2015 жылғы сыртқы факторлар Қазақстан экономикасына айтарлықтай өзгерістер әкелді. Тиісінше, бұл еліміздің әр өңіріндегі экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерге ықпалын тигізді. 7kun.kz 14 облыс пен Алматы, Астана қалаларының өткен жылғы нәтижелерін анықтап көрді.
Қазақстандағы халық саны бойынша ең көп шоғырланған жер - Оңтүстік Қазақстан облысы. Екінші орынды Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысы иеленді. Ал халық саны аз облыстар қатарына Солтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары жатты.
2016 жылғы мемлекеттік бюджеттен облыстық, Алматы және Астана қалаларына жергілікті атқарушы органдарға 1 092 734 928 мың теңге бөлінген. Ең көп қаржы Астана қаласы (118 334 990 тг), Алматы қаласы (108 530 380 тг) және Оңтүстік Қазақстан облысына (142 433 976 тг) тиесілі болса, ең аз үлес Атырау, Маңғыстау және Солтүстің Қазақстан облыстарының еншісінде.
2015 жылдың 4 тоқсанындағы ҚР-ның өңірлері бойынша жұмыссыздық деңгейі төмен облыстарға Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Маңғыстау және Қостанай облыстары жатады.
Сонымен қатар, 2015 жылғы Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша ең жоғары орташа айлық жалақы көлемі Маңғыстау, Атырау облыстары және Астана қалаларында. Ал ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында беріледі екен.
Статистикалық деректер ҚР Қаржы Министрлігінен, ҚР Ұлттық Экономика Министрлігі Статистика Комитеті мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрлігінен алынды.
Жұлдыз ЕРІК "7"