президенті етіп сайлайтынын болжаған сарапшы өте аз болды. Бірақ көп ұзамай бұл жаңсақтықтың консенсустық түсіндірмесі де шықты. Алайда, мұндай көпжақты да салдарлы мәселелерге үстірт баға беруден абай болу керек.

Бүгінгі консенсустық пікір бойынша біз салыстырмалы түрде космополит әрі өзара жымдасқан әлеміне байланып, білімі төмендеу, қоғаммен байланысы аздау топтарды мұқият тыңдай алмаған «элитаны» - академиялық ортаны, ақпарат құралдарын және бизнесті кінәлаймыз. Жаһанданудың игілігін бәрінен де аз көрген топ – осылар болғандықтан, олардың (Брекзит мәселесінде) супраұлттық институттарды ал (Дональд Трамп мәселесінде) истеблишменттің кандидаттарын кері итеруі әбден мүмкін еді. Мұны елемеу көп жағынан алғанда анық қателік болды.

Бұл көзқарастың жаны бар. Бүгінгі қаржылық және интеллектуалдық элитаға, соның ішінде сауалнама жүргізушілерге, «топтық ойлау» әдеті жұққан. Олар көбіне бірдей ортада білім алған, бірге жұмыс істейді, бірдей басылымдарды оқиды және Давостан Аспенге дейінгі аралықтағы біртекті конференциялар мен шараларда бас қосады.

Бұл тобыр тарихтың ең керемет сабақтарын алып, бойымызға сіңірдік деп сенеді. Олар нәсілшілдікті, этноцентризмнің тіпті ең жұмсақ түрлерін өткір сынайды, есесіне феминизмді кері теппеуі мүмкін. Бұл топ әркелкіліктің үлгісі болмағанымен, мұнда әркелкілік ерекше құндылық ретінде бағаланады, әрі еркектің үстемдігі біртіндеп төмендеп келеді.

Бұл топтың және бір ерекшелігі – байлық. Топ мүшелерінің барлығы шетінен мультимиллионер болмағанымен, олардың бойында экономикалық жаһанданудың жемісін жеуге мүмкіндік беретін қабілет те, білім де бар. Соның кесірінен олар әсіресе АҚШ-та теңсіздіктің үлкен мәселеге айналып келе жатқанын осы кезге дейін байқамай келген (ең бай элитаның өкілдері бұрын-соңды болмаған көлемде филантропиялықпен айналысып жатса да).

Бизнес пен қаржыдан бастап саясатқа дейінгі басты салаларда салдарлы шешімдер қабылдайтын космополит элита онша жолы болмаған, дұрыс білім алмаған, жақсы байланыс орнатпаған жандардың мұң-мұқтажына көңіл бөлуі тиіс екені анық. Пікірлес адамдармен бункерлерде жинала бергенше, олар шыққан ортасы мен қазіргі ахуалы әркелкі жандарды, соның ішінде жаһандануға қатысы әртүрлі адамдарды байланыстыратын платформа жасауы керек. Мұндай платформа қоғамдық пікірталастың жіктелуі мәселесін шешуге ықпалын тигізеді.

Алайда, идеологиялық «көпіршік» - жалғыз ғана проблема емес. Бір жағынан элита популистік жеңістерді ғана болжай алмай қалған жоқ, сондай-ақ олар популист емес екені дау тудырмайтын Франсуа Фийонның Францияның орташыл-оңшыл республикалықтардың праймеризінде үлкен басымдықпен алға шығатынын да білмей қалды. Жұмысшы таптың ашу-ызасына көңіл бөлмеу – олардың саяси сәуегейлігіне көлеңке түсірген жалғыз мәселе емес екені айқын.

Әрине, егер тек фактілер анық айтылса, халық оларды салқынқандылықпен талқылап, сайлаушылар көп ұйымдаспай, саясат конструктивті сипат алады деген сенімге иланған ыңғайлырақ. Алайда, тіпті фактіге негізделген, озық дискурстың өзінде халықтың мүдделері әркелкі болады.

Брекзитті не Трампты қолдап дауыс бергендер жаһанданудың игіліктерін түсінбей қойған жоқ, қазір олардың өз тиесілі нанын бөліп алудағы қабілеті мен мүмкіндігі шектеулі болып тұр. Коммуникациядан да маңызды мәселе – игілікті бөлісу саясаты, ал бұл саясаттың екі жаққа да жеңіс әкелмейтіні аян. Еркін сауда мен технологиялық өзгерістердің игіліне бөленген топ салық, субсидия не жұмыс беру арқылы жеңілгендерге жеңілістің өтеуін төлеп отыруы керек.

Сол сияқты, либерал-демократиялық Батыстың экономикалық және геосаяси мүдделері жалпы алғанда бірізді деген пікірдің өзі жаңсақ. Шындығында, ортақ тұстары көп болғанымен, олар энергетикадан бастап қауіпсіздік мәселесіне дейін тым әркелкі болып келеді. Мәселен, Еуропа АҚШ-қа қарағанда көмірсутегіне көбірек тәуелді. Осы тұрғыдан қарағанда, ынтымақтастық бойынша келісімге келу үшін жақсы араласу, фактілер бойынша бір тоқтамға келу жеткіліксіз. Екі жақ та құрбандыққа баратын келіссөздер қажет болады.

Бұл екі жайт та Батыс әлемін түсінудегі бір үлкен олқылыққа меңзейді: ол – ешкім жеңілмейтіндей шешім бар дегенге сену. Шындығында, оңшыл-орташыл, солшыл-орташыл бағыттағы либер-демократия мұндай шешімдер ұзақ мерзім тұрғысынан «қоғамға», тіпті бүкіл адамзатқа пайдалы дегенге сенеді (мұнда мәселен, ең маңызды игілік – бейбітшілікті мысалға келтірсек болады). Демократия қалтарыс, бұлтарыстармен келіссөз жүргізеді, құрбандықтарды анықтайды. Бірақ, ақыр соңында бәрі жеңіске жетеді.

Әрине, ешкім жеңілмейтін шешімдер қабылдау мүмкін болмаса, жұрттың бәрі жеңіледі. Өткен ғасырдың бірінші жартысында ауылшаруашылық жерлерін тартып алмасаң, елді аштыққа ұшыратасың деген түсінік болған. Ал бүгінде энергетика туралы осылай айтады.

Ал шынайы жағдай бұдан күрделірек. Экономика инклюзивті өсімге, «жеңіске» қол жеткізуі үшін ең бақуатты топ реттеу мен салық салу ережелеріне, соның ішінде халықаралық тәртіпке бағынуы керек, ал бұл ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда олардың байлығын ортайтады. Бұл оларды жеңілгендер санатына қоспаса да (олар сол қалпы бай болып қала береді), байлардың біраз нәрсесінен айырылатынын ешкім жоққа шығара алмайды.

Либерал-демократиялық тәсілдеменің ең жақсы жері – мұнда әрдайым компромиске орын бар. Жұрттың бәрі өздерін жеңімпаз сезініп үйлеріне қайтпағанымен, жеке адамдар мен мемлекеттер кеңістік пен ресурстарды барлық жағынан шектегеннен гөрі бірге жұмыс істесіп, келісім-шарттар жасасудың әлдеқайда жақсы екенін көреді. Қазіргі конфликтілердің, соның ішінде ішкі саяси итжығыстардың шығыны тым үлкен болғаны сондай, тіпті жеңімпаздардың өздері ақыр соңында жеңілген болып шығады.

Соңғы жаңсақтықтарды ескере отырып біз саяси радарымызды қайта жабдықтауымыз керек, мұнда біз тек өз «әуенімізге» сай келетін нәрселерді ғана емес, радарға кедергі жасайтын жайттардың бәрін ескеруіміз қажет. Мұнда либерал не социал-демократтар мен ұлтшыл немесе басқа да қатаң идеологтардың арасындағы айырмашылықтың салдары көп болмақ. Алдыңғысы орта мерзімде бір жақтың жеңіп, екіншісінің жеңілетінін, ал ұзақ мерзім тұрғысында өз елінде біртіндеп демократиялық өзгерістер болатынын, бұл үшін халықаралық бейбітшілікті сақтап тұру керектігін мойындауы тиіс.

Либерал-демократияның жеңіс туралы қиялыАвтор туралы: Кемал Дервиш – Түркияның бұрынғы Экономикалық қатынастар министрі, Біріккен ұлттар ұйымы даму бағдарламасының бұрынғы әкімшісі (UNDP), Brookings институтының вице-президенті.

Copyright: Project Syndicate, 2016. www.project-syndicate.org

Похожие материалы