Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Мобильдік операторлар банктік қызмет ұсынатын болады

Мобильдік операторлар банктік қызмет ұсынатын болады

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі "Төлемдер мен ақша аударымдары" туралы заңға өзгеріс енгізбек. Бұл өзгерістер мобильдік операторларға электронды ақшалардың агентіне айналуға және абоненттік есепшоттардан транзакциялар жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда заң жобасын Ұлттық банктің консультациялық кеңесі қарап жатыр. Талқылауға екінші дәрежелі банктер (ЕДБ), Қазақстанның интернет қауымдастығы, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы, Қазақстандық интернет-бизнес және мобильдік коммерция қауымдастығы (ҚИБҚ) және реттеушінің өзі қатысты.

ҚИБҚ президенті Константин Горожанкиннің айтуынша, сарапшы топ төлем жасалатын қаржылық сызбаны банктердің қатысуымен қарап жатыр. «Құрылым былайша жұмыс істейді деп отырмыз: мобильдік оператор коммерциялық банкпен келісім-шарт жасасады. Осылайша виртуалды карта жасалып, сол картаға абоненттік есепшоттан ақша түсіп, төлем жасалатын болады. Сонымен бірге, мобильдік операторлар мобильдік қосымшаларды да іске қосқанды жөн көріп отыр. Тауарлар мен қызметтерді төлеу үшін: банк картасын, электронды әмиян немесе мобильдік оператордың есепшотын қолдануға болады. Бұл жерде банк та қатысады», – деп түсіндірме беріп кетті Константин Горожанкин.

Сарапшы екінші дәрежелі банктердің мобильдік операторлар тарапынан болатын бәсекелестіктен аздап қорқып отырғанын да жасырмады. Екінші дәрежелі банктер байланыс операторларының банктік лицензия алуын міндеттеген дұрыс деп отыр. «ҚИБҚ-да төрт мобильдік оператордың екеуі бар, біз олардың ұстанымдарын қолдаймыз. Нарық ойыншыларының ұстанымын Ұлттық банк қолдап отыр. Соңғы талқылау кезінде Ұлттық банктің төраға орынбасары Нұрлан Құсайынов банктердің технологиялық жағынан тоқтап қалғанын және нарықтың дамуын тежеп отырғандығын баса айтты», – дейді К.Горожанкин.

Электронды коммерция дамуы барысында ЕДБ тек көмекші құрал ретінде қалуы мүмкін. Қазақстан интернет қауымдастығының атқарушы директоры Әсет Нұрпейісовтің айтуы бойынша, электрондық төлемдер нарығында банктер өз үлестерінің 30-40%-ын беруі ықтимал.  «Түзетулер енгізгеннен кейінгі үш жылда халықтың 80%-ы аталған төлем жүйесін қолданатын болады. Алынатын комиссия мөлшері 3%-дан кем болмайтын болуы керек, себебі операторларда инфрақұрылым жасау барысында қиындықтар туындайды. Дайындық әзірге төмен, бірақ инновация мобильдік байланыс секілді жылдам тарайды. Рәсім техникалық жағынан да, заңи тұрғыдан да өте қарапайым. Қиыншылықтар комиссия көлемінен байланысты ғана туындайды. Меніңше, келешекте банктер ақша аударымдары, депозит пен несие сегменттерінде салмақтарын азайтып алулары ғажап емес», – дейді сарапшы.

Константин Горожанкиннің ойынша, банктер электронды коммерцияның дамуын әдейі тежеп отырған көрінеді. Қазақстандық сатып алушылар желіде шектелген. Банк карталары арқылы жасалатын төлемдерді қабылдамау көрсеткіші 40%-дан асады. Қазақстандық сатып алушылар секілді, интернет-бизнес те осының әсерінен кенде қалып отыр. «Банктер алаяқтыққа ұшырап қалудан қорқып, көбіне интернет-транзакцияларды бұғаттап тастайды. Бүгінде қолданушы туралы ақпараттың сақталуын қамтамасыз ететін құралдар бар. Мәселен, 3D қауіпсіздік хаттамалары онлайн төлем жүргізілген уақытта қолданушыға ғана аян құпиясөзді теруді сұрайды. Смс-банкинг қызметін де қолдануға болады. Қандай болмасын транзакция жүргізілген уақытта сізге смс келетін болады. 90 күннің ішінде транзакцияны бұғаттауға мүмкіндігіңіз бар. Банктердің қауіпсіздік қызметі e-commerce бизнесін онша түсіне қоймайды. Алаяқтық транзакцияларды аңдып, интеллектуалдық механизмдерді жөндегеннен гөрі интернет-транзацияға тыйым салғанды жөн көреді. Мобильді операторларға несиелік тәуекелге барып, қаржылық модельдер құру қажеттілігі туындайды. «Кcell» АҚ-ның бұқаралық нарық дамуы жөніндегі директоры Хикматулла Насритдинходжаев оператордың мемлекеттен бастап шағын және орта бизнес өкілдеріне дейін төлем процессингін жүргізуге даяр екендігін жеткізді.

Похожие материалы