Финдердің Nokia телекоммуникациялық жабдық өндірушісі франциялық бәсекелесі Alcatel-Lucent компаниясын сатып алуға қатысты келіссөздер жүргізуде деп хабарлады компания сейсенбі күні.
"Келіссөздер жақсы жүріп жатыр, бірақ мәміле жасалынбай қалу ықтималдығы да бар", - деп мәлімдеді компания өкілдері.
Қазір "толықтай бірігу" нұсқасы қарастырылуда, бұл жағдайда фин компаниясы Alcatel-Lucent акцияларын жария офертаға шығаруы тиіс болады.
Nokia мен Alcatel-Lucent біріккен жағдайда шведтердің Ericsson-ы мен қытайлық Huawei Technologies компаниясымен бәсекеге түсетін жаңа әлемдік лидер пайда болмақ.
2014 жылдың қорытындысы бойынша Nokia мен Alcatel компанияларының біріктіріп санағандағы табысы 25,9 млрд евро болар еді, ал қызметкерлер құрамы - 100 мың адам. Салыстыру үшін айта кетейік, өткен жылы Ericsson табысы 25,1 млрд евро болды, ал Huawei-дің телекоммуникациялық жабдықты шығаратын бөлімшесінің пайдасы - шамамен 23,6 млрд евро.
Бүгінгі таңда Nokia-ның нарықтағы құны - шамамен 28 млрд евро, ал Alcatel-Lucent-тің бағасы - шамамен 11 млрд евро.
Бірігу туралы жаңалық шыққаннан соң Nokia акцияларының бағамы сейсенбі күні сауда басталғанда 6,6%-ға түсіп кетті, бұл ретте Alcatel-Lucent қағаздарының бағасы 14%-ға жоғарылады.