Елімізде индустрияландыру жобасының нәтижесінде бірқатар өндіріс ошақтары ашылып, қаншама маман жұмыспен қамтылды. Кезінде тұралап қалған кәсіпорындардың да тамырына қан жүгірді. Бір айта кетерлігі, бұл индустрияны ілгері басқызатын жобаның дені шетелдік инвестициясының арқасында ашылды.
Жыл сайын Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетін ұлттық телекөпір кезінде бірнеше жобаның тұсауы кесіледі. Бұл жобалар бүгінде жемісін бере бастады.
Мәселен, 2017 жылы өткен жалпыұлттық телекөпірі кезінде шамамен 1,9 трлн теңгені құрайтын 127 жоба қанатын қақты. Бұл он мыңдаған адамға жұмыс берді. Сол шара барысында «Қазақалтын Технолоджи» компаниясы Ақсу ауылындағы алтын өндіру фабрикасының тұсауын кессе, Ақтөбе облысындағы машина жасау және мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбыр шығаратын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС зауыты іске қосылды. Осы сияқты тұсауы кесілген қаншама жоба халық игілігіне жұмыс істесе, құба-құп.
Ал «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі түрлі инвестициялық жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік берді. 2015-2017 жылдар аралығын қамтыған жобаның алғашқы кезеңінде 3,1 трлн теңгенің 378 жобасы іске қосылды. Ал 2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн теңге болатын 100 нысан қатарға қосылса, бұл 13 мың адамды жұмыс орнымен қамтыды. Бұл дегеніңіз нәтижелі көрсеткіш. Ал индустрияландыру бағдарламасы іске қосылған жылдары шамамен 6,6 трлн теңгеден астам соманың 1 148 жобасы іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылғанын айта кеткен жөн. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында 3 трлн теңгенің 770 жобасы іске қосылды.
Елімізде өндіріс ошақтары шоғырланған өңір көп. Олар Жамбыл, Түркістан, Павлодар, Қызылорда, т.б. Қазіргі таңда инвесторлардың көңілі негізінен Түркістан облысына ауып отыр. 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанған қасиетті шаһарға атбасын бұратындардың да, инвестиция құюға ниеттілердің де саны артуда. Былтыр Түркістан қаласында өткен инвестициялық және туристік форумға арнайы келген 250-ден астам делегаттың кейбірі екіжақты меморандумға қол қойды. Бір айта кетерлігі, бір ғана 2017 жылдың өзінде бұл өңірге 482 млрд теңге шамасында инвестиция құйылған. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсіп саласына 129 млрд теңге көзделді. Мұны реттейтін арнайы TURKISTAN экономикалық аймағы жұмыс істейді. Нәтижесінде өңірге 1700 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестиция тартылатын болды. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан жалпы 2 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция құю көзделген. Бұл болашақта қаланың түрленіп, туристер тартуына да едәуір септігін тигізбек.
Ал таяуда Түркістан облысында маңта өңдейтін зауыттың іргетасы қаланды. Шардара ауданында орналасқан кәсіпорын 2021 жылы іске қосылып, мақтаны өзімізде тазалап, өңдейтін болады. 896 млн теңге көзделген жоба жылына 20 мың тонна өнім бермек. Болашақта зауыт ТМД мен Еуропа елдеріне 3,6 мың тонна мақта экспорттайды. Айта кету керек, осы соманың 30 пайызын өзбекстандық инвестор құйған.
Инвестор тартуға тиімді өңірдің бірі – Жамбыл облысы. Мұнда алдағы уақытта 600 млрд теңгеге лайықты 46 жоба жүзеге аспақ. 2015-2019 жылдарға арналған Жамбыл облысында қолдау картасы бойынша 601,5 млрд теңгенің 46 жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады. Бұл жобалардың нәтижесінде 6,6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Таяуда ғана жыл соңына дейін құны 1,6 млрд теңге болатын сұйытылған табиғи газ өндіру зауытын іске қосу жоспарланғаны белгілі болды. Бұл кәсіпорын жылына 70 мың тонна өнім өндірмек.
Бүгінде өңірде сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын Италияның «FRAU IMPLANTI» компаниясының соңғы үлгідегі құралдарымен жабдықталған. 1,6 миллиард теңгеге бағаланған жобаның жетекшісі Әбдіғали Бегімбетов тәулігіне 80 тонна сүт өңдеуге қауқарлы екендігін айтады.
Ал жылына 2100 тонна өнім өндіретін «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құраған. Қазір фабриканың жоба құны 850,0 миллион теңге болатын екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Сол кезде фабриканың жылдық қуаты 4500 тоннаға жетпек.
Өңірдегі тағы бір нысан – Сарысу ауданындағы ас тұзын өндіретін және өңдейтін «Асыл тұз» компаниясы» ЖШС. Жоба құны 710 млн теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 50 мың тонна тұз өндіреді. Зауыт 100-ге жуық еңбек адамын жұмыспен қамтып отыр.
Сондай-ақ, осыдан екі жыл бұрын тұсауын кескен Қаратау қаласындағы мәрмәр ұнтағын шығаратын зауыт жылына 110 мың тонна мәрмәр өнімін беруде. 1 миллиард 946 миллион теңгеге бағаланған жоба 60 маманды жұмыспен қамтыды. Бүгінде кәсіпорын басшылығы өнімді Кедендік одаққа мүше мемлекеттерге экспорттауды қолға алды. Өндіріс орны толығымен автоматты, цифрлы жүйеге көшкен. Жаңа технология сапалы өнім алуға септігін тигізуде. Нәтижесінде өнімділік қуаты да екі есеге дейін артқан.
Тағы бір жағымды жаңалық – Жамбыл облысында 216 млрд теңгеге карбамид өндіретін зауыт салуды жоспарлаған Қытай инвесторлары білек сыбануда. 216 млрд теңгеге бағаланған жоба бойынша алғашқы жұмыстар сәтті аяқталған. Бұл жобалар өңірде жүзеге асатын 46 жобаның бір парасы ғана. Егер жаңа кәсіпорындар іске қосылып, аяғынан тік тұрып кетсе 6 жарым мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Сол сияқты Ақтөбе облысы да инвесторлар үшін қолайлы аймақ. Жуырда өңірде лифт шығаратын зауыттың құрылыс жұмысы басталды. Құрылыс жұмысы 202 млн теңгеге бағаланған белорусиялық лифт жабдықтарын құрастыру зауыты осы жылдың қараша-желтоқсан айларында іске қосылады. Кәсіпорын жылына 300 лифт шығарамыз десе, оны ішкі нарықта сату да көзделген. Егер зауыт сәтті жүзеге асса, келешекте еліміздегі жеделсаты кешендері отандық лифті жабдықтарымен қамтамасыз етілмек. Әуелгі кезекте құрастыру цехы жұмыс істейді. Керек-жарақтың бәрі Белоруссиядан тасымалданады.
Мұнымен қоса, қытайлық Shengyuan Tehnology компаниясы «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-пен бірлесіп, ақтөбелік арматура өндірісіне 340 млн теңге құймақ. Қаржыны құйған қытайлық компания жоба аясындағы талаптар мен ережеге сай жұмыс істейді. Жылына 20 дана бекіткіш арматура шығаратын зауыт өнімін жергілікті өңірге ғана емес, жақын елдерге де шығармақ. Бұл салада тәжірибесі мол Shengyuan Technology компаниясы 2003 жылдан бері танымал.
Ақтөбе облысындағы «Altyn EX» ЖШС тау-кен байыту комбинаты мен Жаңатаң ауылындағы «Газ процессинг компани» ЖШС газ өңдеу зауыты құрылысының жобасы сәтті іске қосылды. Бүгінде ілеспе мұнайды өндіріп, одан күкір сутегін алатын СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ газ өңдеу зауытының әлеуеті де жоғары. 400 млн тонна хром элементі қоры бар өңірде табиғи байлықтың түр-түрі көп.
Ал Батыс Қазақстан облысында жалпы көлемі 38 млн теңгенің өндірісі іске қосылмақшы. Оның қуаттылығы жылына 480 мың бірлік. Жергілікті жердің кәсіпкері инвестор болған жоба 38,3 млн теңгеге бағаланды. Жоба 2020 жылы толыққанды іске қосылады. Бұл өңірдегі «Конденсат» АҚ зауытында K5 экологиялық санатының бензинін шығару іске қосылды. 2017 жылы зауыт жылына 850 мың тоннаға дейін өнім беріп, 2018 жылдың маусым айында дизель отынын K5 экологиялық санатына дейін гидротазартатын қондырғысын шығарды. Ал зауытты реконструкциялауға 200 млн АҚШ долларынан астам құйылды. Айта кету керек, мұнда Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 7 млрд теңгеге 262 жұмыс орнын құрумен 7 жоба іске асырылды.
Елімізде Индустрияландыру жобасы дер кезінде қолға алынып, талай қанатқақты жобаның жүзеге асуына мүмкіндік берілді. Жаңа технологияның көмегі арқылы электронды жүйеге көшіп жатқан өндіріс орындары мен кәсіпорындардың қуаттылығы да жоғары. Болашақта өндіріс ошақтары осы қарқынмен жұмыс істеуін тоқтатпаса, оларға ағылатын инвестицияның да көлемі артады. Ол үшін сапалы өнімді экспортқа шығару басты мәселе. Бұл тұрғыда бізге экономикалық әріптес болып келе жатқан елдердің тәжірибесі көмекке келеді. Оның бірі – Қытаймен арадағы тауар айналымы былтырғы жылдың алғашқы жартысында 13 пайызға артқан.
Демек, Қазақстан үдемелі-индустриялық жобаны жүзеге асырудың алғашқы баспалдақтарынан өтті. Ендігі кезекте бүкіл ел болып ашқан, яғни тұсауын кескен өндіріс орындарын аяқтан тұрғызып, әрі қарай аясын кеңейтуге мүмкіндік жасау керек. Ол үшін жобаның өміршең екендігін дәлелдеп, халықаралық форумдарда қорғау қажет. Егер жоба болашағынан үміт күттірсе, оған шетелдік инвесторлар да қаржы құюға сөзсіз келіседі. Бұл біріншіден, жергілікті жердің экономикалық-әлеуметтік ахуалын түзесе, екіншіден қаншама адамға жұмыс көзі.