Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Марат Тоқашбаев: Экономиканы басқара алмаудың көрінісі –девальвация

Марат Тоқашбаев: Экономиканы басқара алмаудың көрінісі –девальвация
Кешегі теңге  еркін айналымға жіберілгеннен кейін, бірден құнсыздануы қоғам арасында әрқилы пікір тудыруда. Наразылық білдірушілер де, дұрыс деп қолдаушылар да, ертеңіміз не болады деп алаңдаушылар да көп. Белгілі журналист Марат Тоқашбаевтың жазуынша теңгені еркін айналымға 2 жыл бұрын жіберу керек еді. Белгілі журналист Facebook парақшасында экономикадағы жағдайды алты түрлі себеппен байланыстырады.
Сонымен теңге девальвациясы орын алды! 20-тамыз күні кешке айырбас бағамы – 255,5 болды. Бір күннің ішінде халық теңгелей ақшасының 35-40 пайызынан айырылып қалды. Теңгені еркін айналым бағасына шығарғанға дейін Н.Назарбаев айтқандай екі жылдың ішінде ұлттық қордан $28 млрд жұмсалыпты. Яғни теңгені бұдан екі жыл бұрын еркін айналым бағамына жібергенде сол $28 млрд қоржынымызда қалар еді. Қаншалықты бұл девальвацияны әлемдік дағдарыстан, мұнай бағасының арзандауынан көргенімен меніңше бұл ең алдымен – мемлекетті тиімді басқара алмаудың көрінісі. Осы күнге дейін қаншама бастамалар болды, қаншама бағдарламалар қабылданды. Диверсификация туралы қаншама айтылғанымен бәрі аяқсыз қалды. Қосымша құн салығын көбейтетіндей отандық өндіріс тауарларын шығару іс жүзінде тоқырап тұр. Екіншіден, өндіріс орындарын ашқысы келген жігіттер коррупцияның тас қамалына маңдайларын соғып, бір емес бірнеше рет соғып кері қайтады. Алға басқан қадамы кері кетеді. Билік коррупциялық жүйе жойылмай коррупциялық жекелеген фактілер жойылмайтынын еш түсінгісі келмей-ақ қойды. Өйткені көбіне сол коррупциялық схемаларға өздері тікелей қатысты. Үшіншіден, билікте мемлекетшіл азаматтар жоқтың қасы. Олардың орнында кәсіби деңгейі төмен командаластар жүр. Командаластарға мемлекеттің көгеріп-көктеуінен гөрі өздерінің құлқындары қымбат. Төртіншіден, айнала көзбояушылық. Төменнен жоғары қарай. Болмаған нәрсені болды деп көрсетуге құмаршылық. Зауыт не құрылыс іске қосылды деп рапорт беріледі, Елбасы келіп ашқан соң ол жұмысқа кіріскенше тағы бір-екі жыл өтеді. Қарағандыда қолға алынған ұшақ өндірісі тәрізді. Екі самолет жасалып, оның бірі Президентке көрсетіліп ұшырылды, екіншісі көкке көтеріле алмаған күйі жерде қалды. Есесіне ұшақ ұшырылмаса да, миллиондаған қаражат желге ұшты. Бесіншіден, Қазақстандағы банк жүйесі басқа елдердегідей халықтың жағдайын жақсартуға, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге қызмет етпейді, ол өзінің тойымсыз тәбетін толтыруға ұмтылады. Сондықтан Қазақстанда банк кредитімен шырмалмаған отбасы қалмады десе болады. Алтыншыдан, қызғыштай қорып шаң жуытқылары келмегенмен Қазақстан экспортын галошқа отырғызған –Евразиялық одақтасымыз Ресей. Бір жылдың ішінде ғана 21 пайыз экспорт көлемінен айырылдық. Қазақстан сүтін жерге төккен, жемісін тракторға таптатқан бейнелері интернетте толып жүр. Сарапшылар қол қояр алдында зарын айтты. Бұл одақтан пайда жоқ деп. Тыңдаған құлақ жоқ. Қазақстанда 24 жыл бойы жүргізілген экономикалық реформалардан қарапайым халық бәлендей пайда көрген жоқ. Бұл енді Қазақстанда саяси реформалар жүргізу қажеттігін көрсетеді. Ең алдымен конституциялық реформалар қолға алынуы маңызды. Сондай-ақ Қазақстан әлгі Еуразиялық одақ мүшелігінен шығуы керек, ол мүмкін болмаса кемінде он жылға мораторий жолымен оның күшін тоқтата тұруымыз керек. Кедендік бекеттер қалпына келмей көгермейміз. Марат Тоқашбаевтың facebook-тағы парақшасынан

Похожие материалы