Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Несие төлегенде шығынға батпаудың жолдары

Несие төлегенде шығынға батпаудың жолдары

Менің өмірім несиемен байланысты. Ақша керек болса, дереу банкке жүгіріп қазір несиеқұмар боп алдым. Несиені көбіміз «жүз мың алып, екі жүз мың қып қайтару» деп түсінеміз. Алайда, жолын білсең, ұтылмауға болады. Төменде өзім қолданып көрген және естіп, оқып білген әдістер жөнінде баяндаймын.

Мерзімінен бұрын өтеу әдісі

Бір күні маған тез арада елу мың теңге керек болды. Досымнан сұрап едім, ертең берем деді. Ал, менде күтетін уақыт жоқ. Дереу үйдің жанындағы банкке барып, несие алдым. Бір айға жеткізбей төлеп тастадым. Қарызым 50800 (елу мың сегіз жүз теңге) болыпты. Егер біреуден алсам, ары-бері таксиге бұдан да көп шығынданатын едім. Кейбір банктерде мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл болады. Оны сіз барлық соманы ертерек қайтарып берсеңіз, жоғалтатын пайыздарының орнын жабу үшін шығарған. Банктер мерзімінен бұрын өтеуге негізінен 6-12 айға мораторий жариялайды (несие алған сәттен бастап). Егер несиені мерзімінен бұрын жапқыңыз келсе, банкке арнайы өтініш жазып, алдын-ала ескерту керек. Сонда банк сізге қалған соманың мерзімінен бұрын өтелетін нақты есебін ұсына алады. Және бұндай жағдайда ешқандай комиссия бойынша төлемдерді қайтарып алу мүмкін болмайды.

Қайта қаржыландыру немесе бір несиені екіншісімен жабу

Шынымды айтсам, бұл әдіске жүгініп көрмеппін. Мамандардың айтуынша, шынымен оңтайлы әдіс. Банктер пайызы азырақ несие желілерін қалыптастыра отырып, бәсекелестерінің клиенттерін қуана-қуана қабылдап алады. Стандарт нұсқа – сіз 2017 жылы жазда 27 пайызбен несие алдыңыз. 2018-дің соңында басқа банк мөлшерлемесі 20% несие желісін шығарды делік. Ақылды қарызгер не істейді — азырақ пайызбен қарыз алады да, осы сомамен пайызы көбірек несиені мерзімінен бұрын жауып тастайды. Сосын басқа банкке несиесін төлеуді жалғастырады, әрине, әлдеқайда шүкір талаптармен. Банктер пайызы азырақ несие желілерін қалыптастыра отырып, бәсекелестерінің клиенттерін қуана-қуана қабылдап алады дедік. Және мұнда клиенттің, яки сіздің жақсы несие тарихыңыз және тұрақты табысыңыз болғаны маңызды. Қайта қаржыландыруға басты дәйек — қаржылық қиын жағдай емес, қарыз жүктемесін түсіруге, ақша үнемдеуге деген ниет.

Қайта несиеленуге банк таңдағанда неге назар аудару керек:

  • Қосымша қызметтерден аулақ болыңыз, ойлаған үнеміңізді жеп қоюы мүмкін;
  • Өзіңіз төлейтін пайыздардың есептік сомасын бағалаңыз — бұл соманы төлемдер кестесінде жазады. Егер аннуитет жүйесі таңдалса, төмен мөлшерлеме мен ай сайынғы жарнаға қарамастан, жаңа банкіңізде бұрынғыдан гөрі көбірек төлейтініңізді байқауға болады. Бұл жаңа банкіңіз сізге ұзақ мерзімге қарыз ұсынса өзекті болады.

Борыштың құрылымын қайта қарау әдісі

Борыштың құрылымын қайта қарау, яғни реструктуризация — өзіңіздің сол баяғы ескі банкіңізде несиенің шарттарын өзгерту. Егер сіз бір талаптармен несие алып, ал кейін, біраз уақыттан соң банк несие желісінің шарттарын түзетіп, сіз сол пайдадан құр қалсаңыз, тиімді әдіс. Ондайда банкке борыштың құрылымын қайта қарауға өтініш беру керек. Бұл банктер тарапынан көбіне қолдау табады, себебі, олар келіспесе, сіздің басқа банкке кетіп қалатыныңызды түсінеді. Біз жоғарыда айтқандай, қайта несиелендіру арқылы. Банк мына жолдарға келісуі мүмкін: қайта қаржыландыру жасау — бірінші несиеңіз сол бір банктен алынған екінші несие есебінен жабылады.

Борыштың құрылымын қайта қарау— талаптарды өзгерту. Бұл ең тиімді нұсқа, өйткені, қайта қаржыландыру кезінде сіз жаңа несие аласыз, оның комиссияларын төлейсіз, онда мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыппұлдар болуы мүмкін, т.с.с. Бұл да шығын. Ал құрылымын қайта қараса, сіз бұрынғыша өз несиеңізді төлейсіз, бірақ тиімді шарттармен. Борыштың құрылымын қайта қарау талаптарымен танысып жатқанда, жіті болып, қосымша қызметтер жөніндегі үгіттерге ермеңіз, ондай қызметтер де ақша жейді.

Похожие материалы