Банктер бірігеді деген соңғы жаңалықтарға қарасақ, мегабанктердің дәуірі басталып келе жатқандай. Бұл сұрақ - соңғы бір-екі жылда банк саласында талқыланып жатқан негізгі тақырып. Банк нарығындағы мұндай өзгерістерге не себеп болып отыр? Кішігірім банктердің болашағы қандай? Бұл мақаладан осы мәндес сұрақтарға жауап таба аласыз.
Былтырғы жылдың өзінде Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев акционерлерге банктеріне кредиттік көмек беру ойланатындарын және 2017 жылы бірнеше банктің бірігуі туралы ескерткен.
Ал Халық банктің басшысы Үміт Шаяхметова бір емес бірнеше рет қазақстандық банктердің шоғырлануын болжаған еді. «Қазақстанның экономикасы 2000 жылдағыдай қарқынмен дамып жатқан жоқ. Бизнес тоқырауда, ал жеке клиенттердің саны айтарлықтай көп емес. Менің ойымша, консолидация болады, банктердің сатылуы мен бірігуі орын алады. Бұл тренд тек ірі көлемді ғана емес, кіші және орташа банктерді де қамтуы да мүмкін», - деді банкир баспасөз-конференцияларының бірінде.
Сонымен қатар, Еуразиялық банктің экс-басшысы Майкл Эгглтонның да болжамы дәл келді. Ол 2014 жылы «Капитал.кз» сайтына берген сұхбатында «Жақын арада нарықта мегабанктер пайда болуы мүмкін. «Тoo big to fail» деп солар туралы айтылған (ағылшын тілінен аударғанда «құлау үшін өте үлкен» деген мағына). Ал банк секторында реформалар жасалады», - деген еді.
Таңдаулы банктердің жасырын келісімдері
Өткен аптаның соңында Қазкоммерцбанк пен Халық банктің баспасөз қызметтері "ҚКБ мен оның ең үлкен акционері Кеңес Рақышев Халық банкпен қаржы институттары арасында келіссөздер басталды", - деп хабарлаған. Ал Халық банктің айтуынша, бірігу туралы сөз болып жатқан жоқ.
«Асыл-инвест» компаниясының атқарушы директоры Нұрлан Рахымбаев «Қазкоммен бірігуге Халық банк ешқандай қызығушылық танытып отырған жоқ», - дейді. Сарапшының айтуынша, Қазком – жүйелі орныққан ірі болса да, актив сапасы нашар банк. Бұл Халық банктің активтерінің сапасына да ықпал етуі мүмкін.
Ал қаржы реттеуіші бұл келісімге қатысты біржақты пікір айтқан жоқ. Бірақ Ұлттық банк осы процестегі барлық жағдайды өз қадағалауында ұстайтынын және оның келісімінсіз ештеңе де жүзеге асырылмайтынын жасырмады, оның ішінде ірі акционерлердің алмасуы да реттеушінің мақұлдауымен ғана іске асады.
Sberbank Investment Research сарапшылары егер ҚКБ-мен келісім орнаса, Халық банктің инвестициялық тартымдылығы зардап шегуі мүмкін деген пікірде. «Әрине, барлығы ҚКБ-ның проблемалы активтерінің жағдайын жақсартуға мемлекет көмектесе ме дегендей мәселелерге байланысты. Біраз бұрын БАҚ өкілдері ҚКБ-қа 1,5 трлн теңге көмек қажет деп жариялаған еді», - дейді банк сарапшылары.
Бұл мәселе жөнінде оптимистік көзқарастағы ойыншылар да жоқ емес. АТФ Банктің басқарма төрағасы Энтони Эспинаның айтуынша, Қазақстанның банк нарығында екі «піл» бар, бірі – Қазком, екіншісі – Халық банк. Бірігетін болса, бір ғана «піл» қалады. Бұл өз кезегінде басқа банктердің өсуіне мүмкіндік береді. Себебі клиенттер бір ғана ойыншыға бағынышты болып қалғысы келмейді. «Ал төнетін қауіпке келер болсақ, менің ойымша, бір банктің барлық пайыздық мөлшерлемені уысында ұстап тұруына мүмкіндік туады», - деген пікірі айтады АТФ басшысы.
Сыбыс һәм қауесет
Басқалар банктердің бірігуін талқылап жатқанда, корейлік БАҚ Kookmin Bank өзінің Банк ЦентрКредиттегі өз үлесін сатады деп хабар таратты. The Korea Times басылымы осы аптада корей инвесторы Қазақстанға келіп, БЦК акцияларын сату үшін директорлар кеңесінің отырысына қатысатынын айтты. Қазіргі таңда оның БЦК-дағы үлесі - 41,93%. Инвестор 2008 жылы банк үлесінің 23 пайызын сатып алып, осы уақытқа дейін оның көлемін ұлғайтып келді. Сонымен қатар, IFC Халықаралық қаржы корпорациясы мен Бақытбек Байсейітов те осы банктің акционерлері.
«Ипотекалық бизнестің белсенді қатысушысы болып табылатын бұл банкке әлемдік дағдарыс ауыр соққы болды. Қазақстандағы 2014 жылғы девальвациядан кейін Kookmin Bank-тің БЦК-дағы акцияларының құны төмендеп кетті», - дейді корей басылымы. Лайықты үміткер табылса, Kookmin Bank өз үлесін келесі айда сатуды жоспарлап отыр.
Осы оқиғамен қатар нарықта АТФ банкті сатып алуға қызығушылық танытып отырған тағы бір ірі ойыншы бар деген қауесет тарады. Аталмыш қаржы институтының басшысы Энтони Эспина журналистермен болған кездесуде бұл ақпараттың жалған екендігін айтты. «АТФ банктің табысы адамды еліктірмей қоймайды, мен бізге неге мұндай ұсыныс түспегеніне таң қаламын», - дейді ол банк туралы.
Консолидация не береді?
«Банктер бірнеше себептермен консолидация жасайды. Ал Қазақстанда банк секторындағы бірігулерге екі себеп бар деп ойлаймын. Бірінші себеп әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде банк секторының қаржылық нәтижелерінің нашарлауынан шығады, ал екіншісінде Ұлттық банкке кішігірім банктерге көмек беріп отырғаннан барлығының біріккені тиімді», - дейді Наталья Мильчакова, «Альпари» компаниясының сараптама департаменті директорының орынбасары.
Оның айтуынша, Ұлттық банктегі жоғары лауазымды қызметкерлердің арасында 2016 жылы басталған бұл процесс осы жылы да жалғасын табады деген әңгіме бар.
«Біздің ойымызша, қаржы реттеуішінің стресс-тестінен өте алмаған бірнеше банктің сенімділігі өте төмен. Сондықтан олардың бірігуден басқа амалы жоқ. Шыны керек, қазіргі экономикалық дағдарыс банктердің ғана емес, көптеген елдердің тұтастай банк жүйесін әлсіретіп тастады. Мұндай мемлекеттердің арасында Испания, Италия мен Германия бар», - Наталья Мильчакова.
Экономист Мағбат Спанов банк режиміндегі көмек беру қалыпты құбылыс, мұндай өзгерістер жиі болып тұрады деп есептейді. «Мен ешқандай бір төтенше жағдайды көріп тұрғам жоқ. Жәй ғана Қазақстандағы экономикалық жағдайдың әсерінен банк секторы реформаға зәру және осындай іс-әрекеттерді талап етеді», - дейді экономист.
Ол «Жақында ДСҰ нарығы ашылатынын ұмытпау қажет және ЕАЭО құжаттарына да өзгерістер енгізіліп жатыр. Мұның бәрі жүйенің түпкілікті өзгеруіне алып келеді. Бұл реформалар қазір басталуы да ғажап емес», - деп атап өтті.
Дереккөз: Капитал.kz