Медиа
Ұлттық банкті Астанаға көшіру 5 жылға дейін созылуы мүмкін
Мамандар Ұлттық банктің Астанаға көшуі мемлекеттік қазынаның 500 млн долларын жұмсауы мүмкін деп есептейді. "Финам" инвестициялық холдингінің сарапшысы Антон Сороконың пікірінше, реттеуіштің солтүстік астанаға көшуі 5 жылға дейін созылуы мүмкін деп хабарлайды LS.
"Егер әлемдік тәжірибемен салыстырар болсақ көшудің өзі 3 жылдан 5 жылға дейін созылады. Барлығы да мемлекет үшін бұл орын ауыстырудың қаншалықты маңызды екендігіне байланысты. Қазақстанда орын ауыстырудың алғашқы белгілері байқалғаннан бері 2 жыл өтті. Әлі техникалық көшуге уақыт керек", - деп атап өтеді ол. А.Сороко Ұлттық банктегі штаб-пәтердің көшуі Алматыдағы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеледі деп есептейді. Агенттік бағалауынша, процесс 25-30 млн долларды құрауы мүмкін.
Ал IFC Markets сарапшысы Дмитрий Лукашов Ұлттық банк пен Қазақстандық қор биржасының көшу шығынын нақты есептеу мүмкін емес деген пікірде. "Жалпы сома 500 млн доллардан асуы мүмкін", - дейді ол.
Ал екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) көшуге асығар емес. БанкЦентрКредит қазір бұл сұрақты талқылап жатыр, бірақ нақты шешім шығарылған жоқ. RBK Астанаға көшу жоспарында емес екендігін мәлімдеді. Аталған қаржылық институттың түсіндіруінше, Ұлттық банк пен биржаның басқа қалаға көшуінен іс-сапарлардың көбейіп, әкімшілік шығындар ұлғаюы мүмкін. Кейбір сұрақтарды шешуде оперативтілік азаяды дейді банк басшылығы. Ал Халық банк басшысы Үміт Шаяхметова бас кеңсені Астанаға көшіруді ойламайтындығын мәлімдеді.
Өз кезегінде Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов екінші деңгейлі банктердің Астанаға бас кеңселерін көшіру туралы мәселені өздігінен шешетіндіктерін атап өтті. "Бұл олардың өз еркі. Біреуі штаб-пәтерді ауыстырады, біреуі орнында қалады", - деді ол.