Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Менің атыма несие рəсімделген 

Менің атыма несие рəсімделген 

Екі жыл бұрын маған коллекторлық агенттіктен хат келді. Онда 25 мың теңге төлеуімді талап етіпті. Хатта келісімшарттың нөмірі көрсетіліп, төлемнің кестелік құжаты қосымша қыстырылыпты. Мен соған еріп, сол агенттіктің алматылық нөмірлеріне ұялымнан телефон шалып қойдым. Мәселенің анық-қанығын білгім келген, себебі несие алсам, төлеймін, менің ипотекам бар.  Ал, бұл менікі емес.

Коллекторлардан несие келісімшартының көшірмесін, ақша аударғандарының түбіртегін сұраттым. Маған несие алушының құжаттық деректерін айтты – менікі екен. Бірақ жұмыс орны мен телефон нөмірлері менікі емес. Мен деректер дұрыс емес екенін айттым, олар егжей-тегжейін анықтаймыз деді. Ертеңіне телефоныма тыным болмады, коллекторлар 25 мың төлеуімді талап етті. Аптасына бір сома ауысып тұрды: біресе 24500, біресе 25000, біресе 26000. Маған күніне екі-үш рет хабарласатын, бірер нөмірді блоктап тастадым. Бірақ нөмірлер ауысып тұрды, қызметкерлер де әр кезде әртүрлі болатын. Мен бәріне түсіндіруге тырыстым, несие алған мен емес, қарайық, реттейік деп. Олар басында келіскендей болды, сосын: «Несін талқылаймыз? 25 мың төлеңіз, болды» дейді. Мен бұл жағдайға түкірдім де, жарты жыл телефон көтермедім. Сосын несие алуға қажеттілік туды. Әйеліммен банкке бардық, өтініш толтырдық, бірақ бізге несие беруден бас тартты. Ал менің онда бір несием бар еді, несие тарихым жақсы еді. Бас тарту себебін айтпады, бірақ мен таныстарым арқылы қара тізімде екенімді білдім. Сосын мен өз несие тарихыңды сұратуға болатынын білдім. Банк арқылы несие тарихы бюросына жүгініп, 3000 теңгедей төлеп, бірнеше жыл бұрын менің атыма бір микронесие ұйымында несие рәсімделгенін білдім. Олар жарты жыл күтіп-күтіп, менің қарызымды коллекторларға сатып жіберіпті. Мен сол микронесие ұйымына хабарласып, мәселені реттеуін талап еттім, олар шаруамыз жоқ дегендей болды. Менің несие тарихым бүлінді, маңызды нәрсе ғой ол. Сондықтан заңгерлерге жүгіндім. Олар менің сотта ұтып шығу ықтималдығым көп деді. Жарты жыл бойы МНҰ-мен соттасып, ақырғы шешім жоқ. Әлгі ұйым атауын өзгертіп, көп уақыт бойы хаттарға жауап бермеген. Қазір сот бойынша жауап бере бастады. Менен ешқандай арыз-талаптары жоқ екенін айтады, бірақ менің оларға әңгімем бар енді! Шағымымда мен несие тарихымды өзгертуді талап еттім, коллекторлар тарапынан қуғынды да доғарсын дедім, заңгерлерге шығынды және өтемақы ретінде 50 мың теңге талап еттім. Маған олардан өндіруге болатын нақты сома осы шама деді. Заңгерлерге 120 мыңдай құрттым, тағы 10 мыңдай сенімхат пен несие тарихы бюросына өтініш жіберуге кетті. Қыркүйектің ортасында кезекті сот отырысы болды, соңғы деуге болатын шығар. Несие тарихым қазір таза, әлгі несие туралы тармақ жоқ. Қазір заңгерлермен ақылдасып, сот шешімі бойынша ұйымнан ақша өндіру шаруасы ғана қалды. Бастысы, қарсы әрекет етуге болады. Қазір 25 мың болғанымен, ертең біреулерде миллион болуы мүмкін ғой. Сондықтан абай болыңыздар, заң жүзінде қимылдаңыздар! Жағымсыз оқиға, бірақ соттасуға дайындалып жүріп, түрлі форумдарда бұндай ұйымдардың қалай жұмыс жасайтынын, қалыптасқан схемасын білгендей болдым. Ол жөнінде кейінірек баяндап беремін...

                                                    Самалбек

Похожие материалы