Мемлекеттік сатып алу жүйесіне жаңашылдық енгізілгеді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаменті хабарлады.
2021 жылғы 15 қарашада «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Ол 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қабылданған түзетулер бір көзден сатып алуды қысқартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
«Бір көзден сатып алуды қысқарту шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасудың 4 негіздері алынып тасталды. Бір көзден сатып алу айрықша жағдайларда, мұндай сатып алуды өзге де бәсекелестік тәсілдермен жүзеге асыру мүмкін болмаған кезде ғана жүзеге асырылатыны туралы норма көзделген. Сондай-ақ, бір көзден сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдағаны үшін тапсырыс берушілердің бірінші басшыларының жауапкершілігі көзделген», – делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту шеңберінде рейтингтік-баллдық жүйені пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілді (2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі). Бірінші кезеңде бұл тәсіл құрылыс-монтаждау жұмыстарын және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстарды сатып алу бойынша қолданылатын болады.
Сатып алудың бұл тәсілі конкурстық комиссияның өнім берушіні таңдау процесіне қатысуын толығымен алып тастауды, осылайша кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауды көздейді. Өз кезегінде, кең ауқымды интеграция арқылы конкурс жеңімпазын веб-портал тиісті ақпараттық жүйелердегі ол туралы деректердің негізінде автоматты түрде айқындайтын болады.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту, сонымен қатар өнім берушіні таңдаудың объективті және ашық өлшемшарттарын пайдалану мақсатында онлайн режимде тауар сатып алуға мүмкіндік беретін Электрондық дүкен түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі көзделген.
Сатып алуды жетілдіру шеңберінде негіздемелік келісімдерді (2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі), сондай-ақ өмірлік циклі құнын (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) пайдалана отырып, конкурс «түрінде сатып алудың жаңа тәсілдері көзделген.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында, Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп сатып алудың бизнес-процестерін қайта қарау, бір көзден сатып алуды қысқарту, нарықты монополияландыруды және шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауды алып тастау, сондай-ақ тапсырыс берушілер тарапынан жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмау бойынша мәселелерді пысықтауда», - делінген хабарламада.
Қабылданып жатқан шаралар ашықтықты, мемлекеттік сатып алулардың қолжетімділігін, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді дамытуға мүмкіндік береді, – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаменті хабарлайды.