Енді қозғалтқыш көлеміне қарамастан мотокөлік құралдарын басқару үшін жүргізуші куәлігі міндетті болады деп хабарлайды Қазақстан ІІД Әкімшілік полиция комитеті.
"Егер бұрындары қозғалтқыш көлемі 50 шаршы сантиметрден аз мотокөлік құралдарын басқару кезінде жүргізуші куәлігінің болуы талап етілмесе, енді көліктің бұл санатында қозғалтқыш көлемі бойынша төменгі меже белгіленбейтін болды. Бұған қоса, аталған мотокөліктің иелері өз көліктерін мемлекеттік тіркеуден өткізуі тиіс: әкімшілік полицияға есепке тұрызып, мемлекеттік нөмір белгілерін алуы қажет", - делінген хабарламада.
Мекемедегілер егер мотокөлік 50 км/сағ артық жылдамдықпен жүре алса, қозғалтқыш көлеміне қарамастан жүргізуші куәлікке ие болуы тиіс екенін түсіндірді. Заңнамаға сәйкес "А1" санатынағы жүргізуші куәлігін 16 жасқа толған адамдар ала алады, ал "А" санатын 18 жасқа толған азаматтар ала алады.