Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Миллиардер де жылайды

Миллиардер де жылайды

Шетелдік БАҚ-тың есептеуінше, Қытайда жыл сайын шамамен 1,5 мыңнан 2,5 мың адамға дейін өлім жазасына кесіледі. Сот үкімімен ең ауыр жазаға кесілгендердің қатарында 48 жасар миллиардер, әлемдегі темір кенін өндіретін ең ірі «Ханьлунь групп» компаниясының экс-директоры Лю Хань да бар. Forbes мәліметі бойынша, ол Қытайдағы ең бай 200 адамның қатарына кіреді. 885 млн доллар табысы бизнесменнің кінәсі неде? Дүйсенбі, 9 ақпан күні өлген миллиардер неден жаңылды?

Тоқсаныншы жылдары экономикасы қарқынды түрде дамып келе жатқан Қытай шикізатқа зәру еді. Көмір мен минералға бай Сычуань провинициясында дүниеге келген Лю Хань да дәл осы кезеңде өзінің бақыт кілтін табады. Алғашқы капиталына ие болғаннан кейін, ол құрған «Ханлунь групп» Сычуанның барлық шахтасы мен кен орындарын бақылауға алып, Қытай өндіріс нарығындағы ең ірі ойыншыға айналады. Кейінірек, Америка, Африка және Австралиядағы жобаларға инвестиция салып, әлемдік аренаға жол табады. Тау-кен саласын игергеннен кейін, болашақ миллиардер энергетика, құрылыс және туризм саласында активтер сатып ала бастайды. Медальдің екінші жағы Прокуратураның мәліметі бойынша, қытайлық миллиардер бизнесін дөңгелетуімен қатар, қылмыстық топты да уысында ұстаған. Лю Ханьнің «сенімді» шеңбері достары мен туыстарынан құралады. Көшбасшының «оң қолы» және басты көмекшісі інісі Лю Вэй болған екен. Ал қылмыстық топтың өзі 37 мүшеден тұрған. Айыптаушы жақ ағалы-інілілер өз «ұйымдарын» 1993 жылдан бастап құра бастаған деген мәлімет келтіреді. Туыстық топ пайда болысымен, қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, кісі ұрлау тәрізді түрлі қылмыс жасайды, заңсыз казино ұстайды, қару-жарақ сатады, тіпті 9 кісі өлімін де мойнына жүктейді. Темір торға тап болғаннан кейін миллиардер бизнесте агрессивті тактика қолданғаннан мойындады. Бірақ саяси мүдделерге байланысты өзіне тұзақ құрылғандығын айтып, басқа айыптаулардың бәрін мойындаундан бас тартты. Ал прокуратураның айтуынша, осы стилінің «арқасында» миллиардер жолын бәсекелестерінен тез тазартып, сансыз қылмыстардың ұшығын табылмастай жоғалып отырған. «Жарылқаушы» жарамады

Чжоу Юнкан 2002-2007 жылдар аралығында ҚХР-дың қоғамдық қауіпсіздік министрлігін басқарған, 2007-2012 Орталық Комитеттің саяси-заңдық комиссия хатшысының лауазымында болады. Ал 1999 және 2002 жылдары ол «Ханльунь групп» өркендеп келе жатқан Сычуань провинциясындағы партиялық ұйымды басқарады және дәл осы кезден бастап болашақ миллиардердің жарылқаушысына айналады дейді қытайлық басылымдар.

Бірақ 2012 жылдан бастап қытай билігіндегі түрлі топтардың өзара араздығына байланысты Чжоу Юнканның өзіне қарсы тергеу ісі басталады. 2014 жылдың наурызында жоғары лауазымды саясаткердің ісін қарау кезінде, жалпы құны 15 млрд доллар мүлкі тәркіленгені туралы хабар тарайды. Сычуань провинциясындағы партиялық билік орнынан кетіп, жүздеген адамдар қамауға алынады. Сол жылдың наурызында Чжоу Юнканның өзін үлкен көлемде пара алды, мемлекеттік және партиялық құпияларды жарыққа шығарды деген айыптаулармен партия қатарынан шығарып, қамауға алады. Іле оның артынша Лю Хань мен оның інісі және қылмыстық топтың белсенді мүшелері де темір торға түседі. Соңғы нүкте «Миллиардер ісіне» байланысты тергеу мен сот процессі 2 айдан астам уақытқа созылады. Кейінірек мәлім болғандай, қытайлық құқық қорғау органдары ондаған жылдар бойы Лю Ханьның  табыс кілтінің құпиясын зерттеп отырған. Кісі өлімі, заңсыз кәсіпкерлерік, сансыз пара алулар және басқа құпиясы ашылмаған істердің барлығы Лю Ханьға қарсы таптырмас айыптаулар болды. Тергеу құжатын ашуға 2009 жылы Сычуаньдағы үйлердің бірінде 3 адамның атылып кетуі негізгі түрткі болған. Кісі өліміне күдіктілер миллиардердің інісі Лю Вэймен байланыста болғандарын мойындады. Осыдан кейін ағалы-інілерге қарсы кең көлемдегі тексеріс басталады. 2014 жылдың наурызында бірінші сатылы сот Лю Хан мен інісін және қылмыстық топтың тағы 3 басшысын өлім жазасына, бес адамды екі жылға шегеріммен өлім жазасына, төртеуін өмір бойы қамауға алу туралы үкім шығарды. 22 адамға түрлі мерзімде темір торға отырғызылды. Кейінірек олар түрлі инстанцияларға апелляциялық шағым түсірді, бірақ барлығы да сәтсіз аяқталды. Сот үкімі 9 ақпан күні орындалды. Хубэй провинциясында орындалған өлім жазасынан бұрын оларға ең жақын туыстарымен кездесуге рұқсат берілді. Жыл сайын Қытайды қанша адамның өлім жазасына кесілетін құпия ақпарат, бірақ құқық қорғау органдарындағы материалдарға сүйенсе, бірнеше мыңға жуық жан ең жоғары деңгейдегі жазаға ие болады. Олардың қатарлары да кәсіпкерлер мен жоғары лауазымды шенеуніктермен толығып отырады. Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"

Похожие материалы