Жыл өткен сайын шет елге жұмысқа кетіп жатқан қандастарымыздың саны артып отыр. Күнкөріс үшін қара жұмысқа келісіп жатқандар да, өз мамандығымен еңбек етіп жүргендер де бар. Олардың дені Еуропа, Оңтүстік Корея немесе мұхит асып Америкаға аттанады. Аталған елдерден бөлек Таяу шығыс, оның ішінде Иран еліне де санаулы азаматтар жұмыс барысымен уақытша қоныс аударған.
Елден жырақта жүрген қандасымыздың бірі Гауһар Омарханова Иран Телерадио бірлестігінің қазақ бөлімінде қызмет етеді. Шағын сұхбатымызда ол аударма ісі, парсы тілі, иран мәдениеті мен тіршілігі туралы ойымен бөліскен еді.
Гауһар шығыс өңірінің тумасы, 7-сыныпқа дейін Шаған ауылында оқыған. Кейін Алматыдан шақырту алып, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа қабылданданады. Мектепті Алтын белгімен бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті, «Иранистика» мамандығын тәмамдаған. 6 жыл оқуының арасында Тегеранда 1 жыл оқиды.
Білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырған кейіпкеріміз сол бір сәттері туралы естелігін былайша әңгімелеп берді: «Алматыдағы оқуымды аяқтаған соң біраз уақыт Иран елшілігінде аудармашы болып қызмет еттім. Қазақ жаңалықтарын парсы тіліне аударып отыратынмын. Кейін Иран мәдени өкілдігі арқылы Тегеранның «Парсы тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түстім. Оқып жүріп Иран телерадио бірлестігінің Қазақ радиосында аудармашылықпен айналыстым. Ал оқуымды толық бітірген соң, аталған жұмыс орнына келісімшарт бойынша жұмысқа орналастым. Міне, содан бері 5 жыл қызмет етіп келемін».
«Ирандағы бір күн»
Қазақ радиосы жұмыс істеп тұрған жылдары (1996-2018 ж.ж.) күніне 1 сағаттық тікелей эфир болатын. Қазір біршама елдерге таратылатын радио қысқартылып, тек сайт ретінде жұмысын жалғастыруда. Радио болған кезде аударма мен дикторлықты қатар алып жүрдім. Ол уақытта штатта бірнеше адам болатын әрі екі адамнан кезек-кезек шығып тұратынбыз. Радионың жұмысы тоқтағалы бір жыл болды. Қазір parstoday.com сайтында аудармашы болып қызмет етемін. Бұл сайт Иранның мәдениетін, тарихын, әдебиетін, экономикасын, саясаты мен саяси ұстанымы жайында 30-дан аса тілде онлайн жаңалық тарататын ирандық ақпарат сайты. Менің басты міндетім – Иранға қатысты барлық дүниелерді парсы тілінен қазақшаға аударып, материал дайындау. Қазіргі тақырыптарым: Иран базары, Иранның танымал тұлғалары, Құран-кәрімдегі исламдық ойлар. Осы тақырыптарға қатысты бағдарламаларды бітірген соң келесісіне ауысып отырамын.
Қаланың қарбалас тіршілігіне байланысты әр күнім жоспарлағанымдай өтпейді. Десе де күнделікті міндетті түрде таңертең жүгіремін, бағдарламаларды аударамын, кешкісін кітап оқимын. Сондай-ақ, әр түрлі мәдени шараларға шақырту алып тұрамын. Уақытымның босағанына байланысты олардың бірін де жібермеуге тырысамын.
Шетелде нан табудан басқа не істеймін?
Ешкімге менің жұмысым қызықты емес. Инстаграмнан көретіндей, адамдар көбіне менің мəдени өміріме көбірек көңіл бөледі. 2011 жылдан бері жылда көктемде қазақ студенттермен бірге Тегеран университетінде өтетін «Ұлттар күні» атты халықаралық фестивальға қатысып, Қазақстанды танытып жүрмін. Мəдени салада мақтанып айтар жетістігім - осы. Мысалы, қазір бұл университетте Қазақстаннан келіп, оқып жатқан студент жоқ, бəрі бітіріп кеткен. Бірақ мені үнемі фестивальға шақырып, Қазақстанға төрден орын береді.
Мәдени ерекшеліктер
Иран тұрғындары өте мейірбан, қонақжай халық. Елдің жабық саясат ұстанатындығынан да болар, кез-келген шетелдікке қуана қарап, дос болғысы келеді. Көмек қолын созуға даяр. Өз басым Иранның қалыпты тіршілігіне үйренуде қиындық көрдім деп айта алмаймын. Жалпы шетелдіктерге мұнда өмір сүру қиын деуге келмейді. Ислам мемлекеті болғандықтан барлығы орамал тағуы керек, сол себепті де келушілердің ішінен әйел адамдарға басында ыңғайсыз болуы мүмкін. «Мағне» деп аталатын кимешекке ұқсас орамал бар, өте ыңғайлы. Өзім осы орамал түрін ұнатамын, көбінесе соны киемін. Мен үшін мұндай мәдени ерекшеліктің оғаштығы жоқ.
Иран өз өркениетімен мақтанатын халық
Өздерін ежелгі заманнан бастау алатын, тарихы тереңде жатқан текті халық санайды. Орта ғасырда Иран өркениеті батыс елдерімен, басқа да елдермен салыстырғанда жоғары болғаны даусыз. Бір ғана Тегеранда дәстүрге айналған, әр көктем сайын өтетін кітап көрмесінен-ақ халықтың өз мәдениетіне қаншалықты берік екенін аңғаруға болады. Парсылардың мақтанып айтатын мәтелі бар: «Бүкіл өнер түрі - ирандықтарда» деген. Қолөнердің, көркем өнердің барлығын ерекше ынтамен, ерекше шеберлік нәзіктікпен жасап шығады. Оны дәріптеп, ұлықтауда, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтауына ерекше көңіл бөледі. Ирандықтардың өз мәдениетіне жанашырлық тынытып, құрмет көрсетуіне қайран қаласың. Дәл осы қасиетін біз де бойымызға дарытсақ артық емес деп ойлаймын.
Ирандағы қазақтар
Мен алғаш ирандық қазақтармен Қазақ радиосына жұмысқа қабылданғанда таныстым. Менімен қатар істейтін қазақ отбасы еді. Қазір де араласып, Горгонға да барып тұрамыз. Сол кісілердің арқасында жергілікті қазақ диаспорасы жайында көп нәрседен хабардар болдым.
Иран - көп ұлтты мемлекет. Диаспоралардың ішінде сан жағынан ең азы – қазақтардікі. Тіпті есепке кірмейді, жеке дара ұлт ретінде санатқа алынбай жатады. Елдің ішкі саясаты бойынша бір ұлт, бір тілге ғана айрықша басымдық көрсетіледі. Барлық мемлекеттік мекеме, оқу орындары парсы тілінде және адамдар тек парсы тілінде сөйлеп, қандай ұлт болғанына қарамастан ирандық деп аталуы керек. Бәрі –ирандық. (Негізі саясаты дұрыс, үлгі алуға боларлық деп ойлаймын). Ел ішінде біртұтастықты бұзбау мақсатында ешбір ұлтқа өз мәдениетін дамытуға мүмкіндік берілмейді. Сан жағынан басым болып табылатын әзірбайжан диаспорасының өзінде де жеке мектеп не мәдени орталық жоқ. Оның барлығы ерекша рұқсатпен ғана жүзеге асады.
Горгонда тұратын қазақтар үшін мәдени шаралар өте аз. Абай орталығын ашуға ниетті едік, үкіметтен рұқсат ала алмадық. Қазақстаннан оқулықтар, кітаптар жіберіліп тұрады. Алайда кириллицаны танымағандықтан оларды оқу жағынан қиындықтар туып жатады. Оның үстіне қаріпті үйретіп, мұндағы қазақтармен жұмыс жасайтын арнайы мамандар жоқ. Латынға көшкен соң бұл проблема шешілетін шығар деп үміттенемін.
Қазақстандағы қазақтармен салыстырғанда жақсы, ал ирандықтардың өзімен салыстырғанда мұндағы қазақтың қалы орташа деуге болады. Жоғары билікке шықпайды, тек жергілікті деңгейде дамуға мүмкіндік беріледі.
Парсы тілін оқу керек пе?
Парсы тілін таңдағанда жақындарым жұмыс таба алмай қаларсың-ау деп уайымдаған. Бірақ оқу бітіре салысымен бірден жұмыс таптым, осы уақытқа дейін парсы-қазақ тілдерінің арқасында нанымды тауып жүрмін. Тіл білудің, парсы тілін білудің артықшылығы мол. Қазақтың тарихын, әдебиетін пайымдау үшін, одан бөлек халықаралық байланыс орнату үшін де пайдасы бар. Сондай-ақ, тарихи зертеу жұмысымен, ғылыммен айналысам деушілерге де жақсы. Әдебиетімізге келер болсақ, қазір мен Абайды оқып жүрмін. 19 ғ. өлеңдерді оқысам, көп жайтты «сөздіксіз-ақ» түсінемін. Қазақ пен парсыға ортақ сөздер, парсы тілінен енген сөздер өте көп. Жай адам Абайдың кей өлеңін түсінбеуі мүмкін. Сол үшін әдебиетпен, әдеби зерттеумен айналысқысы келетін адамға парсы тілін білу аса қажет. Ал енді экономика жағына келер болсақ, Иран - өте бай мемлекет. Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы алпауыт мемлекетке айналып отыр. Оның әлем халқы үшін де, Орта Азия үшін де ықпалы зор. 40 жылдық санкцияға қарамастан барлық саласын дамытқан. Әр түрлі елге тауар экспорттауда. Соның бір тармағы ретінде Қазақстанмен де байланысы бар. Сол себепті де аудармашыларға ұсыныс, сұраныс көп. Бизнес саласында жүрген адамдарға түсіндіріп берушілер керек. Парсыны білетін мамандар бизнес саласында өте қажет. Сондықтан, парсы тілін білетін адам жұмыссыз қалмайды.
«Елден қашып, шетелде шалқып жүр»
Кейінгі кезде əлеуметтік желілерде «елден қашып, шетелде шалқып жүр» деген пікірлер көп жазылды. Соларға айтарым: Құдайға шүкір, көп қазақ шетелге мамандық бойынша келісімшарт негізінде жұмыс істеу үшін кетеді. Басқа елдің тұрмысымен танысу өз еліңдегі артықшылықтар мен кемшіліктерді көбірек тануға көмектеседі. Басқаша өмір сүруге болатынын көрсетеді. Мысалы, Иранда ішкі туризм өте жақсы дамыған. Наурыз мейрамына орай 13 күн демалыс кезінде елдің оңтүстігіндегі тұрғындар солтүстікке, солтүстіктегілер оңтүстікке ағылып, жыл сайын жоспарлы түрде бағыттарын өзгертіп, елдің түрлі жерлерін аралайды. Иранда жол айнадай, жол бойындағы демалыс тұрақтары толық жарақталған. Мұны көріп, мен де жылда Семейге барғанда туыстарыммен бірге əртүрлі бағытта саяхаттайтын болдым. Олардың бұған үйреніп қалғаны сонша, «Гауһардың келесі демалысында анда-мұнда барамыз» деп жоспарлайтын болды. Бұл жақсы ықпал деп ойлаймын. Өйткені, өкінішке орай, əзірге мен Қазақстанның көрнекті жерлерінен Иранның тарихи-табиғи тартымдылықтарын көбірек көрдім. Жыл сайын бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүрмін.
Тегеран мен Алматының айырмашылығы жоқ
Қазақстанға жылына бір рет демалыс уақытында келіп тұрамын. Мектеп кезінен бастап жырақта жүріп үйреніп қалғаннан болар, мен үшін Тегеран мен Алматының айырмашылығы жоқ сияқты көрінеді. Өзімді сыртта жүрген адам сияқты сезінбеймін. Жұмысым, араласатын ортам қазақ тілді, жазатын материалдарым Қазақстан мен Иран туралы. Мүлдем алшақтық сезінбеймін.
Жұмысымыз келісімшартқа сәйкес ұзартылып отырады. Жалғастыру не жалғастырмау өз еркімде. Қалаған уақытымда кете берсем болады. Болашақта елге қайту жоспарда бар. Соңғы кезде тарих, этнология институттарынан жұмысқа шақырту болды. Бірақ жеке кәсіппен айналысқым келеді. Ол енді уақыттың еншісінде. Әзірге жұмысым – аудармашылық.
Күлпаш Шынбат,
«Азаматтық журналистер» жобасы