Экономика
Выбор редактора
Мүлікті жекешелендірудің екінші толқыны қалай жүргізіледі?
Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған жобаның бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша» заң жобасының мақұлдануы.
Рақымшылық аясындағы жария ету субъектілері үшін бірқатар кепілдіктер көзделеді. Атап айтқанда, құқық қорғау, басқа мемлекеттік органдары, банктер мен өзге ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен қосымша қорғалу бөлігінде қылмыстық жауаптылыққа дейін қылмыстық заңнама нормаларын нақтылау және қатаңдату қарастырылады. Екіншіден, қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жария ету барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді. Үшіншіден, мүлікке жария етуді өткізу процесінде мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеуші туралы алған мәліметтерді және ақпараттарды ұсынуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, банктік заңнамаға жария етілген ақша туралы ақпаратты тек Бас прокурорының немесе оның орынбасарларының санкциясымен ғана құқық қорғау органдарына беру нормасы енгізіліп отыр. Сосын жария етілген мүлікті тәркілеуге тыйым салынатын нормалар да бар.
Сонымен қатар, ақшаны жария ету бойынша 3 опция ұсынылады. Біріншіден, банк шоттарына олардың сақталуы бойынша міндеттемесіз, алымдарды төлемей, шектеусіз өзінің қарауы бойынша иелік етуіне қарай аударуға мүмкіндіктер көзделеді. Банк шотына 10 пайыз мөлшерінде алымды төлемей-ақ аудару қарастырылады. Заң жобасында қамтылған шараларды іске асыру үшін жария ету мерзімін 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту қарастырылған.
«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң 2014 жылдың 1 қыркүйегінен күшіне енгені мәлім. Заңның негізгі мақсаты және бетпе-бет келген негізгі мәселелері жайында Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Байсын Талғат Әмілбекұлынан сұрағанымызда: «Бірінші кезекте, мүлікті жария ету дегеніміз - табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі екендігін атап өту қажет. Сонымен бірге, жария етілген капитал түрінде экономикаға қосымша қаражатты тарту оның басты мақсаты болып табылады. Науқан бар мүлікті жария етуге және заңды айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Осы науқанға қатысуға заңмен белгіленген тәртіпте мүлкін жария ететін Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың құқығы бар. Сондай-ақ, Жария ету туралы Заңмен жария етуге жататын мүлікпен қатар, жария етуге жатпайтын да мүліктің барынша толық түсінігі белгіленген. Атап айтқанда, Заң Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жердегі мүлікті жария етуге мүмкіндік беретінін назар аудару қажет деп санаймыз» деп жауап берді.
Жария етуге жататын мүліктерге: ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, басқа адамға ресімделген жылжымайтын мүлік, Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік. Ақшаны жария ету бойынша науқан жария етуші азаматтарға да, ел экономикасы үшін де тиімді. Бір айта кетерлігі, жария етілген ақша кіріс болып танылмайды да оларға салық салынбайды. Осылайша, өзіңізге берілген ақшаны жария ету құқығын пайдаланып, сіз өзіңіз үшін жария етілетін ақша сомасынан он пайызды үнемдей аласыз. Яғни, егер сіз ақшаны, жария ету мақсаты үшін ашылатын жеке банк шотына аударымдар енгізу жолымен жариялаған болсаңыз, онда 10 пайыз алым бюджетке төленбейді. Жария ету үшін алым шетелдегі мүлікті, сондай-ақ шетелдегі немесе Қазақстандағы ақшаны жария еткен, бірақ оларды жеке банк шотына орналастырмаған жағдайда төленеді.
Сондай-ақ мүлікті жария етуді өткізу табыстылығының факторы осы науқан барысында алынған мәліметтер құпиялылығын сақтау болып табылады. Осындай ақпараттың құпиялылығы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес кепілдендірілді. Банктік, салықтық және қызметтік құпияны сақтау ескеріледі.
Бұл тұрғыда Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Байсын Талғат мырзадан «Қарапайым халықта мүлікті немесе ақшаны жария етер болсақ кейін басымызға бәле болмай ма, қудалауға түсіп қалмаймыз ба?» деген күмән туатынын айтқанымызда: «Қандай мүлік жария етілуі мүмкін дегенді түсіну үшін, егер кінәлі деп тану не жауапкершілікке тарту туралы акті орындалса, Әкімшілік құқық бұзу кодексі немес Қылмыстық кодекстің қандай баптары бойынша адамдар жауапкершіліктен босатылатынын қарау жеткілікті. Көрсетілген заң бойынша әкімшілендірілетін құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың тізбесі кішкентай деуге болмас. Осылайша, егер заңнама талаптарын бұза отырып алынған кірістер болса, онда бұл жауапкершілікке тартылмаудың, оған қоса мұндай ақша қаражатын өзінде сақтап қалудың үлкен мүмкіндігі. Азаматтар республика аумағында орналасқан және тиісті түрде ресімделмеген жылжымайтын мүлікті әкімдіктер жанындағы комиссияларында жария ете алады. Ал мемлекеттік кірістер органдарына азаматтар Қазақстан Республикасы аумағындағы сияқты одан тыс жерлерде орналасқан мынадай мүлікті: ақшаны, бағалы қағаздарды, заңды тұлғалардағы қатысу үлесін, жылжымайтын мүлікті жария етуге жүгінеді. Ақшаны жария еткен адамға табыс салығы салынбайды», – деді.
Мүлікті жария ету мерзімі осы жылдың соңында аяқталады. Ал 2017 жылдан бастап қазақстандықтар үшін табыстары және меншіктегі мүліктері бойынша жалпылай декларация тапсыру науқаны басталады. Сонымен қатар, әрбір жеке тұлғалардың табысы, оның жасаған шығындарының декларацияда көрсеткен табысына сәйкестігі бақылауға алынады. Қажет жағдайда тиісті әкімшілендіру шаралары қолданылады. Тек осы мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы заң аясында жария етілген мүлік және ақша бойынша сұрау болмайды, егжей-тегжейлі тексеру жүргізілмейді. Бірегей акцияның маңыздылығы да осында. Сондықтан азаматтар мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндікті өз уақытында тиімді пайдаланып қалуы абзал.