Биыл Ұлттық экономика министрлігінің алдында тауарларды экспорттаудың тиімді механизмдерін құру бойынша жаңа тапсырмалар тұр. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ тарапынан болып жатқан шектеулерге қарамастан жүзеге асуы мүмкін, деп мәлімдеді ведомство министрі Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, алдағы уақытта министрлік "Қазақстанның бірыңғай экспорттау стратегиясы" жобасын дайындайды. Бұл экспорт көлемінің сандық және сапалық өсуіне ықпал ететін болады.
"Экспорт географиясын кеңейтіп, қолжетімділік шарттарын жақсарту үшін Иран, Израиль, Үндістан және Египет сынды елдермен преференциялық сауда туралы келіссөздерді жалғастыра береміз. Еуразиялық экономикалық одақтағы сауда-экономикалық қызығушылықтарға қатысты кедергілер анықталады. Оны реттеудің нақты кестесі құрылады", - деді Тимур Сүлейменов.
Өз кезегінде министр Қазақстанның Жалпы ішкі өнімі қызмет көрсету есебінен артып отырғанын атап өтті. 2016 жылдың нәтижесі бойынша ЖІӨ-нің 58%-ын қызмет нарығы құраған.
"Енді қалыптасып келе жатқан экономика салаларының ішінде онлайн сауда, мобильді банкинг, білім мен денсаулық сақтау саласындағы санды қызметтер дамып келеді. Сондықтан бұл салалар ерекше мән беруді, дамытуды талап етеді", - деп түсіндірді министр.
Оның сөзінше, министрлік "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын дайындайды және 2020 жылға дейін қызмет көрсету салаларын дамытуға қатысты құжат дайындалады.
Осыған орай, ол жаңа экономикалық жағдайларға өту кезінде салық заңнамасын оңтайландыруға, жаңа экономика секторларына қолдау көрсетуге, жер қойнауын пайдалануда инвестициялар тартуға, салықтық жеңілдіктерді оңтайландыруға, салықтық әкімшіліктерді жеңілдетуге уәде берді.
Бұдан бөлек, министрдің мәліметінше, Қазақстан экономикасын қолдау үшін бюджеттен 1,7 трлн теңге бөлінген. Оның 739 млрд теңгесі "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында бөлініп, 100 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Дағдарысқа қарсы шаралар бойынша орта және шағын бизнесті қолдау үшін 2016 жылы 411 млрд теңге жұмсалған. Оның 56 млрд теңгесі "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы арқылы 355 млрд теңгесі БЖЗҚ және Ұлттық қор есебінен берілді.
"Нәтижесінде қаржылық қолдауға кәсіпкерлердің 4300 жобасы ие болды. Несие портфелі 620 млрд теңгені құрады. Бұл шараларды жүзеге асыру кезінде ШОБ арқылы 2,6 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Қосымша 50 мың жұмыс орнын құруға және сақтап қалуға мүмкіндік алдық. Осы арқылы бюджетке 157 млрд теңге көлемінде салық түсті", - деді министр.
Ведомство басшысының сөзінше, Қазақстанның сыртқы саудасы 2016 жылдың 11 айында 21,4%-ға немесе 55,3 млрд долларға дейін төмендеген. Мұның себебі - әлем нарығында мұнай бағасының арзандауы және теңгенің айырбас курсының әлсіреуі. Министр бұл ЕАЭО аясында болып тұратын ортақ тренд деп атап өтті.