Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жаңа қазақстандық бренд: Мақсары майы

Жаңа қазақстандық бренд: Мақсары майы
Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде индустриялық-инновациялық жобалардың негізінен қалада емес, шалғай аудандарда орын тепкенін ерекше атап өткен еді. Сондай жобаның бірі Шу өңірінде іске асырылуда. Бұл жобаның басқалардан ерекшелігі сол, адам ағзасына өте пайдалы, көптеген елдерде қымбатқа бағаланатын жаңа өнім - мақсары майын шығаруды көздейді. Мақсары өңдейтін зауыт Шу ауданының Бірлік ауылында орналасқан.  «Kaz Ir Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылы құрылған. Олар өздерінің қарауындағы 5000 гектар аумаққа мақсары өсіріп, өндіріс орнында соның майын сығып алады. Шикізатты өздерінде өсіру оларға өте тиімді. Кәсіпорынның бас директоры, тегі парсылық бизнесмен Хамитреза Алинагиян жеке өндіріс орнын неліктен дәл Қазақстанда, оның ішінде Жамбыл облысында ашқанын байыппен жеткізді. «Туған елім Ираннан Қазақстанға келгеніме 15 жыл болды. Мамандығым экономист болғанымен, көп жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында еңбек еттім. Жалпы, біз өңдейтін мақсары әлемнің көптеген елдерінде мүлде өспейді. Ал, Қазақстанда, онда да оңтүстік өңірлерде бұл дақыл молынан жеткілікті. Оны баптап, өсіру де аса қиын емес. Сондықтан, осы өндіріске біржола бет бұрдым. Мақсары майы АҚШ пен Жапония секілді дамыған елдерде жоғары бағаланады. Былайша айтқанда, құны біздегіден он есе қымбат. Оны тек тағамға пайдалану үшін емес, массаж жасауға, шаш, тері күтіміне пайдаланады. Сондықтан, біз мақсары майының құндылығы туралы қазақстандықтарға екі тілде ақпарат беретін арнайы сайт аштық (www.kaziragro.kz). Бұл ақпарат құралының қолданушылары бүгіннің  өзінде аз емес. Сол арқылы сатып алушыларымыз да көбеюде. Біз әзірге майды Қытай, Ресей, АҚШ пен Иранға  экспортқа шығарудамыз. Келешекте өнім көлемі әлдеқайда ұлғаяды, сол кезде экспортқа да, ішкі рынокқа да көптеп шығарамыз», - дейді кәсіпкер. Жоба құны 5,7 миллион АҚШ доллары көлемінде. 2011 жылы Германиядан жаңа технология сатып алынған. Бүгінде 8 гектар жерді алатын толыққанды өндіріс орны тынымсыз жұмыс істеп тұр. Шет елдің техникасын пайдаланғанымен, отандық сапалы өнімді өндіріп отырған серіктестік бүгінде тек май емес, жомды да экспортқа шығаруда. Зауыт қазіргі таңда айына 120 мың литр май шығарады. Кәсіпорында 50 адам тұрақты жұмыс істейді. «Өңірге қаржы салғысы келетін инвесторлар өте көп. Бізге ирандық азаматтар инвестиция құйып отыр. Сонымен бірге, Халық банкінен несие алсақ деген ой бар. Келешекте мақсарыдан жасалатын майонез, шашқа арналған гель, крем секілді басқа да заттарды өндіруді жоспарлап отырмын. Келешекте мақсары өнімдерін облыстың бренді ретінде қалыптастыруды армандаймын», - дейді Хамитреза мырза. Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Похожие материалы