Алматы. 17 қыркүйек. 7kun.kz – Ұлттық банк төлем балансының ағымдағы шотына болжам жасады.
Қазақстанда ағымдағы шоттың сальдосы сауда балансының және кірістер балансының серпінімен айқындалады. Көрсетілетін қызметтер балансының серпіні тұрақты және оның ағымдағы шоттың көрсеткіштеріне әсері шектелген. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы шоттың жай-күйінің ІЖӨ-нің (-) 2,3%-і деңгейіне дейін жақсаруы күтіледі. 2019 жылы дефицит мұнайдың орташа жылдық бағасының төмен болуы есебінен ІЖӨ-нің (-) 3,8%-на дейін ұлғаяды.
Мұнай-газ секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыруды бастау нәтижесінде жабдықтар мен құбырлар импортының өсуі, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде шетелдік тікелей инвесторларға төлемдердің өсуі ағымдағы шоттың жақсаруының тежеуші факторлары болып қалады.
2018 жылы тауарлар экспорты өсуінің тауарлар импортының өсуінен басым қарқыны сауда балансының оң сальдосының ұлғаюына себепші болады. Сонымен бірге 2019 жылы мұнайдың неғұрлым төмен бағасы және мұнай-газ саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды ісе асыруға арналған тауарлар импорты көлемінің ұлғаюы сауда профицитінің төмендеуіне алып келеді.
Тауарлар экспорты ағымдағы шоттың жай-күйін айқындайтын негізгі құрауыш болып табылады. Негізгі экспорттық тауарлар мыналар болып табылады: мұнай және газ конденсаты (2017 жылы – 59,8%), қара (8,7%) және түсті (10,1%) металдар.
Мұнай және газ конденсатын өндіру ағымдағы жылы 91 млн тонна және 2019 жылы 93 млн тонна деңгейінде күтіледі. Әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы конъюнктура сақталады және Қазақстанның негізгі экспорттық нарықтарында экономиканың орнықты өсуі күтіледі. 2018 жылы тауарлар экспорты 37,4%-ға өседі. 2019 жылы мұнай бағасының бір баррель үшін 60 долларға дейін сценарийлік төмендеуі жағдайларында экспорттың 1,1%-ға қысқаруы болжанады.
Тауарлар импортының өсуі барлық болжамдық кеңістікте жалғасады. Базалық сценарий кезінде ішкі сұраныстың ұлғаюы тауарлар импортының 2018 жылы 8%-ға және 2019 жылы 10%-ға өсуіне себепші болады.
Тұтыну импорты (2017 жылы тауарлардың жалпы импортының 27,3%-ы) импорттың неғұрлым сезімтал құрауышы болып табылады. Тұтыну импортындағы өзгерістер айырбастау бағамының ауытқуларымен және тұтынушылық кредиттеудің серпінімен түсіндіріледі.
Бұл ретте аралық және инвестициялық импорттың айырбастау бағамына тәуелдігі салыстырмалы түрде төмен. Бұл мұнай-газ саласындағы инвестициялық жобалар үшін импортталатын тауарлардың елеулі үлесіне байланысты. Мұндай жобаларды іске асыру айырбастау бағамының өзгеруіне байланысты емес.
Кірістер балансы инвестициялардан, еңбекақы төлеуден және өтеусіз трансферттен түсетін кірістердің ағынын көрсетеді. Кірістердің теріс балансы шетелдік инвесторларға төленуі тиіс кірістердің экономиканың отандық субъектілерінің алатын кірістерінен асатындығын көрсетеді.
Болжамды кезеңде кірістер балансының тапшылығы ұлғаяды деп күтіледі. Бұл серпін Қазақстан экономикасының шикізат секторындағы шетелдік инвесторлар кірістерінің өсуімен түсіндіріледі, бұл өз кезегінде, мұнай бағасының тұрақтануымен және мұнайды өндірудің өсуімен қамтамасыз етіледі.