Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мамыр айында, өздерінің министрлер конференциясының алдында, ұйым құрамына кірмейтін мұнай өндіруші елдердің өкілдерімен кездесу өткізеді деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
12-13 мамыр күні Венада өтетін кездесуге Ресей, Оман, Мексика елдерінен техникалық сарапшылар қатысады. Консультация барысында дүниежүзілік мұнай нарығының жағдайы талқыға салынады.
"Біз әрдайым ОПЕК-пен байланыстамыз, мұнай нарығындағы жағдайды, қатпарлы мұнай дамуын, мұнай өңдеу саласын, салық салудағы өзгерістерді талқылаймыз. Бұл қалыпты процесс", - деп мәлімдеді РФ энергетика министрі Александр Новак.
ОПЕК қараша айында мұнай бағасының екі есе құлдырауына қарамастан өндірісті қысқартпау шешімін қабылдаған-тын, бұл ретте ұйымға мүше мемлекеттер бүгінгі таңда белгіленген квоталардан тәулігіне 1 млн баррель мұнайды артық өндіріп жатыр.
Сәрсенбі күні мұнай арзандап жатыр, Brent маркасы барреліне $64,54 бағамен сатылып жатыр. Жыл басынан шикізат құны 13%-ға өсті.