Қазір әлемде көп сөз болып жатқан иммиграция туралы пікірталастарда «иммигранттарды қабылдау – тым қымбатқа соғатын мәрттік шарасы» деген ой жиі айтылады. Бірақ иммигранттар тек экономикалық салмақ салып қана қоймай, баратын елдеріне үлкен экономикалық мүмкіндік әкеледі. Иммиграцияға ұзақмерзімді тұрғыда, тереңнен қарайтын елдер одан біршама пайда көре алады.
Маккинси ғаламдық институтының (MGI) соңғы зерттеуі көрсеткеніндей, шекара асқан мигранттар (олардың 90 пайыздан астамы экономикалық себептермен көшкен) әлем халқының тек 3,4 пайызын құрағанымен, ғаламдық ЖІӨ-нің 10 пайызын береді екен. Бұл мигранттардың шамамен үштен екісі өнімділігі жоғары дамыған елдерде тұратындықтан, олардың жұмысының әсері де көп, экономикалық тиімділігі де жоғары. Мұнда түрлі кәсіби деңгейдегі мигранттардың бәрінің рөлі бірдей.
2015 жылы мигранттар әлемдегі ЖІӨ-ге 6,7 триллион доллар өнім өндіріп, үлесін қосқан. Егер өз елдерінде қалғанда олар бұдан 3 триллион долларға аз өнім өндірген болар еді. Дамушы елдерден дамыған елге қоныс аудару өнімділікті еселеп өсіретіндіктен, әлемдік ЖІӨ-ге қосатын үлестің 90 пайыздан астамы бай елдерге көшкендерге тиесілі. MGI-дің есептеуі бойынша, иммигранттар АҚШ-та 2 триллион доллардың, Германияда 550 миллиард доллардың, Ұлыбританияда 390 миллиард доллардың, Австралияда 330 миллиард доллардың, Канадада 320 миллиард доллардың өнімін өндірген.
Иммигранттар инновация мен кәсіпкерліктің ең маңызды көзі болғандықтан, бұл сандардың өзі тым аз шығар. Олар әсіресе халқы тез қартайып бара жатқан елдерде үлкен рөл ойнайды, себебі олар бұл елдер үшін өте қажет нәрсе – жұмыс күшінің санын арттырады, қарттар мен жастар арасындағы арасалмақты теңестіреді және салық түсімдерін көбейтеді.
Жалпы қалыптасқан көзқарасқа кереғар жағдай - иммигранттар көбіне жергілікті тұрғындардың жұмыс орындарын иемденбейді. Олар көп жағдайда жергілікті адамдар істеуді қаламаған жұмыстарға тұру арқылы қоғамға біртіндеп сіңіседі. Көптеген зерттеулерге қарағанда, иммигранттар барған елдерінің фискалдық ресурстарын былай қойғанда, жергілікті тұрғындардың жалақысы мен жұмысқа тұруына мардымсыз кері әсерін тигізеді.
Ал және бір зерттеулерге қарағанда, Еуропа пен Солтүстік Америкада мигранттар бірдей жұмыс істейтін, білім деңгейі де бірдей жергілікті азаматтарға қарағанда 20-30 пайыз аз жалақы алады. Иммигранттар, мәселен, тілдік барьердің кесірінен немесе кей қабілеттерінің мойындалмауы себепті жалақы көлемі бойынша онша келіссөз жүргізе алмайтындықтан, бұл елдерде екі түрлі еңбек нарығы қалыптасады.
Бұл теңсіздік экономикадан да кең ауқымды алып жатыр. MGI-дің тұжырымы бойынша, мигранттарды қабылдаушы 18 елдің ешқайсысы интеграцияның бірде-бір бағыты бойынша көп нәтижеге жете алмаған, дегенмен араларында кей салада көп жетістікке жеткендері де бар. Иммигранттарды қабылдаушы ірі елдердің барлығында жергілікті азаматтарға қарағанда экономикалық кедергілерге көп ұшырайтыны өз алдына, олар сапалы тұрғын үй мен медициналық қызметті пайдалану саласында қиындықтар көреді, олардың балалары білім алуда артта қалады. Кемсіту мен сенбеушіліктен зардап шегіп жатқандар да көп. Осының барлығы иммигранттардың барған елдеріне септігін тигізу мүмкіндігін азайтады.
Басты мәселе – көп елдерде иммиграция туралы пікірталас «қанша адамды қабылдау керек?», «олар қандай жұмысқа орналасады?» деген сауалдардан әрі аспайды. Олар иммигранттарды қоғамға кіріктіру, экономикалық тиімділігін арттыру мәселелерін сирек қозғайды.
Интеграция мәселесіне көп назар аударып, ресурс бөлсе, жаңа қоныс аударушылардың өнімділік әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік туады, ал бұл - иммигранттарды қабылдайтын әр елдің мүддесіндегі нәрсе. Бұл әрекеттер иммигранттардың және олардың екінші, үшінші ұрпақтарының болашақтағы жұмыс күші ретіндегі өмірлеріне өзгеріс енгізер еді.
Осы тұрғыдан алғанда, иммигранттарды тек жұмыс беруге таңып қою – жаңсақтық. Оның үстіне, оларды белгілі бір жұмыс орындарымен байланыстыруға қанша тырысса да, білім, тұрғын үй, денсаулық сақтау, әлеуметтік және азаматтық өмір салаларында таршылық көргендер еңбек нарығында да таршылық көреді.
Егер иммигранттар өз әлеуетін толық пайдалансын десе, қабылдаушы елдер экономикалық, әлеуметтік және азаматтық шараларды кешенді түрде жүргізуі керек. Оның үстіне, иммигранттар біраз уақыттан соң өзгеретіндіктен, бұлардың барлығы ұзақмерзімдік бастамалар болуы керек. Иммигранттардың жетістікке жетуі олардың өздерінің және қабылдаушы елдердің қатысуымен жүзеге асуы тиіс.
Жергілікті ұйымдар мен Нью-Йорк, Лондон, Берлин сияқты «қақпа» қалалар иммигранттарды интеграциялауға байланысты өте тиімді шараларды қолға алып жатыр. Олар иммигранттар беріп тұрған мүмкіндікті және олардың алдындағы жауапкершілікті сезіне алатындай дәрежеге жетті.
Олар беретін мүмкіндіктің де ауқымы орасан зор. MGI-дің зерттеуіне қарағанда, иммигранттар мен жергілікті тұрғындар арасындағы жалақы айырмашылығын 5-10 пайызға азайтқан жағдайда бұл әлемдік деңгейде қосымша 800 миллиардтан 1 триллионға дейін табыс келтіреді. Бұл сондай-ақ, қоғамға да пайдасын тигізеді, мәселен иммигранттарды қабылдайтын елдерде кедейлік шегі жоғарылап, өнімділік көлемі артады.
Әрине, қабылдаушы елдерге иммиграция қысқа мерзімдік тұрғыдан біраз қиындықтар мен ақшалай шығын келтіреді. Әсіресе, аяқ астынан көп босқын ағылып келетін болса. Бірақ, иммигранттардың орта және ұзақ мерзімді пайдасын ескерер болсақ, егер үкіметтер интеграцияға қолдау білдірсе, бұл шығындардың орнын толтыру оңай.
Бүгінгідей өзара біте қайнасқан қоғамда миграция – ешкім құтыла алмайтын құбылыс. Мәселе біз оқшауланған, кіріптар, көңілсіз иммигранттар тобын құрамыз ба, әлде өсім мен динамикаға серпін беретін белсенді топ құрамыз ба, соған байланысты.
Автор туралы: Ян Голдин – жаһандану және даму профессоры, Оксфордуниверситетіндегі технологиялық және экономикалық өзгерістер жөніндегі Мартин бағдарламасының директоры. Джонатан Ветцель – Маккинси Ғаламдық институтының директоры, Шанхайда (Қытай) орналасқан McKinsey & Company компанияның аға серіктесі.