2016 жылы Қазақстанда мәдениет және спорт саласына жұмсалатын шығыстар 91 млрд теңгені құрайды, деп мәлімдеді ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Сенаттың жалпы отырысы барысында.
«Жалпы, мәдениет пен спорт саласына шығыстар 2016 жылы бекітілген жоспардан 34,5 млрд теңгеге ұлғайтумен 91 млрд теңгені құрайды», - деді Б.Сұлтанов.
Сонымен қатар, 2017 жылы өтетін Универсиадаға дайындық бойынша іс-шараларды іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін трансферт есебінен 28,8 млрд теңге қарастырылады. «Бұл ретте 12 және 3 мың орындық екі мұз айдынының құрылысын аяқтауға, ал универсиада іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуге 18 млрд теңге бөлінеді», - деп түсіндірді ол.
Бұдан өзге, Ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансферт аясында 4,8 млрд теңге 2017 жылғы универсиада нысандарына су бұру жүйесін дамытуға бөлінеді.
Министрдің мәліметінше, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың екінші кезеңін іске асыруға 24,9 млрд теңге сомаға шығыстар қарастырылған, бұл бекітілген жоспардан 11,2 млрд теңгеге көп.