2015 жылы "Мұнай сақтандыру компаниясы" АҚ-ның (МСК) таза табысы 2,9 млрд теңгені құрады. Бұл туралы компанияның 20 жылдығына арналған баспасөз конференциясында мәлім болды.
"2015 жылы компанияның даму барысында бизнес көрсеткіштері мен кіріс көлемі артты. Өткен жылдың нәтижелері бойынша компания 2,9 млрд теңге таза табысқа қол жеткізіп, 12,3 млрд теңгенің сақтандыру сыйлықақысы жиналды. Компанияның активтері 29%-ға артып, 16,6 млрд теңгеге дейін өсті. Ал таза сыйақылар 5,8%-ға артты", - деді компанияның басқарма төрағасы Жарқын Әлжанов.
Оның сөзінше, "МСК" АҚ өткен жылы испандық Sphera Global Gestión Médica Internacional S.L. компаниясымен бірлесіп, "Денсаулық саласы" атты өнімді іске қосты.
Сондай-ақ, отырыста мәлім болғандай, Қазақстанда онлайн сақтандыру енгізіледі. "Алдағы уақытта интернет сақтандыру қызметі қазақстандықтар үшін қолжетімді болады. Бірыңғай сақтандыру полисін енгізу ҚР Ұлттық банкінің, Қазақстандағы сақтандырушылар Қауымдастығының және Қаржыгерлер Қауымдастығының қатысуымен әзірленген "Сақтандыру нарығын дамытудың жол картасында" қарастырылған", - деді компания төрағасы.
2015 жылы "МСК" АҚ жеке тұлғалармен сақтандыру жөнінде 646,9 мыңнан аса шартқа қол қойып, корпоративтік клиенттермен 124 813 шарт жасаған.
20 жылдық мерейтойын атап өту барысында компания жетекшілері жеткен жетістіктері жөнінде айтып өтті. Спикерлердің сөзінше, өткен жылы Standard & Poor's агенттігі компанияның қаржылық тұрақтылығына "В" деңгейінде деген баға беріп, ұзақ мерзімді несиелік рейтингісін растады. "Standard & Poor's агенттігі компания қызметіне қатысты "тұрақты" деген болжам жасады. Осыған байланысты сақтандыру нарығында компанияның операциялық қызметі мен капиталдандыру көрсеткіштері жақсы екенін байқаймыз", - деді "МСК" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тілек Әлжанов.
Айта кетейік, "МСК" АҚ 1996 жылы "АстыкИнСтрах Сақтандыру қоғамы" деген атаумен құрылған. 1997 жылы "Мұнай сақтандыру компаниясына" өзгертіліп, осы жылы аймақтарда 13 филиалы ашылды. Қазіргі таңда республика бойынша 17 филиал, 56 агенттік және 500-ден аса сату нүктелері қызмет етеді.