2016 жылдың ерекше оқиғасы әрі саясаттағы тосын жаңалығы – «пост-факт» әлемінің қалыптасуы болды. Бұл әлемде ең беделді деген ақпарат көздерінің барлығы күдікке ілініп, оларға сапасы мен дереккөзі күмәнді ақпарат қарсы қойылатын болды.
1990-жылдары Интернеттің және әлемдік ғаламтор жүйесінің (www) пайда болуы бостандықтың белгісі, жаһандағы демократияның игілігі ретінде бағаланды. Ақпарат деген – билік, ал ақпарат арзан әрі қолжетімді болған сайын демократияшыл халық бұған дейін оқшауланып келген салаларға араласа бастайды деген үміт болды.
Украинадан Бирма (Мьянма) мен Мысырға дейінгі әлемнің түкпір-түкпіріндегі демократиялық «түрлі-түсті революцияларға» себепкер болып, бұқараны жұмылдырған 2000-жылдардың басындағы әлеуметтік медианың дамуы бұл процесті жеделдете түскендей еді. Ақпаратты бірінен біріне тіке жеткізетін әлемде көбіне репрессивті авторитар мемлекеттерден тұратын «ақпарат қожайындарының» дәурені өтті.
Бұл позитивті суреттеу шындыққа жанасады, дегенмен, бұл құбылыстың көлеңкелі тұсы да байқалып келеді. Әлгі авторитар күштер Интернетті бақылауды үйреніп, диалектикалық тәсілмен жауап қатып жатыр. Мәселен, Қытайда ондаған мың цензор жұмыс істейді, ал Ресейде тролль топтары жұмысқа алынады немесе боттар әлеуметтік медианы жағымсыз ақпаратпен толтырады. Бұл трендтердің барлығы 2016 жылдан айқын байқалып, сыртқы және ішкі саясаттың арасын жалғап жіберді.
Ресей әлеуметтік медианың ең басты манипуляторына айналған сыңайлы. Ресей үкіметі «украин ұлтшылдары кішкене балаларды керіп шегелеп тастады», «Украинаның үкімет күштері 2014 жылы Malaysia Airlines ұшағын атып құлатты» деген сияқты ойдан шығарылған өтірік «фактілерді» алға тартты. Дәл осы дереккөздер Шотландияның тәуелсіздігі, Брекзит, Нидерландыдағы Украинаның Еуроодаққа мүшелігі туралы референдумдар кезінде пікірталасты өршітіп, Еуроодақты қолдайтын күштерді әлсіретеді-ау деген күмәнді фактілерді зорайтып көрсетіп отырды.
Авторитарлық өкіметтердің жай кезде де жағымсыз ақпаратты қару ретінде пайдаланатыны бар, ал бұл тәжірибе АҚШ-тағы сайлау науқаны кезінде шарықтау шегіне жетті. Саясаткерлердің бәрі өтірік айтады, жұмсартып айтсақ, олар шындықты өз пайдасына қарай бұрмалап алады, бірақ Дональд Трамп бұл әдісті қолдануда бұрын болмаған жаңа биіктерді бағындырды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол президент Барак Обамаға «АҚШ-та тумаған» деп кінә артқан, тіпті Обама сөзін терістеп, туу туралы куәлігін жариялағаннан кейін де Трамп оны айыптауын тоқтатпаған.
Жақында болған АҚШ президенттігіне кандидаттардың пікірсайысы кезінде Трамп «Ирактағы соғысты ешқашан қолдаған жоқпын», «климат өзгеріп жатыр деген – жай миф деп айтқан емеспін» деп бет бақтырмады. Сайлаудан кейін ол жалпыхалықтық дауыс беруде де жеңіске жеттім деді (шындығында ол екі миллион дауыс аз алған). Бұл – фактілерді жай ғана көлегейлеу емес, оп-оңай әшкерелеуге болатын нағыз өтіріктің өзі. Осыны өзеурей дәлелдегенінің өзі – жаман нәрсе, бірақ ең жаманы - бұл сорақы өтірікті қайталап айтқаны үшін республикалық партиядағы сайлаушылары оны мүлде жазалаған жоқ.
Ақпарат бостандығын жақтаушылардың айтуынша, жаман ақпаратты жеңудің жалғыз қарапайым әдісі – оған жақсы ақпаратты қарсы қою. Сонда идеялардың нарығында ол өзі-ақ жоғары көтеріледі. Өкінішке қарай, тролльдар мен боттар үстемдік құрған әлеуметтік желі дәуірінде бұл әдіс жақсы жүзеге аспайды. «Туиттер» қолданушылардың үштен бірінен ширегіне дейін осы категорияға жатады деген болжамдар бар. Интернет бізді «ақпарат қожайындарының» құрығынан құтқарады деп ойлағанбыз. Шынымен де, қазір ақпарат бізге сенімділігі деңгейлес түрлі дереккөздерден келеді. Жақсы ақпараттың жаман ақпаратты жеңеріне еш негіз жоқ.
Жекелеген өтіріктер және олардың сайлау нәтижесіне ықпалы тақырыбынан да маңызды мәселелер бар. Көпшілігін тексеріп көруге мүмкіндігіміз өте шектеулі екенін біле тұра біз неге кез келген фактінің құдірет-күшіне сенеміз? Оның себебі - біз сенетін фактіге негізделген ақпаратты жариялап отыратын бейтарап институттар бар. Америкалықтар қылмыс жөніндегі статистиканы АҚШ Әділет департаментінен, ал жұмыссыздық туралы мәліметтерді Еңбек статистикасы бюросынан алады. New York Times сияқты дәстүрлі ақпарат құралдарының біржақты кетіп, Трампқа қарсы шыққаны рас, бірақ оларда сорақы факт қателерінің газет бетіне шығуына жол бермейтін жүйе бар. Ал Мэтт Драдждың немесе Breitbart News-тің өз веб-сайттарында жарияланатын материалдың растығын бақылап отыратын тексерушілер тобы бар екеніне үлкен күмәнім бар.
Ал Трамптың әлемінде, керісінше барлығы саясиланған. Науқан кезінде ол «Джанет Йелленнің Федералдық резерві Хиллари Клинтонға жұмыс істеп жатыр» деді, содан кейін «сайлау бұрмаланады» деді, «ресми органдар қылмысты әдейі мардымсыз етіп көрсетіп отыр» деді, «ФТБ-ның (Федералдық тергеу бюросы) Клинтонға айып тағудан бас тартуы оның ФТБ директоры Джеймс Комимен жең ұшынан жалғасқанын дәлелдейді» деді. Ол, сонымен бірге, барлау мекемелерінің «»Демократиялық ұлттық комитетке хакерлік шабуыл жасады» деп Ресейді айыптаған пікірін де жоққа шығарды. Сосын, әрине, Трамп пен оның жақтастары, «дәстүрлі медиада» жарық көрген мақалалардың барлығын «көзсіз бұрмаланған» деп, жанталаса терістеп бақты.
Фактілердің негізі бойынша ұйғарымға келе алмау – АҚШ пен Ұлыбританиядағы және бүкіл әлемдегі демократиялық институттарға теңдей жасалған шабуылдың кесірі. Демократияның проблемасы да осы жерден басталады. АҚШ шын мәнісінде институционалдық тұрғыда қожырап жатыр, мұнда ықпалды мүдделі топтар сайлау науқанын шексіз қаржыландыру арқылы өздерін қорғауға мүмкіндік алған. Бұл қожыраудың басты ошағы – Конгресс, ал жаман әдет кең тараған сайын заңдылыққа айнала береді. Сондықтан, қарапайым адамдардың наразылығы орынды.
Сонда да, сайлау науқаны «барлығы бұрмаланып, саясиланған, көзсіз жемқорлық жайлаған» деген сенімге қарай ойысты. Егер сайлау органдары сіз қолдаған кандидат жеңілді деп жарияласа, немесе басқа кандидат пікірсайыста басым түсіп жатса, бұл - қарсы жақтың нәтижені бұрмалау мақсатындағы қасақана конспирациясының кесірі. «Барлық институттар - жемқор» деген түсінік жаппай сенімсіздіктің тығырығына апарып тірейді. Америка демократиясы, жалпы демократия «бейтарап институттар болады» дегенге сенімнің жоқтығына шыдас бере алмайды, есесіне бөлшектенген саяси күрес өміріміздің әрбір саласына дендеп ене береді.
Автор туралы: Фрэнсис Фукуяма – Стэнфорд университетінің Демократия, даму және заң үстемдігі орталығының директоры және аға ғылыми қызметкері.