Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық банк қазақтың алғашқы кәсіби суретшісіне арналған монета шығарады

Ұлттық банк қазақтың алғашқы кәсіби суретшісіне арналған монета шығарады
Алматы. 7 қараша. 7kun.kz - Ұлттық банк 2017 жылғы 8 қарашада «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан А. Ғалымбаеваның 100 жылдығына арналған ескерткіш монеталарды айналысқа шығарады деп хабарлайды ҰБ-тың баспасөз қызметі.  Айша Ғалымбаева (1917-2008) –  Қазақстанның халық суретшісі, алғашқы кәсіби қазақ суретшісі. Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері болып табылады. Айша Ғалымбаеваның өнердегі айрықша еңбегін бағалай отырып, Меценаттар клубы оған 2002 жылы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығын тағайындады. Монетаның бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде «100» деген сан және монетаның номиналын білдіретін «ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Сол және оң жақтағы секторда ұлттық ою-өрнек элементтері бір-біріне қарама-қарсы бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазба орналасқан. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі орналасқан. Монетаның сырт жағында (реверсінде) Айша Ғалымбаеваның бейнесі, сурет салуға арналған палитра және суретші жұмыстарының бірі орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде «А. ҒАЛЫМБАЕВА» деген жазба, оның туған жылын білдіретін «1917» деген сан және соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан орналасқан. Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры (гурты) бедерлі. Монеталар нейзильбер қоспасынан дайындалған, диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 грамм, таралымы – 10 мың дана. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы  25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталары жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы полиграфиялық орауға салынған. Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында сатып алуға болады. Алматы қаласында мына мекенжай бойынша: Панфилов көшесі, 98. Бұған дейін Ұлттық банк Ыбырай Алтынсариннің құрметіне ескерткіш монеталарды шығарған еді.

Похожие материалы